Кез келген қаланың әлеуметтік-экономикалық тіршілігінің тиімді де іркіліссіз жұмыс істеуі үшін жол-көлік инфрақұрылымы жоғары деңгейде болуы қажет. Сонда шаһардағы өмір сүру деңгейі де барынша сапалы әрі қолайлы болмақ. Сондықтан бүгінде Тараз қаласының жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше екпін түсірілген.
Әрине, бұл іс тек автобустарды жаңалаумен ғана шектелмесі анық. Қоғамдық көліктер көбейген сайын нақты орны белгіленген, ыңғайлы аялдамаларға деген қажеттілікті де арттыруда.
Тараз қаласын дамытудың 3 жылдық жоспарында бұған да баса мән берілген. Соған орай 2023 жылы шаһарда 36 аялдама жаңартылса, былтыр олардың саны 75-ке дейін көбейді. Бұл жұмыстар биыл да өз жалғасын тауып, тағы 75 жаңа аялдама орнатуға тиісті қаражат бөлінген болатын. Қазіргі таңда барлық жұмыстар толығымен аяқталды.
Тұрғындардың сұранысы бойынша аялдамалар қаланың шет аумақтарына қойылды. Әсіресе, жаңадан бой көтеріп жатқан шағынаудандарға, тұрғын алқаптарға барынша басымдық берілді.
Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ