Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жол сапасы – жіті назарда

Қала әкімі Бақытжан Орынбеков құрылыс нысандарын аралады

0 68

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков шаһар аумағындағы құрылыс нысандарын аралады. Ең әуелі шаһар басшысы А.Асқаров көшесін жаңғырту жұмыстарын көрді. Ондағы құрылыс жұмыстары Ғ.Байтасов көшесінен бастап А.Асқаров көшесіндегі айналма жолға дейінгі аралықты қамтиды.

Жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын бұл жолды жөндеуден өткізудің маңызы зор. Өйткені қазіргі таңда «Шапағат» (16) шағынауданында көптеген тұрғын үйдің бой көтеруі бұл аумақта көлік ағынын айтарлықтай арттыратыны белгілі. Осыған байланысты жолдың ені 12 метрге дейін кеңейтіліп, 4 жолақты қозғалысқа лайықталып қайта жасалып жатыр. Жаңғырту жұмыстары толық аяқталған соң бұл бағыттағы қозғалыс едәуір жеңілдеп, кептеліс мәселесі шешімін табады.
Келесі кезекте қала әкімі Қолбасшы Қойгелді көшесінде жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Ұзындығы 3,15 шақырымды құрайтын жол учаскесі толықтай қайта жаңартылуда. Құрылыс барысында жол жабыны жаңғыртылып қана қоймай, оның сапасы мен төзімділігін арттыруға баса мән берілуде. Жобаның негізгі мақсаты – тұрғындарға жайлы әрі қауіпсіз қозғалысқа мүмкіндік жасау.
Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес қарқынды жүргізілуде. Мамандар барлық технологиялық талаптарды сақтай отырып, сапалы жұмыс істеуге күш салуда. Нысанды ағымдағы жылдың соңына дейін толық аяқтау көзделген. Жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін жолдың өткізу қабілеті едәуір артып, Жамбыл даңғылындағы көлік ағыны біршама жеңілдейді. Яғни, жаңартылған жол балама бағыт ретінде қызмет етіп, қаладағы жалпы көлік қозғалысын реттеуге үлес қосады.
Бұдан кейін шаһар басшысы Рысбек батыр көшесіне аялдады. Бүгінде ұзындығы 1,9 шақырымды құрайтын көшеде ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мердігер «Арайстроймаркет-2003» ЖШС тарапынан асфальт жабынының екінші қабатын төсеу жұмыстары атқары- лып жатыр. Бұл жолдың сапасын арттырып, оның ұзақ мерзім пайдаланылуына мүмкіндік береді. Жұмыстар белгіленген талаптарға сай әрі кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Жобаны 1 қыркүйекке дейін толық аяқтау көзделіп отыр.
Әрі қарай Бақытжан Әмірбекұлы «М-3» жылу желісіндегі құрылыс жұмыстарының барысына қанықты. Қазіргі таңда мұнда құрылыс қарқынды жүргізіліп, мамандар жылу магистра- лін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарын атқарып жатыр.
Жалпы, жылу желілерін жаңалау мақсатымен республикалық бюджетке 7 жоба бойынша өтінім берілген. Олардың барлығы толық іске асырылған жағдайда, жылу желілерінің тозу деңгейі 66,4 пайыздан 51 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде.
Сондай-ақ «Жеңіс» саябағына арнайы барған шаһар басшысы ондағы аттракциондардың қызметін сынға алды. Бүгінде саябақ аумағындағы кейбір аттракциондар тиісті рұқсат құжаттарынсыз жұмыс жүргізіп келеді. Сонымен қатар меншік иесі тарапынан ешқандай салық және өзге де міндетті төлемдердің төленбегені белгілі болып отыр. Бұл өз кезегінде заң талаптарын өрескел бұзу ғана емес, қоғамдық қауіпсіздікке де тікелей әсер ететін мәселе екені белгілі.
Қала әкімі заңсыз қызметке жол берілмеуге тиіс екенін атап айтып, жауапты сала басшыларына тиісті шара қолдануды тапсырды.
Бұдан бөлек, қала әкімі Ә.Комратов, Желтоқсан көшелері және Балуан Шолақ пен Желтоқсан көшелерінің қиылысындағы жолайрықты жөндеу жұмыстарының барысын тексеріп, жауапты тұлғаларға құрылысты сапалы әрі мерзімінде аяқтау бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.