Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ас – адамның арқауы

0 244

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Достық үйінде «Қоғамдық келісім» мекемесінің ұйытқы болуымен түрлі ұлт өкілдерінің «Гастрономиялық дәмдер» фестивалі өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Асты арқау еткен шараға барлық этнос өкілдері қатысып, өздерінің ұлттық тағамдарының шығу тарихымен таныстырып, жасалу жолдарын көрсетті. Шараны облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Маржан Қожаева ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі. – Мұндай фестиваль бұған дейін республика көлемінде өткізіліп келген болатын. Биыл алғаш рет өзіміздің өңірде ұйымдастыруды жөн санадық. Ұйымдастырудағы басты мақсатымыз – елімізде тұратын түрлі ұлт өкілдерінің достығын нығайту, ұлттық тағам мен салт-дәстүрдің мәдениетін жоғары деңгейге көтеру және насихаттау. Сондықтан шараға белсенді атсалысуға шақырамын. Тек қонақ болып кетпей, түрлі ұлттардың аспаздық ерекшелігін саралап, баға беріңіздер. Бұл фестиваль, әсіресе, жастардың өздеріне аса қызықты болып, өзге ұлт өкілдерінің мәдениетіне сый-құрметін арттыра түседі, – деді Маржан Төреқұлқызы.
Облысымызға қарасты үздік мейрамханалар мен кондитерлік орталықтардың аспаздары жиналған залда түрлі дәмнің иісі аңқып, үстел үсті ас-ауқатқа лық толды.
Фестивальдің алғашқы бөлімінде көпбалалы ана, аспаз Сымбат Сиқымбаева «Бүрмеқарын», «Жаужүрек» тағамын дайындап, әділ қазылар алқасына ұсынды. Қазақтың тағамын дайындаған Сымбат аспаз өз шеберлік сағатында «Жаужүрек» асының жасалуына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бұл тағамды ертеде аналарымыз ұл балаларға жаужүрек, батыл болсын деп жиі дайындап берген көрінеді. Одан кейін саусағынан бал тамған Майса Алдабаева қонақтарды тау халықтарының «Хачапури», «Хичины» тағамдарының жасалу жолдарымен таныстырып, бұл тағамды жасаудағы құпияларымен бөлісті. Сондай-ақ әр ыстық тағамды дайындағанда, көтеріңкі көңілдің де тағамның дәмін арттыратынына әсері болатынын жеткізді. Одан кейін аспаздығымен танылған Лола Әбдіқахарова жеңіл жасалатын суши, көкөністерден тіскебасар жасаудың қыр-сырымен бөлісті. Ал Александр Богданов болса, түрлі сусындар мен коктейльдерді дайындады. Александрдың сусын жасауда қолы қолына жұқпады. Оның жеміс ішінен алмамен әрлеп жасаған «шалап» сусыны әділ қазылар алқасына ерекше ұнады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.