Халық арасында «Бала үй – базар» деген сөз бар. Расында, сәбидің алғашқы сөздері мен тәй-тәй басқан қадамы ата-анасы мен жақындарына ерекше қуаныш сыйлайды. Дегенмен, соңғы уақытта кейбір балалардың дамуы кеш қалыптасып жатқаны жиі байқалады. Бұл жағдай ата-аналар мен мамандардың алаңдаушылығын тудырып отыр. Себебі баланың сөйлеу және қозғалу қабілеті қалыптасуының кешігуі оның болашақта әлеуметтік қарым-қатынасына, оқу қабілетіне және жалпы дамуына кері әсер етуі мүмкін.
Бұл ретте мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балалардың зияткерлік, шығармашылық әрі әлеуметтік қабілеттерін қалыптастыруда балаларды дамыту орталықтарының рөлі зор. Осыған байланысты қазіргі елімізде балаларды дамыту орталықтары ашылып, қоғамда баланың жан-жақты дамуына айрықша мән беріліп отыр. Солардың бірі – Тараз қаласындағы «SERPIN» балаларды дамыту орталығы.
Аталған орталық балалардың жас ерекшеліктері мен жеке даму деңгейін ескере отырып, олардың сөйлеуін дамыту, танымдық қабілеттерін жетілдіру және қоғамға бейімделуіне қолдау көрсету мақсатымен 2022 жылы сәуір айында мемлекеттік тіркеуден өтіп, жұмысын бастаған. Бүгінде орталықта 14 педагог маман жұмыс істеп, 50-ге жуық бала тәрбиеленуде. Мекемедегі жүргізілетін жұмыстар қолданыстағы білім беру талаптарына сай ұйымдастырылып, заманауи педагогикалық әдістемелер негізінде жүзеге асырылады.
«SERPIN» балаларды дамыту орталығының негізін қалаушы Нұрила Жақсылықовамен тілдескенімізде орталық ашу туралы ой уақыттың талабы болғанын айтып, ағынан жарылды.
– Өз мамандығым аясында балалармен алғашқы жұмысымды үйімде, аз ғана жеке қаражатыма алынған ойыншықтармен бастадым. Балалардың алғашқы нәтижелерін көріп, шын жүректен қуанып жүрдім. Сол сәттен бастап ата-аналар бір-бірінен естіп, менің қызметіме жүгінетін болды. Уақыт өте келе қабылдауыма келетін балалар саны 57-ге жетті. Осыдан кейін балаларды дамыту орталығын ашу туралы ой туды. Жалға ғимарат алып, жұмысты ресми түрде бастап кеттік. Көп ұзамай еңбегіміздің нәтижесін көрдік. Балалардың шат күлкісі, ата-аналардың шынайы алғысы бізге үлкен қолдау болды. Бүгінде жанымда өз ісін сүйетін, кәсібіне адал мықты әріптестерім бар. Ал алдымызда айқын мақсат пен жарқын жоспарлар тұр.
Бастапқыда мен бұл жолға кездейсоқ келдім деп ойлайтынмын. Алайда уақыт өте келе оның менің өмірлік миссиям екеніне көзім жетті. Бұл – жай ғана жұмыс емес, бұл – жарық сыйлау. Қараңғыда жолын таппай жүрген жанға қолыңдағы шырақты ұсынғанмен тең іс. Бала алғаш рет көзіңе қарап күлімдейді, алғаш рет «ана» деп айтады.
Сол сәтте ананың жанарынан қуаныш пен үміттің жасын көресің. Міне, осындай сәттер барлық еңбегіңді ақтайды. Біз тек жаттығу жасап қана қоймаймыз, біз өмірлерді өзгертеміз. Әр баланың кішкентай жетістігі – мен үшін үлкен мереке. Әр отбасының бақыты – жүрегімнің тыныштығы. Кейде шаршайсың, қажисың. Бірақ бір баланың көзіндегі от, бір ананың «рақмет» деген шынайы сөзі барлық қиындықты ұмыттырады. Жарық шашқан іс ешқашан өшпейді, – дейді Нұрила Берікқызы.
Аталған орталықтың қызметі сөйлеуді дамыту, түсінік қалыптастыру, нейропедагог, дефектологиялық қолдау, психологиялық сүйемелдеу және танымдық сабақтар жүйелі түрде өткізу секілді бірнеше бағытты қамтиды. Сонымен қатар орталықта мектепалды даярлық топтарында балалар оқу мен жазудың бастапқы дағдыларын меңгеріп, қарапайым математикалық ұғымдармен танысады. Сонымен қатар тәртіпке баулу, жауапкершілік пен ұжымда жұмыс істеу мәдениетін қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Мұндай дайындық баланың мектепке бейімделуін жеңілдетіп, білім алуына оң ықпал етеді.
– Біздің орталықта балаларды мектепке дайындау, тіл байлығын дамыту және сөйлеу қабілеті бұзылған балаларға кешенді көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі. Қазіргі таңда атын атап шақырғанда назар аудармайтын, қарым-қатынасқа түспейтін балалардың саны артып келеді. Осыған байланысты орталығымызға қабылдау жасы бір жарым жастан басталады. Сабақтар топтық және жеке форматта ұйымдастырылады. Топтық сабақтар үш сағатқа созылады, олар түске дейін және түстен кейін өткізіледі. Әр балаға жеке көзқарас қалыптастырылып, оның даму ерекшеліктеріне сәйкес жұмыс жоспары жасалады. Сабақ барысында балалардың қызығушылығын арттыруға бағытталған ойын элементтері мен практикалық тапсырмалар қолданылады.
Сонымен қатар кешенді сабақтар қарастырылған. Бұл дәрістерде жеке сабақ өткізіліп, әр баламен екі педагог қатар жұмыс істейді. Оқу бағдарламасы баланың дамуындағы бұзылысына байланысты жеке жоспарланады. Мысалы, бір балаға сенсорика сабағы қажет болса, екіншісіне нейрокоррекциялық бағыттағы жұмыс жүргізіледі. Біз әр балаға нақты қажеттілігіне сай көмек көрсетеміз. Орталығымызда дефектолог, нейропедагог, психолог, мектепалды даярлық мамандары қызмет атқарады, – деген орталық басшысы баланың бойындағы ерекшеліктерді кей ата-аналар, әсіресе әкелер қауымы, дұрыс түсіне бермейтінін жеткізді.
– Көп жағдайда ата-аналар баласының бойындағы ерекшелікті мектепке барған кезде ғана байқап жатады. Біз дәл осындай жағдайлардың алдын алу үшін қызмет етіп келеміз. Көптеген балаларда тепе-теңдік сақталмайды, сөйлеудің кешеуілдеуінің де өзіндік себептері бар. Сондықтан баланың ең алдымен түсінік деңгейіне назар аудару қажет. Біздің дамыту орталығы кез келген баламен жұмыс істейді. Алайда БЦС (балалардың церебралды сал ауруы) диагнозы бар балалар біздің бағытқа кірмейді. Біз негізінен тілі кеш шыққан, көру және есту қабілеттерін дамытуда ата-анасының көмегіне мұқтаж балалармен жұмыс жүргіземіз. Біздің басты мақсатымыз – әр баланың мүмкіндігін дер кезінде анықтап, оны дұрыс бағытта дамыту. «SERPIN» орталығында балалардың сөйлеуіне, психологиялық жай-күйіне және әлеуметтік бейімделуіне ерекше көңіл бөлінеді. Біз ата-анамен бірлесе жұмыс істей отырып, баланың болашағына берік негіз қалауды көздейміз, – деді орталық басшысы Нұрила Жақсылықова.
Біз тілдесу барысында орталықта қызмет ететін педагогтар, логопедтер мен дефектологтар өз саласының білікті мамандары екенін аңғардық. Олар балалардың даму деңгейін тұрақты бақылап, ата-аналармен кері байланыс орнату арқылы олардың жетістігі мен алдағы міндеттерін айқындап отырады және ата-аналарға бала тәрбиесіне қатысты әдістемелік кеңестер мен ұсыныстар береді екен. Орталықтың дефектолог маманы Аяулым Төренованың айтуынша, қазіргі уақытта балалар арасында тілі мен психикалық дамудағы кідірістер жиі байқалуда. Осыған байланысты дефектолог маманның атқаратын қызметі ерекше маңызға ие.
– Орталықта әр баланың даму деңгейіне алдын ала диагностика жасалып, нәтижесіне сәйкес жеке түзету-дамыту бағдарламасы әзірленеді. Сабақтар ғылыми негізделген әдіс-тәсілдер арқылы, баланың жас ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізіледі. Біздің орталыққа келетін балалардың басым бөлігінде даму кешеуілдеуі мен тежелу белгілері байқалады. Осыған байланысты біз олармен жеке және топтық сабақтар форматында жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Қазіргі таңда орталық қызметіне жүгінетін ата-аналардың саны артып отыр. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде орталыққа келетін балалардың 90 пайызға жуығы оң нәтиже көрсетуде. Тәжірибеде ерте басталған түзету жұмыстарының тиімділігі жоғары екені дәлелденген. Сіздердің газетті пайдаланып, ата-аналарға баланың дамуындағы ауытқуларды ерте анықтау және уақытылы мамандарға жүгіну қажеттігін атап өткім келеді, – дейді маман.
Ал орталықтағы мектепалды даярлық тобының қызметкері Ләззат Аманжолқызының айтуынша, даярлық тобы баланың болашақта мектепке жан-жақты дайын болып баруына көмектеседі.
– Бұл топта балалардың жас ерекшелігі ескеріліп, білім беру мен тәрбиелеу үдерісі жүйелі түрде ұйымдастырылады. Мектепалды даярлық тобында баланың тіл байлығын дамытуға, логикалық ойлау қабілетін жетілдіруге, әріп пен санға алғашқы қадам жасауына ерекше мән беріледі. Сонымен қатар ұсақ қол моторикасын дамытуға арналған тапсырмалар, шығармашылық жұмыстар мен ойын элементтері кеңінен қолданылады.
Орталықтағы тәжірибелі мамандар әр баланың жеке қабілетіне назар аударып, оның өзіне деген сенімін қалыптастыруға жұмыс істейді. Сабақтар ойын түрінде өткізіліп, баланың қызығушылығын арттыруға және оқу процесін жеңіл қабылдауына мүмкіндік береді. Балалар тапсырманы тыңдап орындауға, тәртіп сақтауға, өз ойын еркін жеткізуге және топпен жұмыс істеуге дағдыланады. Мектепалды даярлық тобы баланың мектеп табалдырығын қорықпай, сенімді аттауына, бастауыш сыныпқа психологиялық және білім тұрғысынан дайын болып баруына берік негіз қалайды, – дейді педагог.
Біз барған уақытта «SERPIN» балаларды дамыту орталығы жаңа, кең ғимаратқа көшіп келіп жатыр екен. Осы орайда орталық директоры Нұрила Жақсылықова қазіргі жағдайға тоқталып, қалталы азаматтарға қайырылды.
– Қазіргі уақытта біздің орталық жаңа ғимаратқа көшіп жатыр. Бұл – біз үшін үлкен қадам, үлкен мүмкіндік. Кең әрі қолайлы орта балалармен сапалы жұмыс істеуге жол ашады. Дегенмен, жаңа ғимаратқа көшу тек қуаныш қана емес, сонымен қатар белгілі бір қиындықтар мен жауапкершілікті де талап етеді. Бүгінгі таңда әлі толық қамтамасыз етілмеген материалдық қажеттіліктеріміз бар. Біз әр баламен жеке жұмыс істеуге тырысамыз. Әсіресе, сөйлеу қабілеті кешеуілдеген, бейімделуі қиын балалармен үздіксіз еңбектенеміз. Сол себепті сапалы құрал-жабдықтың, заманауи материалдардың маңызы өте зор. Әзірге бұл бағытта толық қамтылды деп айта алмаймыз. Сонымен қатар орталыққа келуші балалардың қатарында бір отбасының екі, кейде тіпті одан көп баласы қатар тәрбиеленіп жатқан жағдайлар да кездеседі. Алайда мұндай отбасыларға қаржылық тұрғыдан да оңай емес екенін жақсы түсінеміз. Сондықтан осындай жанұялардың балаларына қолдау көрсету мәселесі бізді қатты ойландырады.
Егер демеушілік жасауға мүмкіндігі бар азаматтар болса, біздің орталыққа немесе осында тәрбиеленіп жатқан балаларға қолдау көрсетсе деген ниетіміз бар. Әсіресе, бірнеше баласын қатар әкеліп жүрген отбасылардың балаларына демеушілік көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл көмек бір ғана орталыққа емес, ертеңгі ел болашағына жасалған инвестиция, – деп түйіндеді сөзін ол.
Әрине, мұндай жағдайларда демеушілік көрсетіп, балаларға қолдау таныту – үлкен жауапкершілік пен азаматтық парыз. Жағдайы бар, ауқатты азаматтар мен кәсіпкерлер осындай игі іске қолдау көрсетеді деген сенімдеміз.
Қорытындылай келе, «SERPIN» балаларды дамыту орталығы Тараз қаласында балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасап, олардың сапалы білім алуына және қоғамға бейімделуіне маңызды рөл атқарып келеді. Алдағы күндері де орталықтың жүйелі жұмыстары болашақта саналы, тәрбиелі әрі білімді ұрпақ қалыптастыруға өз үлесін қоса береді деп сенеміз.
Жұматай КӨКСУБАЙ