Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында қала әкімі Қайрат Әскербекұлының қатысуымен баспасөз конференциясы өтті. Қала басшысы тұрғын үй бағдарламалары жөнінде баяндама жасап, журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Сәндібек ПІРЕНОВ
Тұрғын үйге деген сұраныс жыл сайын артпаса, кемімейтіні рас. Дамудың даңғыл жолына түскен еліміздің басты міндеті – бәсекеге қабілетті мемлекеттермен иық тіресетін дәрежеге жету. Тұрғындарды баспанамен қамтып, халықтың өмір сүру деңгейін жақсарту – өркендеу жолындағы маңызды бетбұрыс. Бүгінгі таңда қалада 80 пәтерлі 19 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 80 және 60 пәтерлі 16 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ әлеуметтік жағдайы төмен, көпбалалы отбасыларға арендалық 80 пәтерлі 11 тұрғын үйдің құрылысына қала бюджетінен 22,0 млн теңге қаржы қарастырылған.
Мемлекеттік қордан тұрғын үй алу кезек тізіміне тіркелген азаматтарға 2019 жылдың мамыр айында 140 пәтер берілді. Оның ішінде көпбалалы отбасылар 65 пәтермен қамтамасыз етілді. Ағымдағы жылы көпбалалы отбасыларға арнап салынған 142 пәтерге бюджеттен 1 млрд 191,0 млн теңге қаржы қарастырылды. Ондағы 3 бөлмелі пәтерлердің көлемі 60-90 шаршы метрден кем болмайды және құны 8 млн 400,0 мың теңгеден аспайды. Ендігі кезекте мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы
Бағдарлама аясында Сүлейменов көшесінің аяқталар тұсынан 10 мың 300 отбасыға арналған 280 көпқабатты үйдің құрылысы жүргізілуде. Жаңадан бой көтеріп жатқан 15-ші мөлтек ауданның байланыс, кәріз, су және газ құбырлары желілерінің құрылыстары аяқталып, электрмен қамту, ішкі кварталдық көлік жолының және жылу желілерінің құрылысы аяқталуға жақын.
Сүлейменов көшесінде республикалық бюджеттен жартылай аз қамтылған көпбалалы отбасылар үшін 80 пәтерлі 4 үй және облыстық бюджет есебінен 80 пәтерлі бір үйдің құрылысы жүргізілуде. Үстіміздегі жылы 15-ші мөлтек ауданында несиеге берілетін 80 пәтерлі 10 үй пайдалануға берілді. Сондай-ақ аталған алқапта жергілікті атқарушы органдардың облигациялар шығару жолымен 60 пәтерлі 11 үйдің құрылысы жүргізілуде.
«7-20-25» бағдарламасы
Бағдарлама аясында «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» акционерлік қоғамының «Арай-2» мөлтек ауданындағы 80 пәтерлі 6 үйден қалған 102 пәтер және Сүлейменов көшесінің соңындағы 15-ші мөлтек ауданындағы 80 пәтерлі 9 үйден қалған 295 пәтерді сатылымға ұсыну үшін екінші деңгейлі банк қызметкерлерінің кестесі бекітілген. «7-20-25» ипотекалық бағдарламасын жүзеге асыру үшін Қойгелді көшесі №173 үйден арнайы орталықтандырылған түсіндіру офисі құрылды. Кеңсенің басты мақсаты бағдарламаға қатысушы барлық екінші деңгейдегі банктердің өкілдерін бір жерге шоғырландырып, қала тұрғындарын мәліметтік кеңестер, жеңілдіктер туралы хабардар ету, сол арқылы ипотекалық бағдарламаны қарқынды жүзеге асыру болып табылады. Мұнда бағдарлама бойынша «Арай» тұрғын алқабы, Сүлейменов көшесінің соңындағы 15-ші шағын аудандағы жаңа үйлерден пәтер алуға тұрғындардан өтініштер қабылданады. Сонымен қатар түсіндіру кеңсесінде серіктес екінші деңгейлі банктерден құжаттарды рәсімдеу, пәтердің шаршы метрі мен бөлмесі, бағасы туралы толық ақпарат беріледі. Аталған бағдарлама бойынша кеңес алуға 1499 азамат келген. Оның ішінде 1038 азаматқа түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 164 азаматқа «Арай-2», 297 азаматқа 15-ші мөлтек ауданға жолдама берілді.
«Бақытты отбасы» бағдарламасы
Тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларды қолдаудың «Бақытты отбасы» кешенді бағдарламасы бойынша тұрғындарға 10% бастапқы жарна, 2% жылдық үстемақымен 19 жылға бөліп төлеу мүмкіндігі ұсынылды. Бағдарлама «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ арқылы жүзеге асырылуда. Оған мемлекеттік қордан пәтер алуға тіркелген «толық емес отбасы», «көпбалалы отбасы», «мүгедек бала асыраушы отбасы» санаттарындағы азаматтар қатыса алады. Қазіргі уақытта қала бойынша 941 жолдама берілді. Оның ішінде 351 азаматтың құжаттары банкке қабылданып, 319 адамның төлем қабілеті расталды. Сонымен қатар ағымдағы жылдың тамыз айынан бастап қала аумағынан көпбалалы отбасыларға жекешелендіру құқығынсыз 142 пәтер сатып алынуда. Бұдан бөлек, «Қарасу» шағын ауданында облыс әкімінің тапсырмасы бойынша төрт жатақхана соғылып, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға заң аясында үлестіріледі.
Жеке тұрғын үйлер құрылысы
Жеке тұрғын үйлер құрылысы бойынша Сүлейменов көшесінен инвесторлар тарапынан несиеге берілетін бірыңғай сәулеттік стильдегі коттедждік үйлердің құрылыстарын жүргізу үшін жер телімдері белгіленген. Осының негізінде «КСС Construction», «РемСтрой-СС», «Сырым Білеке», «Дәмдес» мердігер компаниялары келісімшарт жасасты. Қазіргі таңда 14 үйдің құрылысы аяқталып, 4 үйге әлеуетті сатып алушы анықталды. Бұдан бөлек, қосымша 26 үйдің құрылысы жүргізілуде. Осы үйлерге халықты қоныстандыру мақсатында 2006 жылы жер учаскесін алуға кезекте тұрған азаматтарға түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жер мәселесін шешу жоспарда бар
Тұрғын үй жайлы айтқанда, жер кезегінде тұрған азаматтарды ескермеу мүмкін емес. Себебі жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімдерін алуға 71 493 азамат кезекте тұр. Оларға Асқаров көшесінен және «Хамукат», «Қарасай», «Құмшағал», «Шалғай Қарасу» алқаптарындағы 932,6 гектар жер қарастырылған. Нәтижесінде кезекте тұрған 3 752 азаматты жермен қамту жоспарлануда. Бұдан бөлек, 2012 жылдан бері «Көлтоған» алқабы маңындағы 250 гектар алаңда бөлінген 1 232 жер телімі қаралып, нәтижесінде пайдалану мерзімі өткен 127 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бос жатқан жерлер кезекте тұрған азаматтарға қайта берілетін болады.
Қала басшысының назарында болған тұрғын үй, жер мәселесі жоспарға сай орындалса, халықтың көптен бері қаузап жүрген сұрақтары сейілер еді. Бастысы, құрылыс жұмыстарында жүйе бар, тек мемлекет пен мердігерлер бастаған істі аяқсыз қалдырмаса игі.