Қалалық қоғамдық-саяси газет

Мәселелер оң шешімін тапты

0 189

Қала әкімі Қайрат Досаев «Nur Otan» партиясының мәжіліс залында тұрғындарды қабылдап, көпшіліктің талабын тыңдады.

Арайлым Бақытжанқызы

Жалпы қоғамдық қабылдауға оннан астам тұрғын қайырылды. Әдеттегідей коммуналдық мәселелерді арқалай келетін қала тұрғындарының бұл жолғы сауалдарының бағыты сан түрлі болды. Алдымен Ниетқалиев көшесінің тұрғындары Бақдәулет Кемалов пен Олжас Махан аула клубтарының жайын білу мақсатында қайырылыпты.
– Тараз қаласында балалар мен жасөспірімдердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға ықпал ету, шығармашылығы мен белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын ала отырып, отбасы құндылықтарына тәрбиелеу мақсатында құрылған 4 аула клубы тұрақты түрде жұмыс атқарады. Аталған аула клубтарында 4 жастар ісі жөніндегі инспектор 206 тәрбиеленушімен түрлі бағыттағы 8 үйірме бойынша жұмыс жасауда. Сонымен қатар үстіміздегі жылдың 25 қазан күні «Құмшағал» шағын ауданы, А.Байтұрсынов көшесі №1 үйден және 29 қазан күні «Бәйтерек» ықшам ауданы, №8 үйдегі бос тұрған ғимараттан балаларға арналған аула клубтарын ашу жоспарлануда. Cондай-ақ бүгінгі таңда «Астана» ықшам ауданы №30 «А» үйде орналасқан «Азимут» аула клубына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың соңына дейін аталған аула клубы пайдалануға берілетін болады. Жастар мен жасөспірімдерді спортқа баулу мақсатында аула клубтарында «Салауатты өмір салты» атты үйірме жұмыс жасауда. 2019 жылдың 1 маусым күні – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Балауса» аула клубында аталған аула клубына келуші балалардың ұсынысы бойынша «STREET WORKOUT» алаңшасы, үстел теннисі пайдалануға берілді. Алдағы уақытта барлық аула клубтарында «STREET WORKOUT» алаңшаларын ашу жоспарлануда, – деді Қайрат Әскербекұлы.
Сондай-ақ қала тұрғыны Гүлнар Амреева «Көлтоған» алқабындағы №542 жер телімі жоғары вольтқа түсіп тұрғандығын айтып, орнына басқа жер телімін беруді сұрады. Ал Әуезхан Сәйдібекұлы болса «Қант зауыты» алқабы, Жауғаш батыр көшесінің бойына балалар футбол алаңшасын салып беруді өтінді. Сонымен қатар қоғамдық қабылдауға қайырылған азаматтардың ішінде басым көпшілігі балаларын қыстық киіммен қамтамасыз етуді сұрай келді. Шаһар басшысы алдына келген аналарға демеушілер арқылы көмек беретіндігін жеткізді. Жалпы қабылдауға келген барлық тұрғынның талабы орындалып, мәселелері оң шешімін тапты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.