Жылы мезгілдің басталуымен тұрғын үйлерде терезелерді ашу жиілейді. Өкінішке қарай, дәл осы кезеңде балалардың терезеден құлау жағдайлары да артады. Осыған байланысты Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы ата-аналар мен қала тұрғындарын қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады.
Балалардың терезеден құлау оқиғалары көбіне ересектердің қарауынсыз қалуы, терезелерде қорғаныс құралдарының болмауы және москит торларына сену салдарынан болады. Айта кету керек, москит торлары балалардың салмағын көтеруге арналмаған және оларды қауіпсіздік құралы ретінде қолдануға болмайды.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін келесі қарапайым, бірақ маңызды ережелерді сақтау қажет:
– Кішкентай балаларды ешқашан қараусыз қалдырмаңыз;
– Терезе маңына жиһаз (орындық, үстел, диван) қоймаңыз. Бала сол арқылы терезеге оңай шығып кетуі мүмкін;
– Терезелерге арнайы бекіткіштер мен шектеуіш құрылғылар орнатыңыз (блокиратор);
– Балаларға терезені өздігінен ашуға болмайтынын түсіндіріңіз;
– Москит торларына сүйенуге немесе арқа сүйеуге болмайтынын ескертіңіз.
Құрметті ата-аналар! Баланың өмірі мен қауіпсіздігі – сіздің тікелей жауапкершілігіңізде. Қарапайым сақтық шараларын сақтау арқылы сіз орны толмас қайғылы жағдайлардың алдын ала аласыз!
Тараз қалалық Төтенше жағдайлар басқармасы