Ұстаз алдын көрмеген жан жоқ. Өскелең ұрпаққа білім беруді өзіне кәсіп қана емес, өмірлік мәні қылған ардақты да қадірлі мұғалімдер өңірімізде баршылық. Адам өміріндегі ең асыл миссия – елге қызмет ету, ұрпақ тәрбиелеу десек, осы ұлы жолды өз ғұмырының өзегіне айналдырған жанның бірі – Раушан Шыныбаева. Оның өмір жолы – қиындық пен еңбектен, ізденіс пен табандылықтан, адамдық пен адалдықтан құралған тұтас бір тағылымды шежіре.
Жақсы ұстаз өз жолын қуатын шәкірт тәрбиелеп, ұстаз бен шәкірт арасында үзілмес сабақтастық орнатқанда ғана ұстаздың есімі ұрпақтан ұрпаққа таралары сөзсіз. Себебі кез келген салада, білім мен ғылымда болсын жетістікке жеткен жан әуелі өзінің алғашқы ұстазын еске алатыны белгілі. Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылы, М.Әуезов атындағы орта мектепте қырық жыл қызмет етіп, бүгінде зейнетке шыққан Раушан Игілікқызы 1965 жылдың 2 сәуірінде бұрынғы Жезқазған облысы, Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Балалық шағы туған жердің қоңыр самалындай таза арман мен үмітке толы болып, білімге деген құштарлық оны ерте жастан үлкен өмір жолына жетеледі.
1981 жылы орта мектепті ойдағыдай аяқтаған ол әуелі педагогикалық сыныпта тәрбиеші ретінде тәжірибе жинақтап, ұстаздыққа алғашқы қадамын бастады. Білімге деген құштарлығы оны 1983-1985 жылдары Жезқазған педагогикалық училищесіне жетелеп, бастауыш сынып мұғалімі мамандығын игеруіне жол ашты.
Еңбек жолы 1985-1987 жылдары туған ауылы Ақтауда басталып, №4 фермада бастауыш сыныптың мұғалімі әрі оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарумен жалғасты. Бұл жылдар оның ұстаздық қабілетін шыңдап, бала жанын түсінуге, білім мен тәрбиені ұштас- тыруға баулыған маңызды кезең болды.
Жүрек қалауы мен өмірлік жолы оны Жамбыл өңірімен табыстырды. Мойынқұм ауданы, Ұланбел ауылына тұрмысқа шыққаннан кейін еңбек жолы жаңа белеске көтерілді.
Ал 1988 жылдан бастап Ұланбел ауылындағы М. Әуезов атындағы орта мектеп қабырғасында бастауыш сынып мұғалімі болып қызмет атқарып, кейіннен оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасар, мектеп директоры болды. Қазіргі таңда ол – мектеп директорының бейіндік іс жөніндегі орынбасары. Бұл – оның педагогикалық шеберлігінің, ұйымдастырушылық қабілетінің және көшбасшылық қасиетінің айқын дәлелі.
Ұлағатты ұстаз – өз ауылында зор құрметке ие, қоғамға жанашырлықпен қарайтын, еңбекқор және жауапкершілігі мол тұлға. Ұланбел ауылының тұрғындары оны тек өздерінің белсенді көмекшісі, мықты ұйымдастырушы ретінде ғана емес, сонымен қатар өзінің адамгершілік қасиеттерімен танылған азамат ретінде біледі.
Бұдан бөлек, Ұланбел ауылының №320 сайлау учаскесінің төрайымы ретінде Раушан Игілікқызы өз міндетін жауапкершілікпен атқарды. Ол сайлау барысындағы барлық жұмыстарды мұқият ұйымдастырып, тұрғындардың өз дауыстарын қауіпсіз әрі еркін түрде беруін қамтамасыз етті. Раушан Шыныбаева тек сайлау учаскесінің жұмысына ғана емес, жалпы ауылдағы қоғамдық өмірге де зор ықпал етті. Оның жұмысында әділдік пен адалдық басты орынға қойылды.
Кейіпкеріміз сонымен қатар әйелдер кеңесінің төрайымы ретінде ауыл әйелдерінің жағдайын жақсарту жолында көптеген маңызды шаралар ұйымдастырды. Ол әйелдердің құқықтарын қорғауға, олардың қоғамдық өмірге белсене қатысуына ерекше көңіл бөлді. Әрбір әйелдің пікірін тыңдап, қажетті қолдау көрсету арқылы ол өз қоғамында әйелдердің беделін көтеруге зор ықпал етті. Оның басшылығымен көптеген әлеуметтік жобалар мен шаралар ұйымдастырылып, әйелдердің түрлі салаларда өз әлеуетін жүзеге асыруына мүмкіндік берілді.
Раушан Шыныбаева өзінің қоғамдық қызметі арқылы ауылда ғана емес, оның ауқымынан тыс жерлерде де үлгі боларлық іс қалдырды. Оның еңбегі мен қызметі ұрпақтан ұрпаққа жететін мұра болып қалатыны сөзсіз. Туған ауылына деген шексіз махаббаты мен оның өркендеуіне қосқан үлесі ауылдың дамуына оң әсерін тигізді. Бұл тұста ұстаздың еңбегі де елеу- сіз қалмады. Ол ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған медальмен, «Ұлағатты ұстаз» төсбелгісімен, облыстың, ауданның Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болған. Сондай-ақ оқу ағарту министрінің Құрмет грамотасын да алған. «Мойынқұм ауданына еңбегі сіңген қызметкер» төсбелгісімен де марапатталған.
Ұстаздың өмір жолы тек қызметпен ғана өлшенбейді. Ол – үш перзенттің аяулы анасы, бес немеренің сүйікті әжесі. Бүгінде оның ұрпақтары – ұстаз еңбегінің жемісі, мейірім мен тәрбие- нің жалғасы. Оның шәкірттері мен перзенттері бүгінде оның жолын қуып, ұстаздықты өз қолдарына алып, білім саласында табысты еңбек етіп жүр. Ұлағатты ұстаз өзінің кәсіби жолында қалдырған үлкен мұрасын әрбір шәкірті мен отбасының жүрегінде мәңгілікке сақтап қалды.
Раушан Шыныбаеваның ғұмыры – табандылық пен төзімнің, білім мен тәрбиенің, қарапайым еңбектен биік тұлғаға дейінгі өсу жолының айқын көрінісі. Оның өмірі – жас ұрпаққа үлгі, ұстаздықтың қасиетін терең сезіндіретін өнегелі тағылым. Ұстаздық жолын жүрекпен таңдаған жанның өмірі ешқашан ізсіз қалмайды. Өйткені ол қалдырған із – шәкірт жүрегінде, ал еңбегінің жемісі – ел болашағында. Зейнет жасына жеткен ұлағатты ұстазды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып, бейнетінің зейнетін көруіне тілектеспіз.
Арайлым ШАБДЕНОВА