Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кенен мұрасын ұлықтаған музейге – 45 жыл

0 57

Қазақ халқының рухани әлемінде айрықша орны бар тұлғалардың бірі – Кенен Әзірбаев. Ғасырлар бойы жалғасқан сал-серілік дәстүрдің алтын арқауын үзбей жеткізген Кенен мұрасы – ұлт мәдениетінің асыл қазынасы. Оның әндерінен халықтың үні, елдің мұңы мен қуанышы, қазақ даласының кең тынысы сезіледі. Сондықтан Кенен мұрасын сақтау – тек бір тұлғаның шығармашылығын дәріптеу емес, тұтас ұлттың рухани болмысын келер ұрпаққа аман жеткізу.

Осы қасиетті міндетті абыроймен атқарып келе жатқан Қордай аудандық Кенен Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейі биыл өзінің 45 жылдық мерейтойын атап өтуде. 1981 жылдың 14 сәуірінде Дінмұхамед Қонаевтың арнайы тапсырмасымен ашылған музей бүгінде өңірдегі маңызды мәдени-рухани орталықтардың біріне айналды. Музейдің ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің қатысуы да бұл істің тарихи маңызын айқындай түсті.
Өзбекәлі Жәнібеков «Мәдениет – ұлттың мәйегі» деп бекер айтпаған. Шынында да, музей – өткеннің естелігін сақтайтын орын ғана емес, ұлттың тарихи жады мен рухани сабақтастығын жалғайтын тағылым ордасы.
Бүгінде музей қорында төрт мыңға жуық құнды жәдігер сақталған. Кененнің бала күнінде ұстаған домбырасы, Ахмет Жұбанов сыйлаған домбыра, ақынның тұтынған бұйымдары мен тарихи құжаттары – халқымыздың баға жетпес мұрасы.
45 жыл ішінде музей мыңдаған келушінің ұлттық өнерге деген құрметін қалыптастырып, тарихи танымын тереңдетуге үлес қосты. Осы жылдар аралығында музей ұжымы Кенен мұрасын насихаттау бағытында ауқымды жұмыстар атқарды. Республикалық көрмелер ұйымдастырылып, көшпелі экспозициялар арқылы Кенен мұрасы Астана, Алматы, Қызылорда, Тараз өңірінде таныстырылды.
18 мамыр – Халықаралық музей күніне орай музейде «Кенен мұрасы – ел мұрасы» атты ашық есік күні ұйымдастырылды. Шараға аудан тұрғындары, жастар, зиялы қауым өкілдері мен өнерсүйер қауым көптеп қатысты. Келушілер музей жәдігерлерімен танысып, Кенен шығармашылығы туралы тағылымды мағлұматтар алды. Тарих пен руханият жайлы мазмұнды пікірлер айтылды.
Көптеген іс-шаралардың біріне тоқталсақ, музейдің 45 жылдық мерейтойы қарсаңында ұжым халықаралық «Мәңгілік тұлғалар» фестиваліне қатысып, үлкен жетістікпен оралды. Бұл фестиваль – тарихи тұлғалардың мұрасын дәріптеп, рухани байланысты нығайтқан маңызды мәдени алаң болды.
Фестиваль аясында еліміздің әр өңірінен келген музейлер бас қосып, ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттады. Сәкен Сейфуллин музейі, Ілияс Жансүгіров музейі, Ғали Орманов музейі, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов музей-кешені, Әлия Молдағұлова музейі, Абылай хан резиденциясы және қырғыз елінің Тоғтоғұл Сатылғанов музейі секілді мәдени ошақтарының қатысуы фестивальдің халықаралық деңгейін айқындай түсті.
Фестиваль барысында Қордай аудандық К.Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің ұжымы сахналық көрініс арқылы тарихи оқиғаны көрерменге ерекше әсермен жеткізе білді. Атап айтқанда, 1939 жылы Жамбыл Жабаевтың арнайы Қордай өңіріндегі Иірсу шатқалында орналасқан Кенен ауылына келіп, Кенен Әзірбаевтың шаңырағында дүниеге келген ұлы Көркемжанға бата беріп, есімін қою сәті сахна төрінде қайта жаңғырды. Бұл көрініс көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, көпшілікке ерекше рухани әсер сыйлады.
Нәтижесінде музей ұжымы «Үздік тұлғалық образ» номинациясының жеңімпазы атанып, «Ата жолы» қоғамдық қорының арнайы сыйақысын иеленді. Бұл – музей қызметкерлерінің шығармашылық ізденісі мен ұлттық мұраға деген жанашырлығының айқын жемісі.
Фестиваль жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға ерекше әсер сыйлады. Осындай халықаралық рухани шараны ұйымдастырған Жамбыл Жабаев музейінің директоры, ақынның немересі Салтанат Жамбыловаға, музей ұжымына және Жамбыл ауданының азаматтарына шынайы алғысымызды білдіреміз.
Сонымен қатар фестивальге қатысуымызға қолдау көрсеткен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына да ерекше ризашылығымыз- ды білдіреміз. Осындай қолдаулар мәдениет саласының дамуына серпін беріп, музей қызметкерлерінің кәсіби тәжірибесін арттыруға үлкен мүмкіндік туғызады.
21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні – руханият саласында еңбек етіп жүрген жандардың мерекесі. Осы орайда мәдениет пен өнер жолында аянбай еңбек етіп жүрген барша сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймыз.

Айгерім ЖҰМАТАЕВА,
К. Әзірбаев әдеби-мемориалдық музейінің
көрме ұйымдастырушысы.
Қордай ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.