Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Тазалық байқауының жеңімпаздары марапатталды

0 130

Тұрғындарды өз ауласын, көшесін таза ұстауға, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысуға шақыру мақсатында осы жылдың наурыз айынан бастап облысымызда «Үлгілі аула» конкурсын өткізу ережесі бекітілген болатын. Осыған орай Жібек жолы ауданындағы Ш.Қалдаяқов атындағы мәдениет үйінде аталған байқаудың жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Шараның салтанатты ашылуында сөз алған аудан әкімі Қарлығаш Аралбекова тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, акция аясында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын іске асыруды атап өткен болатын. Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» патриоттық құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарауды насихаттау.
Биыл көктемнен бастап сенбіліктер аясында ауданда 15 ауқымды тазалық шарасы ұйымдастырылды. Әкімдік тарапынан өткізілген сенбіліктерге 13 мыңнан астам адам қатысып, әр сенбілікте 297 тоннадан астам қоқыс шығарылды. Аудан аумағындағы 5 аумақтық округке қарасты «Барысхан», «Тектұрмас», «Кірпіш зауыты», «Қант зауыты», «Солнечный», «Сұлутөр», «Турксіб» алқаптарында бейберекет жатқан қатты тұрмыстық қалдықтар жиналды. Сондай-ақ 360 элиталық сортты жеміс ағашы мен 30 450 түп тал егілді. Аудан көлемінде өткізілген «Үлгілі аула, таза көше» байқауы – сіздердің белсенділіктеріңізді арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталған, – деген Қарлығаш Әмірқызы байқауға белсене қатысқан тұрғындарға түрлі марапаттарды табыстады.
Байқау нәтижесі бойынша III орынды Клара Цеткин көшесінің, ІІ орынды «Cолнечный» алқабы, №56 үйдің, І орынды Целиноград көшесінің тұрғындары иеленді. Ал бас жүлде «Алатау» (8) шағын ауданы, 13 үй мен Заречная көшесі 2- бұрылысының тұрғындарына бұйырды. Сонымен қатар аудан аумағында өткізілген санитарлық тазалық шаралары мен көгалдандыру жұмыстарына белсене атсалысқан мекемелер мен қызметкерлер аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Іс-шара соңы аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.