«Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген сөз – ұлы ақын, ағартушы Мағжан Жұмабаевтың ұстаз мәртебесіне берілген үлкен бағасы, ерекше құрметі. Расында да, қай кезеңде де ұстаз – ұлттың ұстыны, елдің ертеңін тәрбиелейтін ең қадірлі тұлға. Осындай абыройлы жолды ғұмырына серік еткен азаматтардың бірі – Мойынқұм ауданы, Мойынқұм ауылы, М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейінің директоры Шыңғыс Жашаралы.
Болашақ ұстаз 1971 жылдың 17 мамырында «Жаз атаның ауылы» атанған Мойынқұм ауданында дүниеге келген. Қазақта «Балапан ұядан не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген қанатты сөз бар. Бұл отбасын ұстаздар династиясы деп атауға болады. Себебі кейіпкеріміздің әкесі Жашаралы Қойгелдиев пен анасы Қияш Дарубаева – білім саласында қызмет еткен жанкешті жандар. Ал ағасы Мәмбет Қойгелдиев – тарихшы, қазаққа есімі белгілі ғалым болса, әпкесі Зәуреш Қойгелдиева – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушысы. Осындай зиялы отбасында өскен ол 1977 жылы сол кездегі Фурманов (қазіргі М.Жұмабаев) атындағы орта мектептің табалдырығын аттап, 1988 жылы оны үздік тәмамдайды.
Осылайша талапты жас 1988 жылы арман қуып, Алматыға аттанады. Жаңа ортаға табан тіреген ауылдың баласы үлкен өмірді жатсынбай, емтихандардан сүрінбей өтіп, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түседі. Осылайша, «Тарих және қоғамтану пәндерінің оқытушысы» мамандығын 1993 жылы жоғары нәтижемен бітіреді.
«Туған жерге туыңды тік» деген ұлағатты сөзді бойына тұмар еткен азамат жұрттың көбі базар жағалап, үлкен қалаларға ағылып жатқан тұста Алматыдағы қызығы мол өмірге қош айтып, «Тұнық терім туған жеріме тамсын» деген мақсатпен дипломын арқалап, Мойынқұмға тартады. Алайда ел еңсесі енді ғана тіктеліп, екі қолға бір күрек табылмай тұрған қиын кезеңде талапты жастың «Ұстаз боламын, қара көздерге білім беремін» деген арман-мақсаты бірден жүзеге аса қоймайды.
Осылайша еңбек жолын 1993 жылы Мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған ол әр салада шыңдалып, өмірлік тәжірибе жинақтайды. Ал 1994-1996 жылдары «Чика» өндірістік кооперативінде бас бухгалтер қызметін атқарып, жауапкершілік пен ұқыптылықтың жарқын үлгісін көрсетеді. Осы кезеңдерден кейін ғана ұстаздық жолға біржола бет бұрып, Фурманов атындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек етеді.
– Ол жылдары жұмыс табу қиын еді. Түрлі салада еңбек етіп, кейін өзімнің жаным сүйетін мамандығым бойынша ұстаз болып орналастым. Жұмыс істеп жүргеніме екі жылға жуықтағанда ауданымызда білім бөлімі ашылды. Бір кездері жабылып қалған бөлімнің қайта ашылуына ықпал еткен ұлтжанды азамат Аманжол Кенжетайұлы еді. Сол кісі: «Шыңғыс, сен КазГУ-дің түлегісің ғой, біліміңді туған жеріңе арнауың керек», – деп аудандық білім бөліміне жұмысқа қабылдады. Дәл сол бөлімнен басталған жолмен әлі де білім саласында келе жатырмын, – дейді Шыңғыс Жашаралыұлы.
Білім бөліміндегі жұмысын абыроймен атқарған ол 2002-2006 жылдары Қияқты ауылындағы Ағыбай батыр атындағы орта мектептің директоры болып, білім ордасының дамуына тың серпін берді. Ал 2006-2019 жылдары Мойынқұм ауылындағы Балалар мен жасөспірімдер орталығын басқарып, жас ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасады. Сондай-ақ 2019-2023 жылдары А.Назарбеков ауылындағы Әлия Молдағұлова атындағы мектептің директоры ретінде де нәтижелі еңбек етіп, білім беру ісіндегі іскер басшы ретінде танылып, 2023 жылдың 31 тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін Мойынқұм ауданының орталығындағы бір кезде өзі білім алған М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейдің директоры қызметін абыроймен атқарып келеді.
– Әлі есімде, 2002 жылы Мойынқұм ауданы, Қияқты станциясындағы Ағыбай батыр атындағы орта мектепке ауысқан кезім. Жаз айы, күн аптап ыстық. Сол кездегі білім бөлімінің бастығы Аманжол Белгібаевтың қара «Волга» автокөлігімен барған едік. Жол үстінде ол кісінің: «Шыңғыс Жашаралыұлы, қазір баратын ауылға барған соң қашып кетпе», – деп әзілдегені жадымда сақталып қалыпты. Бұл – сол жылдары ауыл мектептерінің жағдайы төмен болғанының айғағы еді. Әр сыныпта бөлек-бөлек пештер орнатылып, оларды мұғалімдердің өздері жағатын.
2024 жылы мектебіміз Қазақстандық Ұлттық ЮНЕСКО клубтары Федерациясының мүшелігіне қабылданды. Бүгінде мектепте 810 оқушы білім алып, 135 мұғалім мен кіші қызметкерлер еңбек етуде. Ең үлкен арманым – М.Жұмабаев атындағы мектеп-лицейге жаңа, заманауи ғимарат салынса, – дейді Шыңғыс ағамыз өткен күндерді тебіреніспен еске алып.
Білікті басшының табысты еңбегінің нәтижесінде 2-4 сынып оқушылар арасындағы «Бастау» республикалық математикалық олимпиадасында 3 оқушы, 9-11 сыныптар бойынша 27 оқушы бас жүлдені қанжығалапты. Сондай-ақ облыстық «Мен – зерттеушімін» байқауында аталған мектептің бір оқушысы бас жүлдеге ие болыпты.
Жалпы, Шыңғыс Жашаралыұлы – тек білікті басшы ғана емес, өнегелі әке, ардақты жар. Жұбайы Индира Манапбаева – жоғары білімді маман, балалар саз мектебінің оқу ісі жөніндегі орынбасары. Бір шаңырақ астында бес бала тәрбиелеп отырған отбасының екі қызы әке жолын жалғап, Алматы қаласында ұстаздық қызмет атқарады.
Қорыта айтқанда көп тілді меңгерген, заманауи технологияларды жетік білетін Шыңғыс Жашаралыұлы – өз ісіне адал, жауапкершілігі жоғары азамат. Ұстаздықты ұлы мұрат етіп, саналы ғұмырын білім мен тәрбиеге арнаған тұлғаның еңбегі – ел болашағына қосылған өлшеусіз үлес. Осындай азаматтар барда ұлттың рухани тірегі берік, келешегі кемел болары сөзсіз.
Жұматай КӨКСУБАЙ