Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Қала тынысын тарылтқан заңсыз дүңгіршектер

0 79

Соңғы жылдары Тараз қаласының аумағында бейберекет орнатылған сауда дүңгіршектері көбейіп, бұл жағдай қаланың сәулеттік келбетіне айтарлықтай нұқсан келтіріп отыр. Шаһардың тарихи орталығы мен халық көп шоғырланатын көшелерде рұқсатсыз салынған шағын нысандар көбейіп, Тараздың әсем бейнесін көлеңкеде қалдырғаны жасырын емес.

Таңертеңгі қала өз әдетінше асығыс қимылға толы. Қауғадай қаптаған көлік, балабақша мен мектепке асыққан ата-ана, оқуға зулаған студенттер мен оқушылар, бір сәтке тоқтамайтын у-шу… Алайда осы қарбалас өмірдің арасынан көзге бірден шалынып, қала келбетіне таңба түсіріп тұрған көрініс бар. Ол тротуарды басып алған, аялдаманы көлегейлеген, тіпті тұрғын үйлердің алдына сүйеніп салынған дүңгіршектер. Ресми реестрде жоқ болғанымен, олар күнделікті көз алдымызда тұр.
Қағаз жүзінде әрбір нысанның өз орны, өз ережесі, өз рұқсаты болуы тиіс. Ал шынайы өмірде шексіз өсе берген заңсыз дүңгіршектер қала тәртібін бұзып, адамдардың еркін қозғалысына кедергісін келтіреді. Бір қарағанда шағын ғана сауда нүктесі күнкөрістің қамын күйттеген кәсіпкердің амалы секілді. Бірақ оның артында салықтан жалтару, көлеңкелі сауда, санитарлық талаптарды сақтамау, өрт қауіпсіздігін елемеу сынды үлкен мәселелер жатыр. Оған қоса ретсіз қойылған дүңгіршектер қала эстетикасын жойып, заңды түрде жұмыс істеп отырған кәсіпкерлер үшін әділетсіздік тудырады.
Бұл орайда сала мамандары жыл сайын рейд жүргізіп, заңсыз нысандарды сүріп тастағанымен, ертеңіне дәл сол орында қайта бой көтергенін жиі көреміз. Мәселенің тамыры терең, рұқсат алу қиын, бәсеке күшті, көлеңкелі табыс тәтті. Осылайша, «сүрілді» деген дүңгіршек көп ұзамай қайта жанданып, қаланың бейнесіне тағы да дақ түсіреді.
Мәселен, бүгінгі күнге Әулиеата және Жібек жолы аудандарының барлық округтері зерделеніп, жалпы саны 127 дүңгіршек орнатылғаны анықталды. Оның ішінде заңсыз орнатылғаны 64 дүңгіршек екен.
– Біз қала бойынша зерделеу жұмыстарын жүргізіп отырамыз. Өздеріңізге белгілі, қалаға екі бірдей аудан қосылды. Ондағы бей-берекет сауданың алдын алу, заңсыз дүңгіршектердің мәселесі бойынша жан-жақты жұмыстар атқарылып жатыр. Сондай-ақ бізге қарасты әр округті аралап, кәсіпкерлермен кездесіп, оларға ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыс тобының құрамына сол ауданның әкімі, учаскелік полиция инспекторы, қалалық сәулет және құрылыс, кәсіпкерлік және жер қатынастары бөлімдерінің мамандары кіреді. Рейд жұмыстары кем дегенде 1,5 айдай жүргізіліп, өз бетімен дүңгіршектерді алмаған тұлғаларға заң талабына сай хаттама толтырылады. Жалпы, қазіргі таңда «е-Өтініш» және 109 нөмірі арқылы арыз-шағымдар тұрғындардың өзінен түсіп жатыр.
Тараз қаласы әкімінің 2024 жылғы 18 қарашадағы №64-ө өкімі мен 2025 жылғы 14 ақпандағы №9-ө өкімін басшылыққа ала отырып, жұмыс тобы қала аумағында жер иеленуші өз бетінше иеленіп алған жер учаскесін босату және сол учаскеде салынған құрылысты бұзу немесе заңсыз орналасқан дүңгіршектерді алып тастау жұмыстарын жүргізуде.
Жұмыс тобы қала аумағында заңсыз орналасқан және мерзімі аяқталған сауда дүңгіршектері иелерімен тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізуде. Заңсыз орналасқан дүңгіршектердің иелеріне әкімдік тарапынан 30 күн ішінде алып тастау туралы ескерту хабарламасы беріліп, учаскелік полиция қызметкерлері ескерту протоколын толтырды.
Зерделеу барысында «Ұлы дала» шағынауданы, №73 үйдің бүйір жақ бетіндегі мемлекетке тиесілі жер телімінде кәсіпкерлік нысанның іргетасы құйылғаны белгілі болды. Бөлімнің мұрағатында рұқсат құжаттардың, оның ішінде сәулет-жоспарлау тапсырмасы мен эскиздік жоба туралы мәліметтердің тіркелмегені анықталып, иесі Т.Мелдебекке бөлім атынан ескерту берілді. Ол өз еркімен алып тастауға келісімін берді. Сонымен қатар қала аумағында заңсыз және жабайы сауда орындары ретке келтірілуде. «Ұлы дала» шағынауданындағы №72 үйдің маңындағы заңсыз орнатылған сауда дүңгіршегі бойынша зерделеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінде заңсыз нысан орнынан алынып тасталған. Алдағы уақытта жұмыс тобы бекітілген кестеге сәйкес екі әкімшілік ауданында әрі қарай жұмыс жүргізеді, – дейді қала әкімдігінің жер қатынастар бөлімінің маманы Ғали Хабибулла.
Бүгінде заңсыз орнатылған нысан иелерінің келісімімен жұмыс тобы 15 дүңгіршекті алып, «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің аумағына апарып, акт толтырыпты. Ал 2 нысанды иесі өз еркімен алып тастаған. Жұмыс барысында хабарландыру ұсынылғаннан кейін иелері бұзған дүңгіршектер қаланың басқа аудандарына, ал «Ұлы дала» (15) шағынауданында (№2 округ) жаңа дүңгіршектер орнатылып жатқаны анықталыпты. Бұл бағытта зерделеу жұмыстары жүргізіліп, «Ұлы дала» шағынауданы маңындағы 2 дүңгіршек «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің автотұрағына жеткізілген. Ал қалған 2 дүңгіршекті иесі өз еркімен алып тастапты.
Аталмыш мекеме мамандары келген дүңгіршектерді тек уақытша қарайтындарын жеткізді.
– Қала бойынша алынып тасталған дүңгіршектер «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің автотұрағындағы уақытша күтіп-ұстау қоймасына қойылады. Заң талаптарына сай сол дүңгіршектердің иелері кәсіпкерлік бөлімінен рұқсат қағазын алып келіп, өз мүлкін қайта алып кетеді. Егесі анықталып, заң талаптары орындалғанға дейін біздің мекеме оның сақталуына ғана жауап береді, – дейді маман.
Қала жоспарлауында әрбір ғимарат, әрбір нысан белгілі бір концепцияға сай орналастырылуы керек. Ал рұқсатсыз қойылған дүңгіршектер бұл үйлесімділікті бұзады. Кейбір нысандар жаяу жүргінші жолдарының үстіне шығып кетсе, кейбірі тарихи ғимараттардың жанында көзге оғаш көрінеді. Бұл тұста қала әкімдігінің сәулет және құрылыс бөлімінің мамандары да бей-берекет орналасқан дүңгіршектерді жою мақсатында тыңғылықты жұмыстар атқаруда екен.
– Әр дүңгіршектің түсі, материалы, өлшемі әртүрлі. Бұл жалпы қала көрінісіне, келбетіне сай келмейді. Сол себепті біз заңсыз тұрғызылған нысандарды алып тастау арқылы Тараздың тұтас сәулеттік бейнесін қайта нығайтуды мақсат етіп отырмыз. Мәселен, Тараз қаласы, Ы.Сүлейменов көшесі, №25 мекенжайындағы екі сауда дүңгіршегіне бірнеше рет алып тастау бойынша хабарлама берілген. Алайда иесінің хабарлама талаптарын елемеуіне байланыста Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімі Жамбыл облысы сәулет-құрылыс бақылау басқармасына құзыретінің шегінде шара қолдану туралы хат жолданды. Басқарма тарапынан жоспардан тыс тексеріс тағайындалып, нәтижесінде Тараз қаласы әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 319-бабында көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны бойынша кінәлі деп танып, оған 82 572 теңге әкімшілік айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолдану туралы 2025 жылғы 23 қазандағы №3116-25-00-3 /5297 қаулысы қабылданған. Қазіргі таңда аталған сауда дүңгіршектерін алып тастау бойынша Тараз қалалық сотына талап арыз даярлануда.
Тараз қаласы, «Самал» шағынауданы, №26 тұрғын үйдің маңындағы сауда дүңгіршегінің мерзімі 2025 жылдың 5 қазанында аяқталған. Сотқа дейінгі реттеу ісі әрекетін жүргізу мақсатында дүңгіршек иесіне өз есебінен бұзу туралы хат жолданды.
Сонымен қатар «Арай-2» шағынауданы, Д.Баянов, №155 мекенжайындағы сауда үйіне жақын маңда бес сауда дүңгіршегі анықталды. Жер телімдеріне құқықтық құжаттары бөлім мұрағатында тіркелмеген. Аталған фактілер бойынша мемлекетке тиесілі жер телімдерін пайдалану бойынша Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне хат жолданды. Жұмысшы топ тарапынан жұмыс бекітілген кестеге сәйкес екі әкімшілік ауданында әрі қарай жүргізіледі.
Біз бірнеше рет ескерту берсек те кейбір кәсіпкерлер талаптарға құлақ аспай, заңсыз құрылыс орнатуды жалғастыра береді. Қала аумағында кез келген дүңгіршекті орналастыру үшін арнайы сәулет-жоспарлау тапсырмасы, жерді пайдалану рұқсаты және санитарлық тексерулерден өту керек. Бұл – тұрғындар қауіпсіздігі үшін қойылған талаптар, – дейді Тараз қаласы әкімдігінің сәулет және қала құрылысы бөлімінің «Жоспарлау және қала аумағын соғу» секторының меңгерушісі Нұрсұлтан Пашенов.
Мамандардың айтуынша, заңсыз қойылған дүңгіршектер тек эстетикалық мәселе тудырып қана қоймай, жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтіреді, көлік жолдарын тарылтады және санитарлық талаптардың сақталмауына себеп болады. Бірқатар дүңгіршектің қасында қоқыс жиналып, тазалық талаптары толық орындалмайды. Тұрғындар да бұл жағдайға көбіне үнсіздік танытады. Бірі тротуарды айналып өтеді, бірі дүңгіршектен арзан тағам алып, оның заңды не заңсыз екенін ойлап жатпайды. Ал кейбірінің үйінің іргесіне орнатылған нысан түнгі тыныштығын бұзса да, арыз жазуға асықпайды. Үндеместің арты – үйреніп кету, ал үйреніп кетудің соңы – бейберекеттің қалыпты құбылысқа айналуына алып келеді.
Қала тұрғындары да заңсыз сауда нүктелерін алып тастауға бағытталған жұмыстарды қолдайтындарын білдіруде. Көпшілік ретсіз сауда орындарының көбейіп кетуі қаланың жалпы мәдениетіне кері әсер ететінін айтады. Әсіресе, мектеп маңында, жаяу жүргіншілер көп жиналатын аумақтарда заңсыз дүңгіршектердің пайда болуы балалардың қауіпсіздігіне алаңдатушылық тудырған.
– Біздің көшеде бұрын үш-төрт заңсыз дүңгіршек болды. Айналасы қоқысқа толып, көше арасы қапырық болып тұратын. Қазір олар алынған соң жол ашылып, аула таза болып қалды. Жалпы, қалада жүрген кезде көзіме оғаш көрінген, заң талаптарына сай емес дүңгіршектерді көрсем, жергілікті учаскелік полиция қызметкеріне немесе 109 нөміріне хабарласып, өтініш қалдырамын, – дейді қала тұрғыны, зейнеткер Қарлығаш Орынбасарқызы.
Әкімдік өкілдері заңсыз нысандарды жою жұмыстары жалғасатынын айтады. Қала бойынша арнайы карта жасалып, рұқсатсыз орнатылған нысандар толық есепке алынған. Жұмыстарды кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар кәсіпкерлерге заңға сай сауда жасау үшін арнайы базарлар мен сауда алаңдарынан орын ұсынылған. Тараз қаласы әкімдігі тұрғындарды шағын сауда нүктелерін орналастыруға қатысты заң талаптарын сақтауға шақырып, қауіпсіз әрі таза қала қалыптастыру жолында қоғаммен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
Заңсыз дүңгіршектер мәселесін бір күнде шешу мүмкін емес. Ол үшін рұқсат беру жүйесін жеңілдетіп, кәсіпкерлерге ашық тәсіл ұсыну, көлеңкелі экономиканы азайту, халықтың қоғамдық кеңістікке деген көзқарасын өзгерту қажет. Ең бастысы – тұрғындар да өз ортасының тазалығы мен тәртібіне бейжай қарамауға тиіс. Қала – бәрімізге ортақ үй. Бұл үйдің кіреберісін де, ауласын да, көшесін де жабайы саудаға толтырып қою – бүгінгі ұсақ қана мәселе болып көрінгенімен, ертеңгі үлкен ретсіздіктің бастауы.

Арайлым БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.