Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Көпір құрылысына қажетті жер телімдері жүйелі қайтарылуда

0 158

Талай ғасырдың тағдырлы белестерінен өтіп, көне дәуірлердің сырлы шежіресін бойына сыйдырған Тараз қаласы – адамзат өркениетінің асқар биігінен орын алатын бірегей шаһар. Сан ғасырлар бойы Ұлы даланың рухани да, материалдық та құндылықтарының тоғысқан мекені болған бұл қасиетті өңірдің тарихы терең, тағылымы мол. Сол себепті де Таразды ұлы өркениеттердің бастау бұлағы, бабалар аманатының алтын қоймасы десек, артық емес.

Тәуелсіздіктің ақ таңы атқан сәттен өңірлердің екінші тынысы ашылып, тамырына қан жүгіргені белгілі. Осы тұста Тараз қаласы да тотыдай таранып, дамудың даңғыл жолына қадам басты. Әсіресе, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің бастамасымен әзірленген шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған Даму картасы аясында атқарылған айшықты жұмыстар жетерлік. Осы арқылы өзекті мәселелер де өз шешімін тауып жатыр.
Айталық, бүгінде облыс орталығында ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Біріншіден, көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында көпір құрылысы басталды. Атап айтсақ, Абай даңғылындағы теміржолдың үстімен өтетін көпір мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу мақсатында мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке 16,9 миллиард теңгеге өтінім ұсынылды.
Қазір көпір құрылысын жүргізу үшін жол бойындағы жеке тұрғын үйлермен коммерциялық нысандарды мемлекет мұқтажына қайтаруға 1,8 миллиард теңге, нысандарды сүру жұмыстарына 285,04 миллион теңге қаржы қарастырылып, жұмыс қарқынды жүргізіліп жатыр. Маңызы зор, ауқымды жоба 2026 жылы аяқталады деп жоспарлануда.
Расында, қаланың көлік инфрақұрылымы – оның экономикалық қарқынын, тұрғындардың тұрмыс сапасын және қалалық ортадағы қозғалыс тиімділігін айқындайтын негізгі көрсеткіштердің бірі. Автокөлік санының үнемі артуы, жолаушылар тасымалының күрделенуі, жолдардағы қозғалыстың тығыздығы – барлығы да заманауи, қауіпсіз әрі үйлесімді жол-көлік жүйесін қалыптастыруды талап етеді. Мұндай жағдайда халқы көп, қозғалысы тығыз Тараз қаласында магистральдық көшелерді қайта ұйымдастыру, көлік ағынын оңтайландыру, жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігі мен қолайлы жүріп-тұруын қамтамасыз ету – уақыт талабы.
Осы қажеттіліктерді ескере отырып, Абай даңғылы бойынан салынып жатқан жаңа көпір мен жаяу жүргіншілер өткелі – қарапайым инженерлік нысан ғана емес, қаланың көлік жүйесін жаңа деңгейге көтеретін ауқымды инфрақұрылымдық жоба. Болашақта бұл өткел Тараздың негізгі көлік тораптарының біріне айналып, қаладағы көлік ағынын реттеуге, жолдағы тығындарды азайтуға, жаңа шағын аудандар мен өндірістік аймақтардың дамуына серпін береді. Шаһардың стратегиялық дамуын мақсат тұтқан маңызды бұл жоба мемлекет мұқтажы үшін бірқатар жер учаскелерін қайтару жұмыстарын қатар жүргізуді қажет етті. Бұл бағытта Тараз қаласы әкімдігі жер қатынастары бөлімі тарапынан қолға алынған жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.
– Жобаға тапсырыс беруші – Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, жобалаушы тарап – «ДӘН-Қо» ЖШС жаңа көпір құрылысына қажет жерлердің нақты көлемін айқындады. Талдау нәтижесінде 60 нысан – оның ішінде 43 жеке тұрғын үй мен 17 кәсіпкерлік нысан мемлекет мұқтажы үшін иеліктен шығарылуға жататыны анықталды.
Тараз қаласының Бас жоспары мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес, Абай даңғылындағы көпір, жаяу жүргіншілер өткелі және оларға қатысты инженерлік инфрақұрылым желілерін салу үшін қажетті жер телімдерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жұмыстары басталды. Бұл бағытта 2023 жылғы 9 қарашадағы №4358, 22 қарашадағы №4452, 2024 жылғы 10 қаңтардағы №37, 29 ақпандағы №546 және 5 желтоқсандағы №3223 әкімдік қаулылары қабылданып, заңдық негіз толық бекітілді.
Қазіргі таңда 60 нысанның 58-іне қатысты мемлекет меншігіне қайтару рәсімдері жүргізілуде. Ал қалған 2 нысан бойынша меншік иелері мұрагерлік рәсімдерін аяқтағаннан кейін тиісті жұмыстар жалғасады.
Жер учаскелерін бағалау конкурстық негізде таңдалған тәуелсіз бағалаушы – «Evaluating company» ЖШС-іне жүктелді. Компания 2024 жылдың желтоқсан айында 58 нысанға бағалау жүргізіп, олардың мемлекетке қайтарылу жалпы сомасын 1,85 миллиард теңге деп белгіледі. Бағалау нәтижелері бойынша меншік иелеріне ұсыныстар жолданды.
Ұсынысқа сәйкес 41 нысанның иесі келісімін беріп, олардың 40-ына төлем толық аударылса, бір нысан бойынша құжаттар рәсімделу үстінде. Бағалаумен келіспеген 17 нысанның ісі сотқа жіберілді. Оның ішінде 7 нысан бойынша сот шешімі шығып, төлем өндірілсе, 2 нысанның («Лейла» мейрамханасы мен дүкені) ісі соттан кері қайтарылды. Ал қалған 8 нысан бойынша сот процесі жалғасып жатыр. Бұған қоса, мұрагерлік рәсімі аяқталған соң, қалған 2 жер учаскесіне қатысты да жұмыс заңнамаға сәйкес жалғасын табады, – дейді қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы Нұржан Бекежанов.
Абай даңғылы мен темір жолдың арғы бетіндегі халықты байланыстыратын көпірдің іргетасын қалау рәсіміне қатысқан Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бұл жобаның аймақ тұрғындары үшін маңызы зор екенін айрықша атап өткен болатын.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қуатты өңірлер – қуатты ел» қағидасы әрқашан өзекті екенін атап өтті. Президент тапсырмасы бойынша бірқатар маңызды бастамаларды жүзеге асырудың арқасында өңірлерді дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылып жатыр.
Тараз аумағы кеңейіп, қалаға Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен қосылып, халық саны 480 мың адамды құрады, бұл, әрине, көлік ағынының артуына әсер етеді. Облыс орталығында «Әулиеата» және «Жібек жолы» атауымен екі әкімшілік аудан құрылды. Жаңа көпір қос аудан арасындағы қосымша байланысты қамтасыз етіп, аймақта көлік-логистика саласының дамуына оң әсер етеді, – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Абай даңғылы бойындағы темір жолдың үстінен салынатын жаңа көпір – шаһар тұрғындарының қауіпсіздігін арттыруға, қалалық қозғалысты оңтайландыруға бағытталған стратегиялық маңызы бар нысан. Өткелдің ұзындығы 0,946 шақырымды құрайды. Бас мердігер «Қазақдорстрой» ЖШС құрылыс барысында халықаралық сапа талаптарын сақтай отырып, заманауи инженерлік технологияларды қолдануды жоспарлап отыр. Көпір екі жеделсатымен жабдықталып, жаяу жүргіншілердің қолайлы әрі қауіпсіз қозғалысы толық қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ аумақты абаттандыру, жарықтандыру жүйесін жаңарту, бағдаршам орнату жұмыстары қатар жүргізіледі. Жаңа өткел қала орталығын теміржолдың арғы жағында орналасқан шағынаудандармен байланыстырып, транзиттік көлік ағынын айтарлықтай жеңілдетеді.
Бұл инфрақұрылымдық жобаның іске асуы Тараз қаласының логистикалық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді. Көлік жолақтарының қайта ұйымдастырылуы, қозғалыс қауіпсіздігін арттыру шаралары және жаңа бағыттардың ашылуы қаладағы көлік жүйесінің тұрақты дамуына ықпал етеді. Абай даңғылы арқылы өтетін көпір тек көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, жаяу жүргіншілер үшін де ыңғайлы орта қалыптастырмақ. Нәтижесінде, теміржол маңындағы бұрын бөлініп тұрған аумақтар өзара тығыз байланысып, әлеуметтік нысандарға, жұмыс орындарына, білім беру мекемелеріне қатынау жеңілдейді.
Көпірдің салынуы жаңа шағынаудандардың дамуына да жол ашады. Яғни, теміржолдан бөлек орналасқан аймақтарда жер телімдерінің құны артып, инженерлік инфрақұрылымның тартылуына мүмкіндік туады. Бұл өз кезегінде тұрғын үй құрылысының, шағын және орта бизнес нысандарының, әлеуметтік инфрақұрылымның дамуын жеделдетеді. Логистикалық тұрғыдан алғанда, жаңа көпір жүк көліктерінің қозғалысын оңтайландырып, транзиттік маршруттардың тиімділігін арттырады. Бұл аймақтағы өндіріс орындары үшін де айтарлықтай жеңілдік болады.
Сонымен қатар жоба қала экологиясына да оң әсерін тигізеді. Нақтырақ тоқталсақ, көлік тығынының азаюы ауа сапасының жақсарып, шу деңгейінің төмендеуіне септігін тигізеді. Жарықтандырудың жаңа жүйесі мен абаттандырылған жаяу жүргіншілер аймақтары қалалық ортаның эстетикалық келбетін жақсартып, тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасайды.
Таразда осындай ауқымды жобаның жүзеге асырылып жатқанына шаһар тұрғындары да қуанышты. Солардың бірі – еңбек ардагері Серікбай Әбдімаханов.
– Бұл нысан – тек көлік қозғалысын жеңілдететін құрылыс емес, қала дамуының стратегиялық қажеттілігіне айналған жоба.
Біріншіден, Абай даңғылы – Тараздың ең үлкен әрі ең жүктемесі жоғары магистральдарының бірі. Күнделікті ондаған мың көлік дәл осы теміржол қиылысында кептеліс тудырып, жүргізушілер мен жолаушылардың уақытын алатыны жасырын емес. Әсіресе пойыз өтетін сәттерде ұзын-сонар кезек пайда болып, қала ішіндегі қозғалыс айтарлықтай баяулайды. Көпірдің салынуы – осы мәселені түбегейлі шешудің ең тиімді жолы.
Екіншіден, бұл көпір қаланың шығыс және батыс бөліктерін бұрынғыдан да жақындастырып, көлік логистикасын жүйелеуге мүмкіндік береді. Қаланың өсу қарқыны, тұрғындар санының артуы, жаңа шағынаудандардың салынуы көлік ағынын жылдан жылға күшейтіп отыр. Сондықтан мұндай инфрақұрылымдық шешім Тараздың болашақтағы дамуын ескерген, ойластырылған қадам деп есептеймін.
Үшіншіден, тұрғындардың қауіпсіздігі тұрғысынан да бұл көпірдің маңызы зор. Пойыздар жиі өтетін аймақтағы қозғалыс әрдайым тәуекелмен байланысты. Көпір бұл қауіптің алдын алып, жаяу жүргіншілер мен көлік жүргізушілерінің жолдан еркін әрі қауіпсіз өтуіне жағдай жасайды.
Сондай-ақ мұндай ірі нысанның салынуы – қала келбетінің жаңаруы, инфрақұрылымдық мәдениеттің өсуінің бір көрінісі. Қала тұрғындары үшін де, қонақтары үшін де қолайлы орта қалыптастыратын жобалар дәл осындай болуға тиіс.
Қорыта айтсам, Абай даңғылы бойындағы темір жолдың үстінен өтетін көпір шаһарымызға бүгін де, ертең де қажет нысан. Ол тек көлік қозғалысын жеңілдетіп ғана қоймай, қаланың даму деңгейін көрсетіп, тұрғындардың өмір сапасын арттырады. Сол себепті Тараздың болашағын ойлаған әрбір азамат осындай жарқын жобаларды қолдауы қажет, – дейді шаһар тұрғыны.
Қаланың тағы бір тұрғыны Ақылбек Асқаралиевтің де пікірі осыған саяды.
– Ең әуелі бұл көпірдің қала үшін аса өзекті қадам екенін ерекше атап өткім келеді. Себебі, Абай даңғылы – қала орталығы мен шет аймақтарды байланыстыратын негізгі күрежолдардың бірі. Қазіргі таңда темір жолдың кесіп өтуіне байланысты бұл тұс талай жылдан бері қозғалысы ауыр, қауіпті, әрі тұрақсыз нүктеге айналып тұр. Пойыз ұзақ уақыт қозғалысты бөгеген кезде жүргізушілердің де, жолаушылардың да шыдамы таусылып, көлік ағыны тоқтап қала жаздайды. Көпір салынған жағдайда осы тығырықтың бәрі артта қалып, көлік ағымы үзіліссіз жүретін болады.
Сонымен қатар көпір қаланың экономикалық және әлеуметтік белсенділігін арттыруға ықпал етеді. Уақытында жету, жолда кедергісіз жүру – кез келген қала үшін маңызды көрсеткіш. Көпір кәсіпкерлер үшін де, қызметкерлер үшін де, күнделікті тіршілігі жолмен байланысты тұрғындар үшін де үлкен жеңілдік сыйлайды. Бұл өз кезегінде уақытты үнемдеу, мобильділікті арттыру және қала ішіндегі қозғалысты реттеуге мүмкіндік береді.
Сондай-ақ көпірдің салынуы тұрғындардың қауіпсіздігіне де тікелей әсер етеді. Темір жолдың дәл жанында орналасқан өткелдерде әрдайым қауіп деңгейі жоғары болады. Әсіресе, жаяу жүргіншілер үшін. Ал көпір бұл тәуекелді толығымен жояды. Бұған қоса осындай заманауи инфрақұрылымдық нысандар Тараздың даму қарқынын айқындайды. Қала мейлінше ашық, ыңғайлы әрі заман талабына сай болуы үшін дәл осындай жобалар қажет. Көпір тек қозғалысты жеңілдетіп ғана қоймай, қаланың көркін келтіріп, тұрғындардың да өмірін жеңілдетеді және инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге үлкен үлес қосады, – дейді қала тұрғыны.
Абай даңғылының бойында тұратын қала тұрғыны, зейнеткер Күлімжан Қыпшақбаева да көпір құрылысын көптен күткенін жасырмады.
– Абай даңғылының бойында тұратын тұрғын ретінде темір жолдың үстінен өтетін көпірдің салынуы біздің күнделікті өмірімізге қаншалықты қажет екенін анық сезінетін жандардың бірімін. Себебі осы құрылысты көптен күттік. Ең алдымен, теміржолдың жанында орналасқандықтан мұндағы қозғалыс күні-түні тыным таппайды. Пойыздар өткен сайын көліктер ұзын-сонар кезекке тұрып, шу мен қарбалас күшейіп, тұрғындардың жолды кесіп өтуі де қауіпке толы болып келген еді. Осындай жағдай бірнеше жыл бойы біздің тұрмысымызды айтарлықтай қиындатып келгені рас.
Абай даңғылы – қаланың ең ірі әрі серпінді көшелерінің бірі. Бұл маңда мектептер де, түрлі нысандар да орналасқан. Көпір салынып, қозғалыс жеңілдесе, балалардың қауіпсіздігі де, жаяу жүргіншілердің жайлылығы да едәуір жақсарады. Қазірдің өзінде тұрғындар арасында көпірдің салынуына деген үміт те, қолдау да жоғары. Себебі баршамыз оның қаншалықты қажет екенін жақсы білеміз. Сондай-ақ бұл көпір көлік қозғалысын біршама реттеп, даңғыл бойындағы кептелісті азайтып қана қоймай, біздің ауданның экологиялық жағдайына да оң әсерін тигізеді. Ұзақ уақыт тоқтаған көліктің түтіні, шудың артуы бәріміздің денсаулығымызға тікелей әсер етеді. Ал қозғалыс реттелсе, ауа да тазарады, шу деңгейі де төмендейді. Сонымен қатар мұндай инфрақұрылымдық нысан біздің ауданның ғана емес, жалпы Тараз қаласының келбетін жаңартатыны да анық. Қала мәдениеті, жол сапасы, қауіпсіздік деңгейі – бәрі де осындай жобалар арқылы жақсарып, қаланың келешегіне жол ашылады, – дейді еңбек ардагері.
Көп ғасырлық өркениеттің жүгін көтеріп келе жатқан көне шаһарға бүгінгі заман өз талаптарын қойып отыр. Сол талаптарға жауап беріп, тұрмысты жеңілдететін, қалалық мәдениетті жаңа деңгейге шығарар тың шешімдердің бірі – дәл осы Абай даңғылы бойындағы көпір құрылысы. Бұл жоба – уақыт талабы. Ол тұрғындардың қауіпсіздігін күшейтіп қана қоймай, Тараздың әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін береді. Қала ішіндегі қозғалыс жүйеленеді, көлік ағыны реттеледі, жаңа шағынаудандарға жол ашылады, инфрақұрылым кеңейеді. Ең бастысы тұрғындардың өмір сапасы жақсарады. Тұрғындардың да, жобаға жауапты мамандардың да сөзінен осыны аңғардық.
Бұдан бөлек, облыс орталығында Абай даңғылынан бастап Сыпатай батыр көшесі арқылы Жамбыл даңғылына дейінгі аралықты қамтитын тағы бір ауқымды жоба іске асырылады деп күтілуде. Мұнда Тараз қаласындағы теміржол, өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакада салуға басымдық беріліп отыр. Бүгінде мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылған. Аталған эстакада салынған жағдайда ел аузында «Горбатый мост» атанып кеткен көпірдегі көлік кептелісі едәуір азайып, қаланың шығыстан кіреберіс жолына, №14 шағынауданға тікелей қатынауға мүмкіндік туады.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.