Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Сталкинг – сезім емес, қылмыс

0 211

«Мені біреу аңдып, мазамды алып жүр… Әлеуметтік желіде әр қадамымды фейк парақшамен қарайды… Жалғыз жүре алмаймын…» Бұл сөздер – жай үрей емес, күн сайын мыңдаған адам бастан кешіп жүрген қауіптің көрінісі.

Адамды аңду, оның жеке өміріне қол сұғу сталкинг деп аталады. Ол – заманауи қоғамда тамырын тереңге жайған, бірақ көп жағдайда еленбей келе жатқан жасырын қылмыс. Бұл – адамның жеке кеңістігін бұзу, қауіп төндіру, психологиялық қысым көрсету.
Еуропалық гендерлік институтының мәліметінде дүние жүзіндегі әрбір оныншы әйел сталкингке ұшырайды екен. Ал одан қалай қорғануға болады? Еліміздегі ахуал қандай? Жаңа заң бұл мәселемен күресті жеңе ала ма?

Сталкинг – романтика емес

Аңду ма, қорқыту ма? Сталкинг деген не? Атауы өзгергенімен, бұл ұғым бұрыннан бар. Біреу жүйелі түрде маза бермей телефон соқса, есік аңдып, әлеуметтік желіде ұдайы бақыласа – сталкинг саналады. Мұның ішіне қорқытып-үркіту, қоқан-лоқы көрсету секілді психологиялық қысым да бар. Қысқасы, зәбір көрушінің зәресін алып, мазасын кетірудің бәрі осы санатқа жатады.
Байқасаңыз, мұндай оқиға қыз-жігіт болып араласқан жұптарда, ажырасқан отбасыларда көп кездеседі. Екіге кеткенде де бұрынғы әйелінің өмірін бақылағысы келетін талай азамат сталкингтің түр-түрін жасаған. Бетін қайтарса да аяқ тартпайтын қаншама жігіт қызды қаратамын деп аңдумен болды. Қоғам мұндай істі «қалыпты қызғаныш», «жастықтың буы» дегенге салып, біршамасын ақтап алуға тырысып, жазасыз жіберіп келген. Кейін көзқарастың салқыны қайғылы оқиғаға ұласқанын көріп жүрміз. Мәселен, күні кеше Шымкентте Нұрай есімді бойжеткеннің кісі қолынан қаза болуы бүкіл елді дүрліктірді. Тіпті, Ұлттық құрылтайда Президенттің өзі осы жайтқа тоқталып, сала мамандарына тиісті шара қолдануды ұсынды.

«Күдіктінің Нұрайды аңдып, маза бермей, қоқан-лоқы көрсеткені анықталып отыр. Ақыры, мұның арты адам өліміне әкеп соқтырды. Осыған байланысты Ішкі істер министріне Шымкент қалалық департаментінің әрекетіне құқықтық баға беруді тапсырдым. Бас прокурор да бұл мәселені мұқият тексереді. Қыз алып қашу – адам ұрлау деген сөз, бұл – ұлтымыздың беделіне нұқсан келтіретін өрескел, жабайы қылмыс. Ондай қатігездікке ешқашан жол беруге болмайды. Жыл өткен сайын халықтың сана-сезімі өсіп, қоғамда азаматтық жауапкершілік деңгейі артып келеді. Заңнамалық өзгерістер де соған сай болуы өте маңызды. Заң мен тәртіп – бәріне ортақ. Еліміздің әрбір азаматы заң талаптарын бұлжытпай орындауға тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Қоғамымызда ер мен әйел өз еркімен шаңырақ көтеріп, некесін мемлекеттік мекемеде ресми түрде тіркейтін дәстүрлі отбасы институтын заңнамалық тұрғыдан нығайта түскен жөн. Бірақ мемлекеттің моральға қатысты ресми ұстанымына сай келмейтін көзқарасы үшін біреуді қылмыстық қудалауға, моральдық жағынан кемсітуге еш жол беруге болмайды. Ал мемлекеттің ұстанымын «Әр азаматтың таңдау құқығы бар. Алайда ешкім өз таңдауын біреуге күштеп таңа алмайды» деген формуламен түйіндеуге болады. Біздің мемлекетіміз барлық азаматтың құқығы мен бостандығын, ар-намысын табандылықпен қорғай береді.
Сталкингті тек ерге тән деп тану дұрыс болмас. Дегенмен жәбір көргеннің көбі – әйел. Ұдайы бақылау мен аңдудың кесірінен психологиялық жағдайы нашарлаған адамдар жетіп артылады. Мұның мысалын әлеуметтік желіден мыңдап кездестіруге болады. Өкініштісі сол, елімізде күйеуі не досы маза бермеген соң өзіне қол жұмсаған қыздардың саны көбейген. Кейінгі жылдары тұрмыстық зорлық-зомбылық, әйелдер мен балаларды қорғау бағытында арнайы заң қабылданды. Қоғамдық резонанс тудырған тақырыптан соң талап пен бақылау күшейді. Осы орайдағы қоғамның соңғы сұрауының бірі сталкингке қарсы жаза болғанын жасыра алмаймыз.
– Сталкинг – романтика емес. Маған таныс жігіт сезімін білдіріп, ұсыныс жасады. Мен ол жігітті жақсы көрмегендіктен сезіміне сезіммен жауап бермедім. Содан бастап ол мені аңдуын бастады. Алғашында ештеңеден сезіктенбедім. Бір жерде оқитын болғандықтан, кездесіп қалу қалыпты жағдай болып көрінді. Бірақ мен баратын шараларда, тіпті үйімнің маңында көргенде ішім жамандықты сезді. Сосын құрбыларыма айта бастадым, жалғыз жүруден қалдым. Телефоныма түрлі хабарламалар келе бастады. Жігіттер үшін романтика шығар, бірақ өзінің сезімін қабылдамаған адамды сүйдіріп аламын деп көп адам қателеседі. Ақыры үй-ішіне айтып, болған жайтты ағам естіп, үлкен бір дауды бастан өткергенмін. Ал бүгінде қаншама қыз бала бұндай жағдаймен бетпе-бет келіп жатқаны беймәлім, – дейді қала тұрғыны Бегім Ахатова.

Сталкинг енді қылмыс саналады

Қазақстанда Қылмыстық кодекске «сталкинг» ұғымы енгізілді. Енді адамды аңдып, қорқытатындар қылмыстық жазаға тартылады. Сарапшылар заңнамадағы өзгеріс көп адамның өмірін сақтап, қоғамдағы тәртіпті күшейтеді деп отыр. Адамды аңду, мазасын алу әрекеті үшін заңмен жауапкершілік қарастырылады. Егер біреу сталкингке барса, 200 АЕК-ке дейін айыппұл (шамамен 786 мың теңге) салу, 200 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс істеу немесе 50 тәулікке дейін қамауға алу секілді жазаға тартылады.
Бүгінге дейін біз сталкингті көбіне отбасылық кикілжің, тұрмыстық түсініспеушілік немесе жай ғана мазасыздық деп қабылдап келдік. Қолданыстағы заңнамада мұндай әрекеттерге байланысты нақты ұғым да, арнайы бап та болған жоқ. Соның салдарынан құқықтық жауапкершілік те күмәнді деңгейде қалып отырды. Арыз-шағымдар негізінен ҚР Қылмыстық кодексінің «Жеке өмірге қол сұғу» (147-бап) немесе «Қорқыту» (115-бап) баптары бойынша қаралатын. Алайда бұл баптар сталкингтің барлық формаларын толық қамти алмады. Жағдайды тек нақты оқиғаға қарай бейімдеп, бірде заңға сыйғызып, бірде назардан тыс қалдырып жүрдік.
Қазір сталкингтің бір түрі – киберсталкинг, яғни интернетте аңду әрекеттері қоғамда кең тарала бастады. Жәбірленушіні әлеуметтік желіде бақылау, жеке деректерін жариялаймын деп қорқыту, үнемі мазасыз хат жазу – осының бәрі киберқысымның көрінісі.
– Мұндай әрекеттерге қолданылатын жаза бұрын тек жанама баптармен шектелетін. Мәселен, ҚР Қылмыстық кодексінің 115-бабына сәйкес, қорқытқаны үшін 120 АЕК көлемінде айыппұл немесе 30 тәулікке дейін қамау жазасы қарастырылған. Ал 147-бапта жеке өмірге қол сұққан адам 5 000 АЕК-ке дейін айыппұл төлеуі немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ бұл шаралар сталкингтің нақты сипатына сай келмейтін. Ендігі қылмыстық кодекске сталкингке қатысты әрекеттерді біріктіретін 115-1-бап енгізілді. Құқық тіліне салсақ, мұндағы сталкинг түсінігі мына қадамдарды қамтиды: адамның еркінен тыс байланыс орнату, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, алайда елеулі зиян келтірген әрекет, адамның ізіне түсу, адамды қудалау 115-1-баппен жазаланады, – дейді Полиция департаментінің мамандары.
Сонымен кез келген адам өзгенің аңдып жүргенін сезсе, аталған баптар арқылы қауіптің алдын алуға қақысы бар. Құқық қорғаушылардың сөзінше, егер сталкинг жайлы күдік пайда болса, алдымен оны дәлелдейтін айғақ жинаған жөн. Оған екеуара сөйлескен әңгіме, әлеуметтік желідегі жазба, хат алмасу, бейнежазба секілді фактілер кіреді. Бір дүниені түсінген жөн, мессенджелер арқылы хат алмасудың заңды күші бар. Дәлел ретінде әлеуметтік желідегі әңгіменің суретін (скриншот) ұсынуға болады. Ізіңізге түскен адамның тоқтаусыз қоңырау шалғанын видеоға түсірсеңіз, оны да дәлел ретінде қолдануға жол ашық.

Әлем елдеріндегі ахуал

Әлем елдері сталкингпен күрестің түрлі жолын таңдаған. Алғаш рет 1990 жылы Калифорнияда «сталкинг» туралы заң қабылданды. Бұл заң актриса Ребекка Шаффердің қайғылы өлімінен кейін енгізілген. АҚШ-та сталкинг үшін жаза 1 жылдан 5 жылға дейін, ал ауыр жағдайларда 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған. Бұдан бөлек, АҚШ-та киберсталкинг те бөлек қылмыс ретінде қарастырылады. Ұлыбританияда 2012 жылдан бастап «Сталкинг туралы Заң» күшіне енген. Онда сталкинг әрекеттері үшін 6 айға дейін түрме немесе айыппұл, қайталанған немесе қауіпті жағдайларда 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады. Германия, Канадада бұл әрекет ауыр қылмыс қатарына қосылған. Сарапшылар Қылмыстық кодекстегі арнайы баптың пайда болғанын әрі сталкингтің ауыр қылмыс қатарына енгізілмегенін құптайды. Бұл қоғамның қазіргі әлеуметтік, психологиялық портретін ескере отырып жасалған деген тұжырымдама. Бастысы, нақты жазаның барын түсінген азаматтардың заңсыз әрекеттен аяқ тартынатынына сеніп отыр.

Сталкер болуға не себеп?

Психологтардың пікірінше, сталкердің адам аңдуға құштарлығына оның балалық шағындағы әдеттері себеп. Себебі бала ата-анасының қыр соңынан қалмай, қайда барса да бірге жүріп аңдуы аталған мәселенің бастамасы болуы мүмкін. Егер бала ересек болғанда да дәл сол күйде қалып қойса, өзгені аңдуға құмар сталкерге айналады. Сондықтан балаға оның дұрыс емес әрекет екенін дәл сол сәтте түсіндіру керек. Қай жерге баратыныңызды да алдын ала айтып, оны біртіндеп жағдайға бейімдеу қажет.
– Бүгінде қоғамда қызу талқыға түсіп жатқан сталкинг мәселесін біздер бір жақты қарастыра алмаймыз. Бірақ біле білсеңіз, баланың сүттен қалай шығарылғаны да оның есейгенде біреуді аңдып, басқаруға құмарлығына әсер етеді. Мысалы, анасы баласын сүттен шығарған кезде анасы ешбір ескертусіз баланы туыстарының үйіне қалдырып кетіп жатады. Бұл дұрыс әрекет емес, себебі бұл баланың жақынынан айырылып қалудан қорқуына, травма алуына түрткі болады. Оған қоса бұл үрей бала есейіп, отбасын құрғанда да оған кері ықпал етеді. Себебі бойында мұндай қорқынышы бар адам отбасы болған соң да бұл ісін тоқтатпайды. Екінші жартысынан күдіктеніп, оны басқадан қызғанып, қадағалауы мүмкін. Тіпті, жұбайынан бір сәт бөлек жүре алмауы да ықтимал. Ол өз кезегінде адамның өзіне де, оның өмірлік жарына да кері әсерін тигізеді, – дейді психолог Әнел Бауыржанқызы.

Түйін

«Мың күн сынбаған шыны бір күнде сынады» дейді халық даналығы. Сол себепті күн сайын қайталанатын қоңыраулар, бақылау, тыныштық бермейтін хабарламалардың арты ауыр жағдайға апаруы мүмкін екенін естен шығармаған абзал. Өкінішке қарай, оған жуырда ғана көзіміз жетті. Сталкинг – көзге көрінбейтін зорлық, ал оны көрмегендей болу – қоғамның ең әлсіз тұсы. Аңду – романтика емес. Бұл – еркіндікке жасалған шабуыл. Сталкинг – қалыпты құбылыс емес. Сондықтан дер кезінде құзырлы сала мамандарына жүгініп, өз өміріңізді сақтап қалыңыз!

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.