Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көркем мінез – мұсылманның айнасы

0 94

Ислам дінінің ең басты мақсаты – адамның ішкі жан дүниесін түзеп, оны рухани кемелдікке жеткізу. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Мен көркем мінезді кемеліне келтіру үшін жіберілдім», – деген (имам Бәйһақи).

Алла Тағала қасиетті Құранда ардақты Пайғамбарымыз жайында: «Шүбәсіз, сен ұлы көркем мінез-құлыққа иесің», – деген («Қалам» сүресі, 4-аят).

Бұл аят пен хадис бізге исламның мәні тек сыртқы рәсімдерде емес, құлшылықтың адам бойындағы көркем ісінде екенін ұқтырады. Мұхаммед әл-Ғазали өзінің «Хулуқу әл-муслим» (мұсылманның мінез-құлқы) еңбегінде атап өткендей, біздің намазымыз, оразамыз бен зекетіміз – жай ғана атқарылатын міндеттер емес, олар пенденің нәпсісін тізгіндеп, жан дүниесін ізгілікке тәрбиелейтін құлшылықтар. Нағыз имандылық көркем мінезден көрініс табады. Егер құлшылық адамды тәкаппарлықтан, өтіріктен және өзгеге зиян тигізуден тыймаса, ол иманның әлсіздігін білдіреді. Сондықтан мұсылманның шынайы мұраты – ғибадат арқылы жүрегін тазартып, айналасына шуақ шашатын, көркем әдепті тұлға болу.

Ислам діні – тек мешіт ішіндегі құлшылықпен ғана шектелмейтін, адамның бүкіл болмысын ізгілікке бағыттайтын өміршең жол. Кейбіреулер құлшылық пен мінез-құлықты екі бөлек дүние деп түсінеді. Алайда шынайы мұсылмандық – бұл ішкі сенім мен сыртқы әдептің тоғысуы. Алла Тағаланың бізге парыз еткен әрбір құлшылығының астарында көркем мінездің мектебі тұр. Сол себепті құлшылықтың адам мінезіне тигізер әсері мен оның маңыздылығы орасан зор.

Тарқатып айтар болсақ, намаз – діннің тірегі. Бірақ намаздың басты мақсаты тек белгілі бір қимылдарды орындау емес, адамның жан дүниесін жамандықтан тазарту. Алла Тағала Құран Кәрімде былай бұйырады: «Шын мәнінде, намаз арсыздықтан һәм жамандық атаулыдан (теріс қылықтардан) тыяды», – деген («Анкабут» сүресі, 45-аят).

Егер намаз оқитын адамның тілінен өсек, ісінен қиянат арылмаса, демек ол намаздың нағыз мәніне жете алмаған деген сөз. Өйткені намаз адамды ізгілікке, кішіпейілділікке және тазалыққа үйретеді. Күніне бес рет Раббысының алдында иіліп, сәждеге бас қойған пенде – өзгелерге менмендік көрсетпеуі тиіс.

Барлық құлшылықтың түпкі нәтижесі – адамның адамгершілік қасиеттерін арттыру. Сондықтан шынайы иманның дәмін сезінген адамның жүзінен нұр, сөзінен шуақ шашылып тұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мүміндердің ішінде иманы ең кәмілі – мінез-құлқы ең жақсы болғаны», – деп бекер айтпаған (имам Термизи).

Құлшылығы көп, бірақ мінезі дөрекі адамның имандылығында ақау бар. Себебі нағыз мұсылман – қолымен де, тілімен де өзгеге зиян тигізбейтін жан.

Қазақ мақал-мәтелдерінің бірінде «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі» деген. Сонымен қатар «Он бәленің тоғызы – тілден», «Ұрлық түбі – қорлық», «Біреуге ор қазба – өзің түсесің», «Жақсыға барсаң – жадырап қайтарсың, жаманға барсаң – жабығып қайтарсың» деп ұрпағын тәрбиелеп отырған. Есейе келе дін мен дәстүрді қоса меңгерген ұрпағы, үлкенге ізет, кішіге құрмет көрсеткен.

Егер адамның имандылығын тамыры терең ағашқа баласақ, оның діңгегі – құлшылық, ал жемісі – көркем мінез. Жемісі жоқ ағаштан ешкім сая таппайтыны секілді, мінезі түзелмеген мұсылманның да өзгеге пайдасы, дінге абыройы шамалы.

Көркем мінездің маңыздылығын мынадай үш негізгі қырынан түсінуіміз керек:

  1. Ақырет таразысындағы ең ауыр амал ретінде

Біз Қиямет күні таразыны ауыр басатын тек нәпіл намаздар немесе ұзақ зікірлер деп ойлауымыз мүмкін. Алайда, ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Қиямет күні мүміннің таразысында көркем мінезден ауыр басатын ештеңе болмайды», – деген (имам Әбу Дәуіт).

  1. Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақын болудың жолы ретінде

Әрбір мұсылманның арманы – жәннатта Пайғамбарымызбен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге болу. Ал Алланың Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кімдерді жанына жақын тұтатындығы жайында өзінің хадисінде: «Араларыңдағы маған ең сүйіктілерің және Қиямет күні маған ең жақын болатындарың – мінез-құлқы ең көркем болғандарың», – деген (имам Термизи).

  1. Қоғамның амандығы мен тұтастығы ретінде

Көркем мінез бар жерде сенім, бауырмалдық және береке болады. Егер мұсылман қауымының мінезі дөрекі, сөзі жалған болса, діннің айбыны кетеді. Сондықтан мінезді түзету – жеке адамның ғана емес, бүкіл үмбеттің амандығы үшін атқарылатын ұлы міндет.

Көркем мінез – адамға туа біткен қасиет емес, ол – саналы түрдегі еңбек пен тәрбиенің жемісі. Мінезді өзгерту үшін адам өз бойындағы жағымсыз қасиеттерге қарсы тұруы керек. Егер адам ашуланшақ болса – сабырлылыққа, сараң болса – жомарттыққа өзін тәрбиелеуге тиіс. Аталмыш асыл қасиеттер уақыт өте келе адамның әдетіне айналары анық. «Болмасаң да ұқсап бақ» деген хакім Абай атамыздың сөзі осыған саяды.

Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көркем мінезі жайында айту, әлбетте оны бір сөзбен жеткізу мүмкін емес. Өйткені Алла Тағала ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мінезін қасиетті Құранда мадақтаған.

Көркем мінез – бұл пенденің Жаратушыға деген шексіз махаббатының іс-жүзіндегі дәлелі. Егер жүректе Аллаға деген шынайы қорқыныш пен сүйіспеншілік болса, ол адамның тілінен – жылулық, қолынан – береке, ал жүзінен – нұр болып төгіледі. Иман – асыл қазына болса, мінез – сол қазынаның айналаға шашқан шуағы. Шуағы жоқ күннің жылуы болмайтыны секілді, көркем әдебі жоқ мұсылманның да айналасына шапағаты тимейді.

Бектұрсын УӘЛИЕВ,
дінтанушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.