Қалалық қоғамдық-саяси газет

Сыбайластыққа қарсы саясат

0 240

Сыбайлас жемқорлықты жою және онымен күресу – бүгінгі күннің басты талабы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз осы әлеуметтік дертке бірге батыл қарсы тұруымыз қажет. Менің түбегейлі ұстанымым: мемлекет сыбайлас жемқорлықпен оны түп-тамырымен жойғанға дейін күресуі қажет», – деп атап өткен болатын. Сондықтан да қоғам дертіне айналған бұл індеттің алдын алу – ортақ міндет.

«Transparency International Kazakhstan» қоғамдық қоры жыл сайын республика бойынша жемқорлықтың деңгейін анықтауға арналған зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Сауалнамаға тартылған респонденттердің 50 пайызы өңірлер арасында біздің облыста сыбайлас жемқорлықтың деңгейі жоғары деп баға берген. Зерттеу нәтижесі сыбайлас жемқорлық біздің жерлестеріміздің өмірінің бір бөлігіне айналғандығын, онсыз мемлекеттік органдарда бірде-бір мәселені шешуге болмайтындығын байқатып отыр. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен облыстардағы департаменттердің азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және олардың жемқорлық көріністері орын алатын жағдайда өз құқығын қорғауға бағытталған жұмыстарды жоспарлы түрде жүргізіп келе жатқаны да сондықтан.
Жалпы агенттік төрағасы департамент басшыларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаттың басты бағыттарын айқындап, азаматтардың құқығын қорғауды жүктеп отыр. Қоғам ашықтықты, адалдықты талап етеді. Сондықтан еліміздің кез келген азаматы өз құқығын қорғап, заң аясында сауатты болуы қажет. Осылайша, зайырлы мемлекет болып, саналы ұрпақ қалыптасады. Осы бағытта департамент бірқатар іс-шараны қолға алып, тиісті деңгейде өткізуде. Соның бірі – «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлескен «Халықтық заңгер» акциясы.
Әртүрлі сала мамандары қатысқан жалпыреспубликалық шара Жамбыл, Байзақ, Меркі және Т.Рысқұлов аудандарында жалғасты. Акция барысында қоғамдық қабылдаулар ұйымдастырылып, тұрғындарға құқықтық, әлеуметтік, кәсіпкерлік бағытта кеңес берілді. Осы уақытқа дейін 36 тұрғын өз сауалдарының жауабын алып, проблемалары оң шешімін тапты. Алдағы уақытта өңірдің барлық аудандары мен Тараз қаласы қамтылмақ. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты бизнес форумы ұйымдастырылды. Өңірдегі кәсіпкерлер шақырылып, олардың кәсіптегі кедергілері мен шешімін таппай отырған мәселелері көтерілді. Барлық мемлекеттік органдардың мамандары қатысып, бизнесті дамытудағы жоспарлар талқыланды. Бұл өз кезегінде өңірдегі шағын және орта бизнесті дамытуға өз үлесін қоспақ.
Сонымен қатар форумда «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті өңір кәсіпкерлері мен инвесторларын қолдау көрсету үшін жемқорлықтан қорғау шарасының бірі –«Protecting business and investments» жобасы бойынша «Студия Даму» ЖШС және «Дәмді Себет» серіктестігімен меморандумға қол қойды. Бұған аумақтық кәсіпкерлер палатасы да үлкен үлес қосты. Агенттік бизнеске кәсіпкерлік қызмет аясында ғана емес, күнделікті өмірде де қорғауға және көмектесуге әрдайым дайын.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын сүйемелдеу ақысыз негізде жүзеге асырылады. Инвестор үшін жалғыз шарт – бизнесті адал жүргізу. Бір сөзбен айтқанда, олар сыбайластық және жемқорлықтың кез келген көріністеріне «мүлдем төзбеушілік» бойынша өзіне міндеттемелер алады. Бүгінгі күнге дейін біз шетелдік және отандық инвесторлармен осы бағытта жалпы сомасы 366 миллиард теңгені құрайтын 24 келісімге қол қойдық. Шетелдік инвесторлар қатарында Германия, Иран, Чехия, Қытай елдері бар. Қазіргі таңда 17 кәсіпкердің құқықтары қорғалған.
Сондай-ақ «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасы аясында әр сала бойынша 17 қоғамдық қабылдау ұйымдастырылды. Онда басшылар атқарған жұмыстарын саралап, тұрғындардың сауалдарына тиісті жауап берді. Бүгінгі күнге дейін жобалық кеңсеге кеңес алуға 158 азамат келген. Оның ішінде 53-інің мәселесі оң шешімін тауып отыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды Еріктілер жылы деп мәлімдегені белгілі. Осыған орай, біздің департамент пен «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қоғамды адамгершіліктің ізгі қасиеттеріне баулып, жастарды қайырымды істерге шақыру, тәрбиелеу мақсатында «Ізгілік елшісі» жобасын қолға алды. Бұл жоба қазіргі уақытта республиканың барлық өңірінде жүзеге асырылуда. Жоба аясында «Қамқор» қоғамдық қорымен біріккен арнайы штаб ұйымдастырылып, көмекке мұқтаж жандар, демеушілер мен меценаттар және еріктілер пулы құрылды. Ондағы мақсат – парасаттылық қағидаларын насихаттай отырып, қоғамдық іс-шараларға белсене араласып, бірлесе жұмыс атқару. Тараз қаласындағы 3 жоғары оқу орнының жастары жоба мүшелігіне қабылданды.
Нұр-Сұлтан қаласында кең көлемде қолданып жатқан бірінші басшылардың «Open space» форматтағы кеңселерге көшу бастамасы біздің өңірде де жүзеге асырылуда. Қазір департамент басшылығы «Оpen space» форматында қайта жабдықталып, ашық кеңседе жұмыс істей бастады. Тараз қаласының және Жамбыл, Байзақ, Талас аудандарының бірнеше бөлімдері мен ауылдық округ әкімдерінің кабинеттері жаңа форматқа көшті. Жалпы облыста 31 ашық кабинет қайта жабдықталды. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді бір орынға шоғырландыру арқылы олардың мерзімін едәуір қысқартуға, сондай-ақ тұрғындардың уақытын үнемдеу, сергелдеңге салмау, сапалы кеңестер беру және «бір терезе» қағидасы бойынша қызметтер көрсету принципі негізінде мемлекеттік органдармен «Сервистік әкімдік» орталықтарын және фронт офистерін ашу бағытында бірқатар жұмыстар жасалды.
Атап айтқанда, Тараз қаласы әкімдігі, сәулет және қала құрылысы мен жер қатынастары саласында қызмет көрсететін «Сервистік әкімдік» ашылды. «Оpen space» форматындағы кеңседе қызмет ететін қала әкімдігінің жер қатынастары мен сәулет және қала құрылысы бөлімдерінің мамандары бір жерге шоғырланды. Осы бағытта жұмыстар Меркі және Шу ауданында жалғасты. «Сервистік әкімдік» ашу жұмыстары Жамбыл, Талас, Сарысу және Мойынқұм аудандарында жыл соңына дейін іске қосу жоспарлануда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев: «Біздің миссиямыз – Қазақстан халқының игілігі үшін сыбайлас жемқорлықты жою. Біз азаматтарды және мемлекеттік институттарды сенімді қорғай білетін кәсіби, ашық, тиімді әрі нәтижелі құқық қорғау органының мәртебесіне толықтай сәйкес болу үшін бастаған жұмысымызды жалғастырамыз. Бұл үшін әділдік, парасаттылық және сенім сияқты басты құндылықтарға сүйене отырып жұмыс жасаймыз», – деп атап өткен еді. Департамент мамандары бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта жалғастыра береді.

Әділхан ӘШІРБАЕВ,
Сыбайлас жемқорлыққа
қарсы іс-қимыл агенттігінің
облыс бойынша департаментінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.