ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне архив ісі және құқыққа қайшы контенттің таралуын шектеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда қабылдады. Құжатты Сенатта таныстырған депутат Нұртөре Жүсіп оның мақсаты балаларды денсаулығы мен дамуына зиянды ақпараттан қорғау екенін атап өтті. Заң жобасына қоғамдық орындарда, сондай-ақ БАҚ, телекоммуникация желілері және онлайн платформалар арқылы педофилия мен дәстүрлі емес жыныстық бағдарды насихаттайтын ақпараттың таралуын шектейтін ережелер кіреді.
Кез келген заң жобасы секілді бұл құжатты да қоғам өкілдері екіұдай қабылдады. Бірі бұл адам құқықтарын шектеу екенін айтып жатса, енді бірі өздерінің түсінік-пайымдарын насихаттап, жас буынның санасын улауға тыйым салынатыны дұрыс болғанын айтып жүр. Ал келесі тарап мұндай шешім Қазақстанмен берік экономикалық байланыс орнатқан батыс елдерімен арадағы қарым-қатынасты ушықтыруы мүмкін деген пікірде. Осы орайда біз де аталған мәселенің ақ-қарасын анықтап көрген едік.
Жаңа заң жобасы жайында түсініктеме берген Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов заң жобасы 2024 жылдың маусым айында ел азаматтары бастамашы болған петиция талқыланған сәттен бері кешенді түрде қарастырылып келгенін айтады.
– Аталған мәселеге байланысты құрылған жұмыс тобының құрамына түрлі үкіметтік емес ұйымдар тартылып, отырыстар ашық форматта өткен. Әрбір кезеңде қатысушылардың пікірлері тыңдалып, түрлі алаңдарда кездесулер ұйымдастырылған. Маусым айында БҰҰ-ның Еуропалық кеңсесінде өткен әмбебап мерзімді шолу есебін қорғау барысында да заң нормалары бойынша түсіндірмелер берілген. Заң жобасындағы өзгерістерді түсіндіру бойынша жұмыс жеткілікті деңгейде жүргізілді, – дейді Е.Кочетов.
Ал Әділет министрлігінің өкілдері ЛГБТ мүшесі болу құқықбұзушылық болып саналмайтынын айтады. Вице-министр Ботагөз Жақселекованың пікірінше, азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің 19-бабының 3-тармағы пікір білдіру еркіндігін шектеуге мүмкіндік береді екен. Алайда мұндай шектеулер заңмен белгіленуі және мемлекеттік қауіпсіздікті, қоғамдық тәртіпті, моральдық құндылықтар мен денсаулықты қорғау мақсаттарына негізделуге тиіс.
– ЛГБТ-ға жату Қазақстан заңнамасына да, халықаралық құқыққа да қайшы емес. Бұл үшін жауапкершілік белгіленбейді. Шектеу тек ЛГБТ-ны қоғамдық деңгейде насихаттауға қатысты. Бұл норма Қазақстан ратификациялаған халықаралық келісімдерге сәйкес келеді, – дейді вице-министр.
Десе де әлеуметтік психолог Ләззат Бисенғалиева бұл шектеу шаралары халықаралық стандарттарға сәйкес келмейтінін айтады.
– Бұл заңның мақсаты – балаларды қорғау, яғни балалар назарын медиада, онлайн платформаларда және қоғамдық орындардағы ЛГБТ насихатынан қорғау делінеді. Мұндай логика авторитарлық және консервативтік реформаларда жиі кездесетіні рас. Мұны «Балаға зиян келтіретін мазмұннан қорғау» қажеттілігі сылтауымен белгілі бір пікірлер мен өмірлік тәжірибелердің ашық түрде айтылуын шектеу деп түсіну керек. Негізгі назар балаларға бағытталса да, мұндай нормалар қоғамды цензураға әкеп соғатынын түсінуіміз керек.
Халықаралық тәжірибені қарастырсақ, Ресейде 2013 жылдан бері енгізілген «гей-пропагандасына тыйым» агрессия мен зорлықтың өсуіне әкелген. Еуропалық адам құқықтары соты (ECHR) 2017 жылы тиісті нормалардың сөз бостандығын шектейтін және кемсітуге әкелетінін дәлелдеп, сыни үкім шығарған.
Ал Венгриядағы мектептер мен медиада ЛГБТ мазмұнын шектеу туралы статуттар Еуропалық Одақ тарапынан сынға ұшырап, әлі күнге сот процестерімен тексеріліп жатқанын білеміз. ЕО сот жүйесі мұндай шектеулерді дискриминациялық және базалық құқықтарды бұзушы деп танып, елге қарсы операциялар басталған, – дейді сарапшы.
Психологтың бұл пікірін экономистер де қолдап отыр. Өйткені олар мұндай заңдардың елдің инвестициялық тартымдылығын төмендетіп, бюджетке шығын әкелуі мүмкін екенін айтады. Мамандар мұндай заңнаманың екі түрлі салдары болуы мүмкін екенін көрсетіп отыр. Біріншісі цензураның күшеюіне әкелсе, екіншісі инвестициялардың азаюы, компаниялардың кетуі және халықаралық серіктестердің саясатын қатаңдатуға дейін апаруы мүмкін екен.
Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі саналатын Еуропалық Одақ мұндай мәселелерге «ерекше» көзқараспен қарайтынын ескерсек, бұл әңгіменің де жаны бар екенін аңғару қиын емес. Бұл – саясаттанушы Ілияс Бақтығалиевтің пікірі. Ол Еуроодақ ірі экономикалық жобаларға әсер етпейтін, бірақ ынтымақтастық атмосферасына сызат түсіруі мүмкін мақсатты тетіктерді қолдана алады деп санайды. «Бұл тікелей экономикалық шығындарға алып келмесе де, халықаралық аренадағы Қазақстанның беделіне нұқсан келтіруі әбден мүмкін», – дейді сарапшы.
Ал дін тұрғысынан келер болсақ, Исламда ЛГБТ насихатын адамды рухани тұрғыдан аздыратын әрекет деп санайды. Шариғат мұндай қатынасты ауыр күнә қатарына жатқызады.
– Ер мен ердің немесе әйел мен әйелдің жыныстық қатынасқа баруы Лұт пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қауымы жасаған сұрқия іс. Алла Тағала Құранда: «Лұт сол уақытта еліне: «Сендерден бұрын әлемнен ешкімнің істемеген арсыздығын істейсіңдер ме?» – деді. «Сендер әйелдерді қойып еркектерге қызығып келесіңдер ме? Әрине, сендер – шектен шыққан елсіңдер» («Ағраф» сүресі, 80-81 аяттар), «Лұтқа хикмет, ғылым бердік. Жаман істер істейтін кенттен құтқардық. Рас олар жаман бұзық ел еді» («Әнбия» сүресі, 74-аят), «Дұрысында оларға тас жаудырған боран жібердік. Бірақ Лұттың отбасын таңменен құтқардық» («Қамар» сүресі, 34-аят) делінген. Бұл аяттарда Лұт пайғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын) қауымына түсірілген жаза жайында айтылған. Осылайша Алла Тағала шариғатқа қайшы жыныстық қатынастың жазасы ауыр болатынын ескертуде.
Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Үмбетім үшін ең қауіптенетін нәрсе – Лұт қауымының ісі», – деп айтқан (Тирмизи, Ибн Мәжа).
Ер кісімен жыныстық қатынасқа түскен ер және әйелмен жыныстық қатынас жасаған әйел өз табиғатына (фитраға) қайшы әрекет жасаған болып саналады. Себебі Алла Тағала ер кісіні әйелге немесе әйелді ер кісіге ынтық етіп жаратқан. Басқаша болуы табиғатқа қайшы.
Адамзат тарихында Алла Тағаланың заңын, адамгершілік заңдылығын (қылмыстық кодексті) аяқ асты ететіндер қашан да болған. Олар заңды бұзып, кейін әкімшілік немесе қылмыстық жазадан құтылу жолдарын тапқанымен, қиямет күні оларды жоқтан бар еткен Алла Тағаланың әділ сотынан құтыла алмайды, – дейді ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің мамандары.
Ескере кететін жайт, аталған заң жобасында ЛГБТ насихатын жүргізгендерге жауапкершілік те қарастырылған. Онда насихаттаушы 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейтіні немесе 10 тәулікке қамалатыны айтылған. Дегенмен, заң әлі қабылданып, күшіне енген жоқ. Ол үшін құжатқа Мемлекет басшысының қол қоюы қажет.
Қалай болған күннің өзінде бұл талқылаулар аталған мәселенің әлі күнге дейін беті ашық екенін анық аңғартып отыр. Қоғамдық пікірді қақ жарып, түбегейлі қарсы шығушылар мен қолдаушылар қылып бөлген аталған заң жобасы әлі де талай пікірталасқа себеп болары анық. Дейтұрғанмен, адами тұрғыдан да, діни көзқараспен қарасақ та ашық азғындық саналатын әрекетті насихаттауға толыққанды тыйымның болғаны дұрыс секілді. Ал сіз қалай ойлайсыз?
Еркін САЙЫН