Қазіргі дәуір – қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын өзгерістер кезеңі. Адамзат қоғамының одан әрі өсіп-өркендеуінде ғылымның атқаратын орны ерекше. Ғылым да, білім де ұлттың баға жетпес қазынасы десек, қазақ ғылымы тәуелсіздік жылдарында өзгелермен терезесі тең болу үшін дамудың айқын жолын таңдап келеді. Сондықтан қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық ғылымға баса назар аударып отыр. Әсіресе, университеттердің ғылыми әлеуетін күшейтуге мән беру қажет екенін тілге тиек етіп жүр.
Расында, ғылым мен технологияны, инновацияны дамыту – еліміздің бәсекеге қабілетін арттыратын негізгі саланың бірі. Біз отандық ғылымның басымдықтарын халықаралық талаптарға және ұлттық мүддемізге сәйкес айқындауға тиіспіз. Бұл ретте үздіксіз кәсіби білім беру жүйесінде университеттердің орны айрықша. Өйткені жоғары білім – ғылым мен мәдениеттің тоғысқан жері.
Сапалы маман саланы дамытатынын ескерсек, маманды даярлайтын жоғары оқу орындары бәсекеге қабілетті болуы керек. Бұл ретте еліміздің оңтүстігіндегі еңселі оқу орны – М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде ғылымның дамуы мен өмірін осы салаға арнағысы келетін жас мамандардың тұлғалық дамуына барлық жағдай жасалған. Ал «Жаратылыстану ғылымдары» факультетінде білікті кадрлар даярлау ісі жүйелі жолға қойылған.
Жаратылыстану ғылымдары саласында қоғам дамуына үлес қоса алатын, қазіргі заманның өзекті мәселелерін шешуге қабілетті жоғары білікті мамандарды даярлауды мақсат еткен факультет бұл мақсатқа жету үшін халықаралық стандарттарға сай келетін жаратылыстану ғылымдары саласындағы мамандарды даярлаудың жоғары деңгейін қамтамасыз ету, жаратылыстану ғылымдары саласында ғылыми-зерттеу қызметін дамыту, әлемнің жетекші ғылыми орталықтарымен және ұйымдарымен ынтымақтасу, халық арасында жаратылыстану білімін насихаттау секілді міндеттерді орындап келеді. Мұнда биология, химия, физика, информатика, география, тарих мұғалімдері мен аталған саланың мамандары даярланады.
«Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің түлектері экономиканың әртүрлі салаларында, соның ішінде ғылым мен білім саласында сұранысқа ие. Ғылыми факультеттің нақты мақсаттары мен міндеттері – ғылым мен білімнің дамуына ықпал ету, сонымен қатар қоғам дамуына үлес қоса алатын жоғары білікті мамандарды даярлау.
Факультет құрамындағы маңызды жұмыстардың бір бөлігін «Химия» кафедрасы атқарып келеді. Кафедрада бакалавриатта «Химия және биология мұғалімдерін даярлау», «Химия (ІР)» және магистратурада «Химия педагогтарын даярлау» білім беру бағдарламалары бойынша мамандар оқытылады. Мұнда мамандандырылған арнайы лабораториялар мен құрал-жабдықтармен қамтылған және оқудың инновациялық технологиясы енгізілген.
«Химия» кафедрасы – Дулати университетінің оқу-тәрбие ісімен айналысатын, үздіксіз дамып келе жатқан құрылымдық бөлімшесі. Ол химия және биология саласында жоғары білікті педагогтар даярлауда маңызды рөл атқарады. Кафедра қызметі білім алушыларға терең теориялық біліммен қатар заманауи жағдайда табысты жұмыс істеуге мүмкіндік беретін практикалық дағдыларды да қалыптастыруға бағытталған. Кафедра құрылған күннен бастап химияны оқыту әдістемесіне инновациялық тәсілдерді енгізіп, қызметкерлердің ғылыми-зерттеу нәтижелерін оқу процесіне пайдалану арқылы белсенді дамып келеді.
Әр жылдары кафедраны білікті академиялық жетекшілер – химия ғылымдарының докторы, профессор Р.Амреев, химия ғылымдарының докторы Г.Сугурбекова, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Ж.Сабиралиева басқарған. Ал 2020 жылдан бастап химия ғылымдарының кандидаты Асылжан Мажибаевтың басшылығымен табысты қызмет етіп келеді.
Кафедра оқытушылары – өз саласының терең білімді мамандары, ғалымдар және тәжірибелі практиктер. Олар ғылыми-зерттеу және өнеркәсіптік салаларда мол тәжірибеге ие. Кафедра дисперстік жүйелердің физика‑химиясы, гетерогенді катализ, күкіртқұрамды координациялық қосылыстардың термолизі, сондай‑ақ мектеп оқушыларын химия олимпиадаларына дайындау әдістемесі бағыттарында ғылыми зерттеулерді белсенді жүргізеді.
Ерекше атап өтерлігі, 2023 жылы «Химия» кафедрасының базасында «Менделеев сыныбы» ашылған болатын. Аталған жоба Дулати университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті және «Қазфосфат» ЖШС арасында білім және ғылым саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы үшжақты келісім аясында жүзеге асты.
Ұстаздық өте жауапты мамандық екені баршамызға белгілі. Ол – мектептің де, қоғамның да, ғылымның да, білімнің де, тарихтың да, ұлттың да, мәдениеттің де, адамгершілік пен ерліктің де, жақсы мінез бен ақындықтың да нағыз жанды өкілі. Ал қазіргі уақытта педагогтардың мәртебесіне барынша көңіл бөлініп отырғанын ескерер болсақ, Дулати университетінде білім алған ұстаздардың кез келген білім ошағында бағалы кадр болатынына шүбә жоқ.
Осы уақытқа дейін оқыту ісінде үздіктер қатарынан көрініп келе жатқан факультеттің жұмыс елімізде де, шет мемлекеттерде де жоғары бағаланып келеді. Осының арқасында факультет Чехияның Томаш Бат университеті, Түркияның Гази және Карабюк университеттері, Польшаның Лодз университеті, Литваның Витаутас Магнус университеті, Ресейдің Шадринск мемлекеттік педагогикалық университеті, Томск мемлекеттік педагогикалық университеті, Д.И.Менделеев атындағы Ресей химия-технологиялық университеті, Қырғызстанның Б.Ельцин атындағы Қырғыз-Ресей славян университеті, Индонезиядағы Сұлтан Сиариф Касим атындағы мемлекеттік ислам университеті секілді іргелі оқу орындарымен берік байланыс орнатқан.
«Жаратылыстану ғылымдары» факультетінің ғылыми-зерттеу жұмысының саясаты жаратылыстану-математикалық ғылымдары саласында іргелі, ізденіс және қолданбалы жұмыстарды жүзеге асыруға бағытталған. Қазіргі уақытта факультетте профессорлар, ғылым кандидаттары, PhD докторлары және магистрлер жұмыс істейді. Факультетте ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша ғылыми жобалар қаржыландырылған. Факультет ғалымдары тарапынан бірнеше монография басылып шыққан. Ғылыми мақалалары халықаралық басылымдарда, нөлдік импакт-фактор журналдарында жарық көрген.
Факультетте заманауи робототехника мен кибернетика зертханасы қызмет етеді. Робототехника зертханасы мектептердің оқу үрдісіне робототехникамен байланысты элективтік курстарды ендіру бойынша консалтингтік қызмет көрсетеді.
Факультетте бірнеше ғылыми үйірме жұмыстары жүргізіледі. Олардың қызметінің негізгі мақсаты – студенттердің ғылыми-зерттеу қызметін қарқындату, олардың ғылыми зерттеулерге қатысу жолымен, әр студент үшін өзінің қабілеттері мен қажеттіліктеріне сәйкес жеке тұлғаның шығармашылық дамуына өз құқығын жүзеге асыру мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Жалпы, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінде білім алудың беретін мүмкіншіліктері мол. Олардың қатарында көптілді білім беру бағдарламасын, қос дипломды білім беру бағдарламасын, әскери кафедра, білімді оқытушы-профессорлық құрамын, су шаруашылығын зерттеуде республикадағы жетекші университет екенін, инклюзивті оқыту жүйесін, оқу ақысын төлеудің икемді жүйесін, халықаралық StartUP жобаларын әзірлеуін, тәжірибеге бағытталған оқу үрдісін және ағылшын, қытай, неміс тілдерін тегін оқуға мүмкіндік барын айтып өтуге болады.
Айнур МЕНЛИБЕКОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің
«Жаратылыстану ғылымдары» факультеті
«Химия» кафедрасының аға оқытушысы
Білім беру қызметі Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Білім беру қызметін жүзеге асыруға лицензия №KZ35LAM00001509