М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының ұйымдастыруымен «Мектеп-Колледж-ЖОО» сабақтастығы: психологиялық-педагогикалық қызметтің заманауи мәселелері» республикалық коллаборациялық-тәжірибелік алаңы өткізілді.
Сапалы мамандар даярлауда білім беру жүйесін біріктіретін интегра- циялық орта құру және инновациялық тәжірибе алмасуға бағытталған шара аясында «PedStart-2026» байқауы ұйымдастырылып, «Мұғалім кәсібіне кіріспе» тәжірибесінен өтіп жүрген болашақ педагогтердің кәсіби бағытқа бейімделу үдерісі байқалды. Тәжрибе барысында студенттердің педагогикалық мамандыққа деген қызығушылығы артып, таңдаған кәсібінің мазмұны мен ерекшеліктерін тереңірек түсіне бастағаны анықталды.
«Болашақ педагог: алғашқы қадам» тақырыбында педагогикалық бағыттағы 1-курс студенттерінің «Оқу (психологиялық-педагогикалық)» және «Мұғалім кәсібіне кіріспе» педагогикалық тәжірибе нәтижелеріне қорытынды жасалды. Практика барысында студенттердің кәсіби-педагогикалық бағдарлануы, психологиялық-педагогикалық білімдерінің алғашқы негіздерінің қалыптасуы және болашақ мұғалімдік қызметке бейімделу үдерісі қарастырылды. Алынған нәтижелер олардың педагогикалық мамандыққа деген қызығушылығы мен кәсіби құзыреттіліктерінің бастапқы деңгейде дамып келе жатқанын көрсетті.
Байқау «Менің алғашқы тәжірибем», «Мен – Дулати университетінің практикантымын» тақырыбында үздік фотоколлаж дайындау, «Менің педагогикалық практикадан алғаным» тақырыбында үздік бейнеролик әзірлеу және «Менің педагогикалық шешімім» тақырыбында педагогикалық жағдаяттан өту секілді 3 турдан тұрды.
«Менің алғашқы тәжірибем» бөлімінде студенттер практика базасында зерделеген, бақылаған жұмыс мазмұны ашылды. Оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру, сабақ жоспарлау және оқушылармен тиімді қарым-қатынас орнату бағытында жүйелі жұмыс жүргізілгенін, кәсіби даму динамикасы айқындалып, цифрлық сауаттылықтары, құзіреттіліктері артқанын көрсетті. Ал «Менің педагогикалық практикадан алғаным» бөлімінде педагогикалық практиканың эмоционалдық және кәсіби әсері сипатталды. Практика студенттің тек білімін емес, сонымен қатар жауапкершілік, шыдамдылық, шығармашылық қабілеттерін дамытатыны анықталды. Қиындықтарды еңсеру арқылы болашақ мұғалімнің кәсіби сенімі мен педагогикалық қызметке деген тұрақты мотивация- сы қалыптасатындығын, педагогикалық көзқарасы нығаятындығын дәлелдеді. 3-турда қатысушылар мектептің оқу-тәрбие процесіндегі нақты жағдаятты шешу арқылы кәсіби құзыреттіліктерінің қалыптаса бастағанын көрсете алды. Жағдаятты талдау барысында оқушының мінез-құлқы, психологиялық ерекшелігі ескеріліп, жеке қажеттіліктері негізге алына отырып тиімді педагогикалық шешім ұсына алды. Шешім логикалық тұрғыдан негізделіп, оқыту мен тәрбиелеудің заманауи тәсілдеріне сүйене отырып қабылданғанын рөлдік ойын тәсілімен жеткізе білді.
Байқау қорытындысы бойынша кешенді бағалау мен зерделеуден жоғары нәтиже көрсетіп, нақты талаптар бойынша үздік деп танылған «1 LIGHT» командасы жүлделі І орынға ие болды. «Тұлға+» тобы жүлделі ІІ орынға лайық деп танылса, «Білім шамшырақтары» командасы ІІІ орынды қанжығалады.
«PedStart-2026» байқауының студенттердің мұғалім мамандығына деген қызығушылықтарын арттырып, педагогикалық қызметтің мазмұны мен ерекшеліктерін түсіну деңгейін кеңейтуде маңызы зор.
Сауле БУПЕТАЕВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті
«Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы,
педагогика ғылымдарының магистрі