Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Кооператив қызметі: Тұрғындар пікірі неге ескерілмеді?

0 48

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесі – қала өмірінің ең өзекті және әлеуметтік маңызы зор салаларының бірі. Әсіресе, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару мәселесі қоғам талқысына жиі түседі. Өйткені, бұл тұрғындардың күнделікті тұрмыс сапасына тікелей әсер ететіні белгілі.

Осыған орай бүгінде тұрғын үй қорын тиімді басқару, қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында елімізде пәтер иелері кооперативі (ПИК), мүлік иелерінің бірлестігі (МИБ) секілді ұйымдар көптеп құрылуда. Алайда, мұндай ұйымдардың қызметі әрдайым тұрғындардың еркі мен таңдауы ескеріле отырып жүзеге аса бермейтін секілді. Олай дейтініміз, Тараз қаласында соңғы уақытта аталған ұйымдарға тұрғындарды олардың келісімінсіз қосуға байланысты шағымдар көбейіп, жұртшылық арасында түсінбеушілік пен наразылық туындатуда. Солардың қатарында «Арай-2» алқабы, №9 үйдің тұрғыны Раушан Сабеева да бар. Оның айтуы бойынша, тұрғын үйді ПИК-ке қосар кезде ешбір тұрғыннан келісім алынбаған.
– Бұл мәселе туралы ешқандай хабарландырулар, талқылаулар немесе дауыс берулер ұйымдастырылған жоқ. Яғни, үйді кооперативке кіргізу туралы шешім біржақты қабылданып отыр. Бұл тұрғын үйдің меншік иесі ретінде менің ғана емес, өзге де тұрғындардың құқықтарын өрескел бұзу екені сөзсіз. Сондай-ақ бұл көппәтерлі тұрғын үйдің ортақ мүлкін басқару тәртібін реттейтін қолданыстағы заңнаманың талаптарына да қайшы. Соның салдарынан енді бұрын-соңды не естімеген, не көрмеген «Байланыс» деп аталатын кооперативке ай сайын 2 988 теңге төлеуіміз керек екен. Шыны керек, бұған дейін тұрғын үйдің қандай да бір жүйесінен ақау шықса, не кооперативтен, не өзге де қызмет түрлерінен мамандар келіп, көмек қолын созған емес. Барлығын тұрғындар өздері қаражат жинап, ретке келтіріп келеді. Ендеше, біз өзіміз таңдамаған, қаламаған қызметке неліктен осынша қаржы аударуымыз керек? Осыған байланысты кооперативке қандай құқықтық негізде қосылғаны туралы ресми түсініктеме берілуін, бұл шешімге негіз болған құжаттар, келісімдер және өзге де материалдардың көшірмелерін ұсынуды, тиісті рәсімдерге сәйкес заңды түрде ортақ жиналыс өткізілгенге дейін кооперативке қосуға байланысты барлық әрекеттерді дереу тоқтатуды және белгіленген барлық талаптар мен рәсімдерді сақтай отырып және меншік иелерінің пікірін ескеріп тұрғындардың жалпы жиналысын ұйымдастыруды талап етудеміз. Алайда, жергілікті әкімдіктің осы салаға жауапты бөлімінің табалдырығын қаншама рет тоздырғанымызбен мардымды нәтиже болмай тұр, – дейді тұрғын.
Дәл осындай келеңсіз жағдай «Ұлы дала» шағынауданында да орын алып отыр екен. Аталған шағынауданның тұрғыны Гаухар Аманжолованың сөзінше, тұрғын үйлерінің әлдебір кооперативке қосылғаны туралы төлем түбіртегі келгенде бір-ақ білген.
– Өткен жылдың соңында біз тұратын үйде күтпеген жерден жаңа кооператив пайда болды. Ең қызығы – кооперативтен бұрын оның төлем түбіртегі келіп үлгерді. Алайда, бұл қандай ұйым? Қашан құрылды? Қандай қызмет көрсетеді? Бізге не үшін қажет? Бұл туралы ешқандай нақты ақпарат жоқ. Алдын ала не жиналыс, не ақылдасу, не таныстыру рәсімі де болған емес.

Қала билігі болсын, басқарушы ұйым болсын, ең алдымен тұрғындарға түсіндіруі керек қой. Жаңа құрылымның артықшылығы қандай, нендей жұмыстар атқарады – міне, осы нәрселер ашық айтылса, көп сұрақ болмас еді. Өкініштісі, мұның ешқайсысына жауап ала алмадық. Сөйте тұра ай сайын кооператив қызметіне 3 мың теңгеге жуық қаржы төлеулеріңіз керек деп талап етіп отыр. Біз сонда өзіміз тұтынбаған, таңдау жасамаған қызмет үшін ақша төлейміз бе? Бұл мүлде ақылға сыймайды. Егер біз өз үйіміздің жағдайын, қауіпсіздігін, шығындарын бірге талқылай алмасақ, онда ортақ мүлікке бірдей жауапты болудың мәні қандай?, – деп іш қынжылысын жеткізді тұрғын.
Тұрғындардың базынасына құлақ түрген соң, осы мәселе бойынша қала әкімдігі тұрғын үй қатынастары бөліміне қайырылдық. Аталған бөлім басшысының міндетін атқарушы Сұлтанмахмұт Утешов тұрғын үйлерді кооперативке кіргізу жұмыстары заң аясында жүргізілгенін тілге тиек етті.
– Алдын ала, басқару органы жоқ үйлердің тұрғындарымен, тұрғын үй қатынастары бөлімінің өкілдері тарапынан кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін басқару органын таңдау мәселелеріне қатысты жалпы жиналыс өткізу бойынша жұмыс жүргізіледі. Бұдан кейін «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 51-5 бабының, 4 тармақшасына сәйкес, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері арасында кондоминиум объектісін басқару нысанын не кондоминиум объектісін басқару субъектісін таңдау туралы келісімге қол жеткізілмеген кезде тұрғын үй инспекциясы екі және одан астам ай ішінде немесе жиналыс хаттамасының негізінде пәтерлер, тұрғын емес үй-жайлар меншік иелерінің өтініші бойынша уақытша басқарушы компанияны айқындау және тағайындау қағидаларына сәйкес уақытша басқарушы компанияны айқындайды және тағайындайды. Бұл бойынша жиналыс аталған заңның 42-бабына сәйкес өтеді. Нақты шешім тұрғындардың жалпы санының көпшілік дауысымен, яғни 51 пайызы келісім берген жағдайда қабылданады. Сондай-ақ Тараз қаласы бойынша кондоминиум объектісін басқаруға және кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін ұстауға ақы төлеу қалалық мәслихаттың 2023 жылғы 22 маусымдағы №5044 шешімімен 1 шаршы метрі үшін 29 теңге мөлшерінде қабылданды. Сондықтан бұған байланысты тұрғындардың шағымы негізсіз, – дейді Сұлтанмахмұт Әмірұлы.
Жалпы, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару қашанда өзекті мәнге ие. Бір жағынан, тұрғын үй қоры ескіріп, инженерлік жүйелерді күтімде ұстау қажеттігі басқарушы ұйымдардың құрылуын талап етсе, екінші жағынан, мұндай ұйымдардың қызметі тұрғындардың келісімі мен сеніміне негізделуге тиіс. Сондықтан бұл салада ашықтық, ақпараттандыру және қоғамдық бақылау тетіктерін күшейту маңызды. Тұрғындардың талабы да – осы.
Өз кезегінде жергілікті билік өкілдері заң талаптарының сақталғанын алға тартып, қабылданған шешімдердің негізді екенін айтады. Алайда, ең бастысы – тұрғындардың мүддесі ескеріліп, әр үйдің ортақ мүлкіне қатысты шешімдер көпшілік талқысымен қабылданғаны жөн-ақ. Осы тұрғыдан алғанда, тараптардың ортақ келісімге келуі мен өзара түсіністігі уақыт еншісіндегі мәселе болып отыр.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.