Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

«Сұлтан Бейбарыс» – Тараз төрінде

0 60

Тарихтың терең қатпарында аты алтын әріппен жазылған тұлғалар аз емес. Солардың бірі – Сұлтан Бейбарыс. Дешті Қыпшақтың кең даласында дүниеге келген Бейбарыс бала кезінде тағдыр тәлкегіне түсіп, жат жерге құл ретінде сатылды. Мысыр жерінде мәмлүк әскерінің қатарында жүріп, өз ерлігімен, ақыл-парасатымен көзге түседі.

Осындай Ұлы дала перзентін ұрпақ санасына сіңіру мақсатында А.Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» шығармасы желісімен сахналанған жаңа қойылымды тараздық көрерменге ұсынды.
Мысыр, Сирия, Иордания, Ливан, Израиль, Палестина, Хиджаз жері мен Ирактың Евфорт өзенінің батыс жағындағы жерлерін, Түркияның оңтүстік шығысындағы жерлерді қамтыған мәмлүк мемлекетін 132 жыл басқарған қыпшақ династиясының негізін салушы, жат жерде он жеті жыл сұлтандық құрған Бейбарыстың күрделі күреске толы тағдыры баяндалатын қойылымның режиссері – «Асанәлі» сыйлығының иегері Гаухар Адай. Ал сахналық кеңістікті үйлестірген қоюшы- суретші – ҚР Мәдениет саласының үздігі Гүлдана Алина.
Сұлтан Бейбарыс бейнесін театрдың тәжірибелі актеры, ҚР Мәдениет саласының үздігі Кенен Ақүрпеков сомдап, тұлғаның қайсарлығы, елге деген сүйіспеншілігі мен сағынышын сахна төрінде әсерлі, көркем тілмен жеткізді. Көрермендерді даладан басталған тағдырдың Мысыр тағына дейінгі жолы терең ойға жетеледі.
Сондай-ақ Алтын Орда елшісі рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Асқарбек Сейілхан жоғары кәсібилікпен алып шықты. Тарихшы Тәңірберді образын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүніс Әлімбеков шебер жеткізсе, Хуан пірадар кейіпкерін Мәмбет Қожалиев
сәтті бейнеледі. Қалауын рө- лінде – Жандар Қырықбаев, Сұлтанның анасы образында Гауһар Сұлтанбекова ана бейнесін айтарлықтай алып шықты. Ал Фатима рөлімен жас актриса Ақнұр Елемесова көрермен ықыласына бөленсе, Құтыз бейнесін Жандос Ильясбеков сомдады.
Жалпы, спектакль желісі Бейбарыстың әділ басшы, алғыр дипломат әрі қайсар қолбасшы ретіндегі болмысын ашып көрсетеді. Оның өміріндегі күрес пен жеңіс, достық пен сатқындық, тағдыр мен таңдау сынды мәңгілік тақырыптар көрермен көңіліне терең ой салады. Қойы- лым барысында қазақ халқының бай мәдени мұрасы – ұлттық музыка, әуен, би және салт-дәстүр көркем үйлесім тапты.
Премьера соңында Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы атынан шығармашылық ұжымға ықылас гүлі табысталып, кештің көркін айшықтай түсті. Сонымен қатар А.Тоқпанов атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрының директоры Ақылдос Тәжиев қойылымның қоюшы-режиссері Гауһар Адай мен қоюшы-суретшісі Гүлдана Алинаға ерекше ризашылығын білдіріп, алғыс хат табыс етті.
Тарихи-драмалық қойылым Тараз көрерменінің жүрегіне жол тауып, ыстық ықылас пен зор қошеметке ие болды. Бұл туынды – өткен мен бүгінді жалғаған рухани көпір іспетті, ұлттық тарихты жаңаша пайымдауға жетелейтін тағылымды сахналық дүние.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.