Қазіргі заманда жаһандану қарқынды жүріп, әлемдік мәдениет пен технологиялар біздің күнделікті өмірімізге еніп отыр. Дегенмен, осы процесте ұлттық болмысымызды, дәстүріміз бен құндылықтарымызды сақтау басты міндетімізге айналды. Ұлттық құндылық – халықтың рухани негізі, мәдениетінің айнасы, ұрпаққа аманат болып қалатын мұра.
Қазақ үшін бұл – тіл мен тарихты қадірлеу, ата-бабамыздан қалған салт-дәстүрді сақтау, үлкенді сыйлау, кішіге ізет көрсету, қонақжайлық пен бірлікті насихаттау. «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деген ұстаным тек сөзде қалмауға тиіс. Ол отбасы тәрбиесінен басталып, қоғамдағы қарым-қатынаста көрініс табуы керек.
Сонымен бірге ұлттық құндылық дегеніміз – ең алдымен, ана тілі, салт-дәстүр, тарих пен мәдениет. Кітапхана осы құндылықтардың барлығын бір арнаға тоғыстырып, ұрпақ санасына сіңіреді. Ана тілінде жазылған әдебиеттер арқылы жастар сөз байлығын арттырып қана қоймай, ұлттық ойлау жүйесін қалыптастырады. Тарихи еңбектер мен деректер жас буынға өткеннің сабағын ұқтырып, ел мен жерге деген сүйіспеншілікті арттырады. Салт-дәстүрге қатысты кітаптар қазақы болмысты сақтауға, ұлттық тәрбиені нығайтуға ықпал етеді.
Кітапхана сөрелерінде тұрған әрбір кітап – ұлт тарихының бір парағы, халық тағдырының бір үзігі. Абайдың даналыққа толы қара сөздері, Шоқан Уәлихановтың ғылыми-зерттеу еңбектері, Ахмет Байтұрсынұлының тіл мен ұлт туралы тұжырымдары, Мұхтар Әуезовтің көркем әлемі – барлығы да қазақ руханиятының алтын арқауы. Бұл еңбектерді сақтау, насихаттау, жас ұрпаққа жеткізу – кітапхананың басты міндеттерінің бірі. Осы арқылы кітапхана ұлттық сананы қалыптастырып, елдік болмысты нығайтуға қызмет етеді.
Қай кезеңде де адамзат өркениетінің дамуы біліммен, ал білімнің негізі кітаппен тікелей байланысты. Сол кітап атаулыны жинақтап, сақтап, оқырманға ұсынатын киелі мекен – кітапхана. Кітапхана – тек оқу орны емес, ол ұлттың рухани жадын сақтайтын, мәдениетін ұлықтайтын, тарихын танытатын қасиетті орда. Қазақ халқы үшін кітапхана ұғымы терең мағынаға ие, себебі халқымыз ежелден сөз қадірін біліп, білімді ең асыл қазына санаған. «Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар» деген аталы сөздің өзі-ақ кітап пен білімге деген ұлттық көзқарасты айқын аңғартады.
Қазақтың дәстүрлі қоғамында кітапхана болмаса да, оның қызметін атқарған рухани орта болғаны белгілі. Жыршы-жыраулар, шешендер мен ақындар ел тарихын, салт-дәстүрін, моральдық қағидаларын ауыздан-ауызға жеткізіп, халықтың рухани қазынасын сақтады. Батырлар жыры, шежірелер, мақал-мәтелдер мен аңыздар – ұлттық құндылықтардың мәйегі. Уақыт өте келе осы мол мұра жазба мәдениет арқылы хатқа түсіп, кітапқа айналды. Ал сол асыл дүниелердің басын қосып, бүгінгі күнге аман жеткізген рухани мекен – кітапхана.
Қазіргі заманда кітапханалар жаңарып, заман талабына сай дамып келеді. Цифрлық технологиялар енгізіліп, электрондық кітаптар мен онлайн қорлар жасақталуда. Алайда қандай өзгеріс болса да, кітапхананың негізгі миссиясы өзгермейді. Ол – білім тарату, мәдени мұраны сақтау, ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Көне қолжазбалар мен сирек кітаптарды цифрландыру арқылы ұлт мұрасын сақтап қалу – бүгінгі кітапханалардың маңызды бағытының бірі. Бұл өткен мен бүгінді байланыстырып, рухани сабақтастықты жалғастыруға мүмкіндік береді.
Қорытындылай айтқанда, кітапхана – білім мен мәдениеттің ғана емес, қазақтың ұлттық құндылықтарының қазынасы. Ол – халықтың рухани жадын сақтайтын, ұлттық сананы қалыптастыратын, өткен мен бүгінді жалғайтын алтын көпір. Кітапхананы дамыту – ұлтты дамыту, кітапқа құрмет көрсету – болашаққа деген жауапкершілік. Сондықтан кітапханаға қамқорлық жасау, ондағы ұлттық мұраны байытып, насихаттау – әрбір саналы азаматтың ортақ парызы.
Мөлдір ОРАЗАЛИЕВА,
Ш.Уәлиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың
«Абонемент қамтамасыз ету» секторының меңгерушісі