Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Өртке оранған тұрғын үй қалпына келтірілуде

0 72

Тараз қаласы, «Қарасу» (5) шағынауданындағы №15 үйде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жоспарға сәйкес жалғасуда. Қазіргі таңда өртенген тұрғын үйдің шатыры толық жабылып, 43 пәтерде ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстарды 20 ақпанға дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.

Осыған орай Тараз қаласы әкімінің орынбасарлары Ұлана Сламбекова мен Нұрсұлтан Исабеков, тиісті сала басшылары, мердігер ұйым өкілдері және мамандар аталған үйдің тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді. Басқосу барысында жауапты тұлғалар қалпына келтіру жұмыстары қала әкімдігінің қатаң бақылауында болатынын жеткізді.
Еске сала кетсек, 31 желтоқсан күні, тура Жаңа жыл мерекесінің алдында 5 қабатты, 90 пәтерлік тұрғын үйдің 5-қабатындағы балконнан өрт шыққан еді. Кейіннен ғимараттың шатырына жайылған тілсіз жау жұртшылықты біраз әбігерге салған болатын. Нәтижесінде аумағы шамамен 900 шаршы метрді құрайтын шатырдың күлі көкке ұшты.
Өрт сөндірушілер алғаш келген кезде үйдің балконы мен шатыры жанып жатқан. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындарды баспалдақтар арқылы қауіпсіз жерге эвакуациялады. Қызыл жалынды сөндіруге 62 қызметкер мен 22 техника жұмылдырылып, сағат 23:41-де тілсіз жау толығымен оқшауланды. Бір қуанарлығы сол, өрт салдарынан ешкім қаза тапқан жоқ.
Төтенше жағдайға байланысты оқиға орнында жылыту пунктері ұйымдастырылып, жедел штаб құрылды. Полиция қызметкерлері қоғамдық тәртіпті үздіксіз қамтамасыз етті.
Оқиға орнына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев пен шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков арнайы барып, өртенген үйдің тұрғындарының жағдайымен танысқан болатын.

«JT»-ақпарат

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.