Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Экономикалық көрсеткіштер көңіл қуантады

0 80

Өңірлердің экономикалық дамуы – мемлекеттің орнықты өсімін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі. Ел экономикасының қуаты тек ірі мегаполистермен немесе жекелеген салалармен өлшенбейді. Ол, ең әуелі, әр аймақтың өндірістік әлеуеті, кәсіпкерлік белсенділігі, инвестициялық тартымдылығы және халықтың өмір сүру деңгейімен тығыз байланысты.

Өңірлер тең дәрежеде дамыған жағдайда ғана ұлттық экономикада тұрақтылық қалыптасып, әлеуметтік теңсіздік азаяды, ішкі нарық кеңейеді және жалпы ішкі өнімнің өсімі қамтамасыз етілетіні белгілі. Осы тұрғыдан алғанда аймақтық экономиканы дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып отыр. Әр өңірдің өзіндік географиялық, демографиялық және ресурстық ерекшеліктері бар. Сол ерекшеліктерді тиімді пайдалану арқылы жаңа жұмыс орындары ашылып, шағын және орта бизнес дамиды, өндіріс көлемі артады. Бұл, өз кезегінде, елдің экономикалық қауіпсіздігін нығайтып, ұзақ мерзімді даму стратегияларын іске асыруға негіз қалайды.
Қазақстанның оңтүстік өңірінде орналасқан Тараз қаласы да ел экономикасында өзіндік орны бар тарихи әрі өндірістік орталық ретінде ерекшеленеді. Көне шаһардың экономикалық дамуы тек жергілікті деңгейде ғана емес, тұтас облыс пен республиканың әлеуметтік-экономикалық ахуалына әсер ететін маңызды көрсеткіш десек, артық емес. Сондықтан Тараз қаласының қазіргі экономикалық жағдайын, алдағы бағыттарын және әлеуетін талдау өңірлік дамудың жалпы үрдістерін түсінуге мүмкіндік береді. Осыған орай облыс орталығында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, нақты істер қолға алынуда. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, көне шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамиканың қалыптасуы – жоғары сөзіміздің нақты дәлелі. Қала әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің ресми мәліметінше, былтыр қала кәсіпорындары 695 миллиард 105,7 миллион теңгенің өнімдерін өндіріп, нақты көлем индексі 115,7 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылмен салыстырғанда 203 миллиард 436,9 миллион теңгеге артық болып отыр. Нақтырақ тоқталсақ, өңдеу өнеркәсібінде 509 миллиард 302,1 миллион теңгеге өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 119,6 пайызды құраса, кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде өнім мөлшері 2 миллиард 479,3 миллион теңгеге жетіп, 83,6 пайызға орындалған. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1 миллиард 635 миллион теңгеге артып отыр. Сонымен қатар электрмен жабдықтау, газ беру саласында көрсеткіш 117 миллиард 83,2 миллион теңгені құраса, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау саласындағы көрсеткіш 6 миллиард 241,1 миллион теңгеге жетіп, 98,1 пайызға орындалды.
Бүгінде өңірлерге инвестиция тарту – ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ететін негізгі тетіктердің бірі. Инвестиция – бұл тек қаржы құю ғана емес, сонымен қатар жаңа технологиялар, басқару тәжірибесі, заманауи өндіріс пен бәсекеге қабілетті өнім қалыптастыруға жол ашатын стратегиялық ресурс. Аймақтарға бағытталған инвестициялар экономиканың нақты секторын жандандырып, өндірістік әлеуетті арттырумен қатар, әлеуметтік тұрақтылықты сақтауға да ықпал етеді.
Президент тапсырмасы негізінде бұл бағытта Тараз қаласында кешенді шаралар қолға алынып жатыр. Нәтижесінде өткен жылы шаһар аумағында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 227 миллиард 121,3 миллион теңгені, нақты көлем индексі 109 пайызды құрады. Оның ішінде инвестициялардың жалпы көлеміндегі бюджеттік салымдар – 68 миллиард 828,5 миллион, шаруашылық субъектілерінің өзіндік қаражаттары – 158 миллиард 292,9 миллион теңгеге жетіп, 9,8 пайызға өсіп отыр.
Есепті кезеңде асыраушы салада да алға ілгерілеу айқын байқалып отыр. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында 25 миллиард 221,8 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Оның ішінде 16 миллиард 583,1 миллион теңгесі – өсімдік, ал 7 миллиард 85,1 миллион теңгесі мал шаруашылықтарына тиесілі.
Қаланың тұрақты дамуы мен халықтың өмір сүру сапасын арттыруда құрылыс саласының да алатын орны ерекше. Соңғы жылдары шаһар аумағында құрылыс жұмыстарының қарқын алуы экономикалық белсенділіктің, инвестициялық тартымдылықтың және әлеуметтік сұраныстың өскенін айғақтайтын маңызды көрсеткіштердің бірі болып отыр. Әсіресе, тұрғын үй құрылысының жандана түсуі тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беруде.
Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің артуы қала инфрақұрылымының кеңейіп, заманауи талаптарға сай жаңарып жатқанын көрсетеді. Жаңа тұрғын үйлердің салынуы тек баспана тапшылығын азайтып қана қоймай, құрылыс индустриясымен байланысты өзге де салалардың дамуына серпін береді. Бұл, өз кезегінде, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің жандануына және қаланың экономикалық әлеуетінің артуына ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қаланың ұзақ мерзімді даму жоспарларының кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын білдіреді. Таразда бұл салада да оң өзгерістер баршылық. Айталық, өткен жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 103 миллиард 628 миллион теңгені құрап, нақты көлем индексі 107,7 пайызға орындалды. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй мөлшерінің жалпы аумағы 443,4 мың шаршы метрге жетті.
Сондай-ақ былтырғы жылдың қорытындысы бойынша қалада инфляция деңгейі 11,8 пайызды құрады. Оның ішінде азық-түлік тауарлары – 13,2, азық-түлік емес тауарлар – 10,2 және ақылы қызметтер тарифі 10,8 пайызға өскен. Сонымен қатар бөлшек сауда тауар айналымы – 427 миллиард 292,6 миллион теңгені, ал көтерме сауда тауар айналымы 350 миллиард 637 миллион теңгені құрады.
Халықтың табыс деңгейінің өсуі, ең төменгі күнкөріс деңгейі мен орташа айлық жалақының артуы әлеуметтік-экономикалық ахуалдың біртіндеп жақсарып келе жатқанын аңғартады. Бұл көрсеткіштер жүргізіліп отырған әлеуметтік және экономикалық саясаттың тиімділігін айқындай отырып, алдағы кезеңде де халықты жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау шараларын күшейтудің маңыздылығын көрсетеді. Мәселен, 2025 жылы Тараз қаласында жалпы сомасы 1 миллиард 272,2 миллион теңгеге 2 934 отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді. Оның ішінде 970 отбасыға 50,9 миллион теңге көлемінде тұрғын үй көмегі тағайындалып, олардың әлеуметтік жүктемесін азайтуға мүмкіндік жасалды. Ал табысы төмен азаматтарды қолдаудың негізгі тетігі болып саналатын 1 миллиард 221,3 миллион теңге мөлшеріндегі атаулы әлеуметтік көмек 1 964 отбасының 10 211 мүшесіне төленді. Бұл әлеуметтік осал топтарды қолдаудың мақсатты әрі адресаттық сипатын айқын көрсетеді.
Жұмыспен қамту бағытында да оң нәтижелерге қол жеткізілді. Қалалық өңірлік жұмыспен қамту картасына сәйкес, өткен жылы 22 425 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланған болса, нақтысында 23 444 азамат жұмыспен қамтылып, жоспар 104,5 пайызға орындалды. Оның ішінде 18 879 тұрғын тұрақты жұмыс орындарына орналасса, 4 565 адам уақытша жұмыспен қамтылды. Нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрап, өткен жылдың деңгейінде сақталды. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік жағдайын сипаттайтын негізгі көрсеткіштерде өсім байқалды. Атап айтқанда, ең төменгі күнкөріс деңгейі 51 818 теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда айтарлықтай артты. Орташа номиналды айлық жалақы да өсіп, 314 028 теңгеге жетті.
Түйіндей айтқанда, Тараз қаласы бүгінде бай тарихи мұрасымен қатар заманауи дамудың нақты нәтижелерімен де ерекшеленіп отыр. Ғасырлар қойнауынан сыр шерткен көне шаһар қазіргі кезеңде әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтіп, жаңа серпінмен алға жылжуда. Экономикалық көрсеткіштердің оң динамикасы шаһардың дамудың даңғыл жолына түскенін айқын көрсетеді.
Сонымен қатар қалалық инфрақұрылымды жақсарту бағытында да ауқымды жұмыстар қолға алынған. Мәселен, аулаларды көркейту, көшелерді жарықтандыру, тұрғындарды сапалы ауызсумен қамту, қоғамдық көлік қызметінің қолжетімділігін арттыру сынды маңызды мәселелер де кезең-кезеңімен өз шешімін табуда. Тұрғындар үшін қолайлы әрі қауіпсіз қалалық орта қалыптастыруға бағытталған мұндай ілкімді істер алдағы уақытта да жүйелі түрде өз жалғасын табады.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.