Кітап – адамзат өркениетінің ең асыл мұрасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа білім мен тәжірибе жеткізіп, сананы қалыптастырады. Қазіргі цифрлық дәуірде ақпараттың қолжетімділігі артқанымен, кітаптың маңызы кеміген жоқ. Керісінше, терең ой мен сапалы білім іздеген жан үшін кітап – таптырмас құрал.
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биыл 23 сәуірде Ұлттық кітап күнімен қатар Кітапханашылар күні де аталып өтеді. Мерекелердің тоғысқан күні еліміздің түкпір-түкпірінде кітап көрмелері, авторлармен кездесулер, әдеби кештер мен оқырмандарға арналған байқаулар сияқты түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды. Оның барлығы халықтың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға бағытталды.
Бұл қатардан Жамбыл облысы да шет қалмады. Айталық, кеше мерекеге орай Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханада «Кітап – асыл қазына» республикалық кітап фестивалі өтті. Шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов қатысып, өңірдегі мәдениет пен руханият саласына үлес қосып жүрген кітапхана қызметкерлері мен әдебиет саласының өкілдеріне алғыс білдірді. Сонымен қатар кітапхана саласының мамандарын, ауылдық және аудандық кітапхана қызметкерлерін, әдебиет пен мәдениет өкілдерін, елімізге танымал жазушылар, журналистер және әдебиеттанушы ғалымдарды марапаттады.
Республикалық шара аясында еліміздің көпұлтты қоғамындағы мәдени бірлік пен рухани тұтастықты бейнелеген «Өлеңге деген махаббат» әдеби композициясы көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Сондай-ақ жаңа кітаптардың тұсаукесері өтіп, сиясы кеппеген шығармалар оқырманға жол тартты.
Фестиваль барысында еліміздің белгілі ақын-жазушылары, бас редакторлар, баспа ісінің мамандары мен ғалымдар кітап индустриясының қазіргі ахуалы, оқырман мәдениетінің дамуы және әдебиеттегі жаңа бағыттар жөнінде мазмұнды пікір алмасты. Авторлық құқық, баспа ісінің қазіргі даму үрдістері және заманауи әдеби кеңістіктің өзекті мәселелері де талқыланды.
«Жанды кездесу: автор мен оқырман» алаңында оқырмандар қаламгерлермен тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік алса, «Поэзия & шабыт» алаңында ақындар өз жырларын оқып, көрермендерге ерекше рухани әсер сыйлады.
Жалпы, мұндай фестиваль – ұлт руханиятын жаңғыртуға бағытталған маңызды мәдени бастамалардың бірі. Мұндай тағылымды шаралар жас ұрпақты кітап оқуға баулып қана қоймай, қоғамда білім мен парасат құндылықтарын дәріптеуге жол ашады.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ