Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Киіктің еті киелі ме?

0 83

Ұлы Даланың төсінде желмен жарысып, көзге әрең ілінетін киік – қазақ танымында жай ғана жануар емес, табиғаттың аманаты, тіршіліктің тіні. Құралайдың салқыны соққанда құлдырап, жаз шықса жосылып кететін осы бір сұлу аң ғасырлар бойы халқымыздың тұрмысымен, тағдырымен астасып келген. Киік туралы сөз қозғалғанда, оның етіне қатысты қасиет, шипа, әрі ел аузында сақталған аңыз-әфсана қатар айтылады.

Қазақ ұғымында «кие» деген сөз – жай сенім емес, табиғатпен тіл табысудың заңы. Киесі барға қол көтермеу, қиянат жасамау – атадан балаға жалғасқан жазылмаған ереже. Сол киенің бірі, тіпті бірегейі – киік. Даланың еркесі, желаяқ жануар халық санасында ертеден-ақ тылсым күш иесі ретінде орныққан.
Киік – көзге ілінбейтіндей жүйрік аң. Оның үрке қараған жанары мен үйірінен бөлінбей жүретін мінезі елді әрдайым ойға қалдырған. «Киік атқанның обалы бар» деген сөз жайдан-жай айтылмаған. Ел аузындағы әңгімелерде киікке оқ атқан адамның жолы болмай, малы жұтап, басына қиындық түскені жиі айтылады. Мұның бәрі табиғатқа жасалған қиянаттың қайтарымы деген ұғымнан туған. Аңыз бойынша, киік – даланы күзеткен рухтың бейнесі. Ол бар жерде жер тозбайды, шөп шықпай қалмайды. Киік жосыған өңірді «құтты қоныс» деп атаған. Сол себепті бұрынғы қариялар киік өткен жерге қоныс тігіп, оны жақсылықтың нышаны санаған. Ал киікті себепсіз қыру – сол құтты үркіту, ырысты қуу деп түсінген. Тағы бір көне тәмсілде киік жетім мен жолаушыға жебеу болады делінеді. Қараңғы түнде адасқан адамға киік жол көрсетіп, қауіптен алып шыққан соң көзден ғайып болады екен. Мұндай әңгімені естіген жұрт киікті «періштенің ізі қалған аң» деп қастерлеген. Киіктің киесі, әсіресе, төлдейтін мезгілде айқын сезіледі дейді. Құралайдың салқыны соққанда табиғат бір сәт тына қалады. Жел де, жан да жұмсарып, дала ана киіктің төліне қорған болғандай күй кешеді. Бұл – тіршілікке деген құрметтің, жаратылыстың өз заңының белгісі.
Ақбөкен – тұлғасы ірі, тұрқы қойға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жануары. 10-12 жыл өмір сүретін аң көктемнің кеш туатынын, қыстың қарлы, боранды болатынын алдын ала болжап, біле алатын көрінеді. Зерттеулерге сүйенсек, киіктер осыдан 50-60 мың жыл бұрын мамонттардың дәуірінде пайда болған. Табиғатқа бейім, тіршілік үшін күресте құлшынысы жоғары жануар бүгінгі күні Қазақстан, Моңғолия, Өзбекстан, Ресей, Түрікменстан аумағында ғана кездеседі. Ақбөкендер жалғыз емес, топ болып жүреді. Үйірі мыңдаған, жүздеген бастан тұрады. Олардың бір ерекшелігі сол, үйірді текелер емес, ұрғашы киік бастайды. Ақбөкен атаулы мамыр айының басында жаппай, әдетте егізден төлдейтін көрінеді. Жаңа туған лақтар жарты сағаттан кейін енесін еміп, екі-үш сағаттан соң аяқтанып кетеді. Бұл да табиғаттың төл тумасына еншілеген ерекше қасиеті болса керек.
Қазақстанда 1921 жылы ақбөкенді аулауға тыйым салынған. Кейін олардың саны 2 миллионнан асқан соң, тек кәсіптік жолмен атуға рұқсат берілген. Еті азық ретінде таптырмайтын, мүйізі мен тұяғы ауруға шипа, терісіне дейін тек қалмай, пайдаға тұнып тұрған жануарды заңсыз өлтіріп, өңгеріп әкету тыйылмай, олардың саны қайта азайған.

Тіршіліктің тылсымына туылғаннан бейім болып келетін киіктердің қалған тұқымы қазір Қарағанды, Ақтөбе, Қызылорда, Жамбыл облыстарының елсіз жазықтарын мекен етеді. Адамдардың жауыздығынан бірнеше рет жаппай қырғынға ұшыраған ақбөкендерді Үкімет 2006 жылы «Қызыл кітапқа» енгізген. Статистика келтірген деректерге сенсек, 2003 жылы қазақ даласында небәрі 23 мың бас киік қалса, 2019 жылы өсімтал жануар саны 334 мыңға жеткен. Ал биылғы деректерге сүйенер болсақ киелі аңның саны 4 миллионға жетіпті.
Бүгінде киіктің етін дүкеннен де сатып алатын күнге жеттік. Дегенмен оны атып, мүйізін, етін, терісін пайдаға асыратын браконьер заңмен қудаланады. Бірақ рұқсат болса, тіпті супермаркетке де етті саудалауға болады. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеген еді. Оның айтуынша, киік популяциясын реттеу мен аң аулау мәселесі Экология және табиғи ресурстар министрлігінің құзыретіне кіреді. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылауға жауап береді.
– Өңдеумен айналысатын барлық ет сою пункттері бақылауда. Бүгінде өнім сатуға шектеу қойылмаған, себебі министрлік тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отыр. Кез келген шектеу енгізбестен бұрын жағдайды бағалаймыз. Әзірге оған негіз жоқ, аурулар анықталған жоқ, алаңдауға себеп жоқ, – деген еді А.Бердалин.
«Киік еті сатылып жатыр» деген ақпарат шыққалы біраз дүкенді аралап көрдік. Десе де біз еттің дүкенде емес, «Бірлік» техникалық қызмет көрсету орталығы (облыстық мешіт жанында) қасындағы қоймада сатылатынын білдік.
– Бізде еттің келісі 2 200 теңгеден. Бөлшектеп те, тұтас та береміз. Бір малдың толық еті – 20-35 келі шамасында. Үйге жеткізу қызметі көрсетілмеген. Тоңазытқышта сақтаймыз, кез келген уақытта алып кетсеңіз болады, – деді өзін Алмат деп таныстырған сатушы жігіт.
– Бұрын киік еті қуырдаққа ғана жарамды деп келдік қой, мұнда көже-қатыққа дегенді көріп ойланып қалдым. Қара еттен де сорпа шыға ма? Солай болса да жеңсік ас қой әрі ауылда өткен балалық шағымдағы дәмді еске тағы бір түсіру үшін екі-үш келі сатып алмақпын, – дейді қала тұрғыны Салтанат.
Шынымен де, киік еті жаңа өнім емес. Кеңес дәуірінде бұл ет дүкен сөрелерінде еркін сатылып, халық арасында танымал болған. Алайда қазір еттің сапасын кім бақылап отыр? Жоғарыда сала мамандары бәрінің бақылауда екенін айтты. Десе де, сақтықта қорлық жоқ.
Негізі, ел арасында сойылған мал болмаса, атып алған жануардың етіне күмән келтірушілер бар. Ол діни сенімге байланысты. Бұған қатысты Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы «киіктер шариғатқа сай атылған жағдайда ғана етін жеуге болатынын» айтыпты.
– Ұстайтын аң қолға үйренбеген, жабайы болуы керек. Ауланып жатқан аң көзден таса болмауы қажет және аңшы артынан қуып отыруы шарт. Себебі Пайғамбарымыз көзден таса болған аңды аулауды құптамаған. Хадисте: «Бәлкім, оны басқа аңдар өлтірген шығар» деген. Екінші бір хадисте: «Сен садақ атып өлтіргеніңді көзіңмен көрсең, ол аңды же. Ал өлтіргеніңді көзіңмен көрмесең, жеме» деп айтылған, – дейді имам Нұралы Бақытұлы.
Сарапшылардың айтуынша, киік еті жалпы ет нарығының бар болғаны 1 пайызын ғана құрауы мүмкін. Яғни бұл шамамен 15-16 мың тонна. Елде жыл сайын тұтынылатын еттің ауқымын ескерсек, бұл көп көлем емес. Сондықтан киік еті жаппай нарыққа таралып та кетпейді, дәмін аңсағандар болмаса, көпшілік сатып ала да бермейді.
Ал киік етінің адам ағзасына пайдасы не зияны бар ма? Қазақстанның тағамтану академиясы киіктің етін зерттеп, пайдалы қасиеттерін анықтаған екен. Олардың есебінше, 100 грамм еттің құрамында ақуыздар – 20 грамм, майлар – 9 грамм, D дәрумені – 9,2 микрограмм, B5 дәрумені – 8 миллиграмм, темір – 3,9 миллиграмм, мырыш – 6 миллиграмм, L-карнитин132 миллиграмм болады екен. Сондай-ақ киік етінде магний мен селен де бар болып шықты. Демек, кеселі болмаса, қорықпай пайдалана беруге болады. Сарапшылардың айтуынша, киік еті балаларға, жүкті әйелдерге, егде жастағы адамдарға, ауыр жұмыс істейтіндерге пайдалы екен.
Киік – мемлекет қорғауындағы жануар. Оны аулау, тасымалдау, сақтау және етін сату заңмен қатаң реттеледі. Рұқсатсыз киік ату немесе оның етін саудалау – заң бұзушылық. Мұндай әрекет үшін айыппұл, қылмыстық жауапкершілік, тіпті бас бостандығынан айыру жазалары қарастырылған. Бұл талаптар киікті жою емес, сақтап қалу үшін қойылған.
Заңның қаталдығы – даланың нәзік тепе-теңдігін қорғаудың амалы. Бір үйір киіктің жойылуы – бір өңірдің экожүйесіне соққы. Сондықтан «сауда» деген сөз киікке келгенде абайлап айтылуға тиіс.
Киік етіне деген қызығушылықтың түбінде бұрыннан келе жатқан «шипалы ас, қуатты тағам» деген түсінік жатыр. Бірақ бүгінгі таңда сол танымды жаңаша пайымдайтын кез келді. Ертеректе табиғат кең, аң мол кезде қалыптасқан әдет қазіргі экологиялық жағдайда жарамсыз. Бүгін киікті ет үшін емес, елдің табиғи байлығы ретінде бағалау – заман талабы іспетті. Киік етін саудалауға тек сатушы ғана емес, сатып алушы да жауапты. Сұраныс бар жерде ұсыныс болатыны белгілі. Сондықтан қоғам болып бұл әдеттен арылмайынша, заңсыздық тыйылмайды. Әр азамат «маған керек пе?» деген сұрақты өзіне қойса, талай заңбұзушылықтың жолы кесілер еді.
Киікті қорғау – тек орманшының немесе инспектордың міндеті емес, бұл – ортақ парыз. Баласына киік туралы аңыз айтып, оны атпауға, қадірлеуге үйреткен ата-ана табиғатты қорғаудың ең дұрыс жолын таңдағаны. Бүгінде киіктің киесі тек аңыз бен әфсанада ғана емес, шынайы өмірде де ескерілер ұғымға айналуға тиіс. Киікті қорғау – сол киеге тағзым ету. Табиғатты тонамай, оны аялау – киеден қорқу емес, киеге сену.
Қазақ үшін киік – аң ғана емес, аманат. Даланың тынысы, кеңдіктің белгісі. Киіктің киесін сезінген ел ешқашан жерінен, рухынан айырылмайтыны сөзсіз.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.