Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Автобус жүргізушілерінің жауапкершілік жүгі ауыр

0 205

Қоғамдық көлік – қала өмірінің ажырамас бір бөлігі. Өңірдегі автобус парктері жылдан-жылға жаңарып, жүргізуші мен жолаушы мәдениеті тәп-тәуір қалыптасып келеді. Басшылардың қадағалауымен әуелі қауіпсіздікке көңіл бөлінген соң, бұрын жиі болып тұратын «жүргізушілердің жарысы» саябырлағандай. Саладағы берекесіздікті реттеуге келгенде GPS навигаторы, заманға сай электронды төлем жүйесінің енгізілуі салаға серпін бергені де байқалады.

Қала бойынша бүгінгі таңда 6 автобус паркі тұрғындарға күнделікті қызмет етеді. Соңғы уақытта қаланың қоғамдық көліктері жаңартылып, нәтижесінде 2023 жылы 73 бірлік жаңа автобус жеткізілсе, 2024 жылы 155 қоғамдық көлік пайдалануға берілді. Биылдың өзінде, бүгінге дейін, 71 автобус әкелінді. Жыл соңына дейін қосымша тағы 50-ден астам автобус жеткізу көзделген. Өткен жылы халық сұранысына сай 5 маршрут ашылса, биыл олардың қатары тағы 4 жаңа бағытпен толыққан. Қазірде қала аумағында қатынайтын 290 бірлік автобус үлкен сыйымдылықты, 3 жылға дейінгі жаңа қоғамдық көліктерге жатады. Бұл қазіргі бағыттарда күнделікті қызмет көрсетіп жүрген автобустардың 75 пайызын құрайды. Жүйелі жұмыстың нәтижесінде жылжымалы құрам саны 330 бірлік автобустан 437 бірлікке дейін артып отыр. Жолаушылар бағыттарына қосымша 13 бағыт қосылып, қазіргі уақытта 45 бағытқа жеткен.
Иә, жаңарған қоғамдық көліктердің тізгінін ұстаған жүргізушілердің жүгі жеңіл емес. Таңның атысы, кештің батысы көлік тізгіндеудің қаншалықты қиын екенін бірі білсе, бірі біле бермейді. Осы орайда біз Жұмысшы мамандықтарының жылы аясында шаһардың тыныс-тіршілігімен біте қайнасып отырған «Әулиеата Транс Пасс» ЖШС-ға барып, ондағы жағдайды көріп қайтқан едік.
Мекеме 1981 жылдан бастап халық игілігіне қызмет етіп келеді. 15 бағыт бойынша шаһардың 40 пайызын қоғамдық көлікпен қамтамасыз етіп отырған автопаркте 160 автокөлік бар.
– Президентіміздің осы жылды жұмысшы мамандықтарына арнағаны жұмысшы мамандардың мәртебесін көтерді. Қай саланы алмасақ та жұмысшы мамандықтарының ел дамуына қосып жатқан үлесі зор.
Өзім бұл салаға бірден басшы болып келген жоқпын. Төменгі сатыдан бастап барлық деңгейден өтіп, осы күнге жеттік. Мекеме 90-шы жылдардың құлдырауынан өтіп, бүгінгі тәуелсіздік жылдардың жаңғыруына жетіп отыр. Құрылтайшымыз Алтай Райқұловтың бастамасымен ашылған мекемеде жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Бұған дейін бұл сала тек жеке кәсіптік сала ретінде қаралып, мемлекет тарапынан көңіл бөлінбей қалған еді. Пандемия кезінде Президенттің «Цифрлық Қазақтан» бағдарламасы біздің салаға да үлкен серпін алып келді. 2020 жылы қазан айында алғаш рет электронды төлемге көштік. Бұл, ең алдымен, жүргізушілер арасында тұрақтылықты қамтамасыз етті. Қоғамдық көлік айналасындағы қордаланған мәселелер кезең-кезеңімен шешіліп, қала әкімдігінің «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» КММ-мен бірге жұмыс атқарып жатырмыз. Соңғы жылдары қаламыздағы қоғамдық көліктердің 60-70 пайызы жаңарып, бұрынғы бір есікті, сыйымдылығы аз көліктер бүгінде жоқтың қасы. Сондай-ақ автопарктің базасындағы «ПАЗ» автобустары да соңғы 3 жылда жаңартылды. Ал жуырда мекеме тағы жаңа 10 көлікпен толығады. Осылайша төрт жылдың ішінде 107 автобус жаңарды. Тұрғындар оны ескі деуі мүмкін, бірақ стандарт бойынша олар әлі жаңа көлік санатына жатады. Бүгінгі таңда автобустар салқындатқышпен, мүмкіндігі шектеулі жандарға мініп-түсуге ыңғайлы пандуспен және жүргізушілерге ыңғайлы болуы үшін автоматтық беріліс қорабымен қамтылуына көңіл бөліп отырмыз, – дейді мекеме басшысы Рашид Пірманов.
Бас аяғы 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған мекемеде 10 цех кабинеті жұмыс істейді. Мұнда дәнекерлеуші, моторист, май ауыстырушы сынды мамандар да автобустарды күнделікті жұмысқа жібермес бұрын толық техникалық бақылаудан өткізеді. Сонымен қатар жүргізушілер медициналық тексерістен де өтеді.
№6, 7, 12, 13, 14, 15, 17, 18, 19, 23, 29, 30, 36, 42, 44, 47 бағыттарда жолаушы тасымалдайтын автобустар күнделікті 8 мың шақырымға дейін жүреді екен. 180 жүргізушіні жұмыспен қамтып отырған мекемеде күнделікті 130 қоғамдық көлік желіге шығады. Бұрын жалға жұмыс істейтін автобус жүргізушісі бүгінде мекемеден тұрақты айлық алады екен. Бұл қоғамдық көлік арасында адамға талас пен жолдағы жарыстың тоқтауына септігін тигізіп отыр. Орта есеппен 350-400 мың айлық алатын жүргізуші өзіне сай жұмыс кестесін де құра алады.
Автобус жүргізушілерінің жұмыс күні көпшілік әлі шырт ұйқыда жатқанда басталады. Кейбір бағыттағы автобустар таңғы 6:30-дан жолға шығатынын ескерсек, жүргізушілердің жұмыс орнына одан да ерте келетінін байқаймыз. Алдымен автобусты техникалық тексеруден өткізу – олардың ең алғашқы міндеті. Доңғалақтардың жағдайы, тежегіш жүйесі, жарық шамдары мен есіктердің дұрыстығы – бәрі-бәрі тексерілуге тиіс. Себебі бұл тек көліктің жарамдылығы емес, жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей байланысты мәселе. Автобус жүргізушілері тек көлік тізгінін ұстап отырмайды, олар бір мезетте бақылаушы, кеңесші, көмекші әрі психолог рөлін де атқарады. Көлікке мінген әртүрлі жастағы, мінезді, көңіл күйдегі адамдармен тіл табыса білу – бұл мамандықтың тағы бір ерекшелігі.
– Мен мекемеде орта мектепті аяқтап, әскери борышымды өтеп келгеннен кейін, 1997 жылдан бастап жүргізуші қызметіндемін. Автопарктің ең алғашқы автобустарынан бастап, бүгінгі жаңарған көліктеріне дейін тізгіндеп келемін. Алдымен базға барып, медициналық тексеруден өтіп, кейін көлігімді техникалық бақылаудан өткіземін. Жұмыс уақытым кестеге сай №19 бағытта таңғы 6:30-дан 20:00-ге дейін, кейде түнгі жұмыс кестеміз 23:30-ға дейін барады. Күніне 20-30 минуттан екі рет бой жазып, түстенуге уақыт бөлінген. Автобазада душ, монша қарастырылған. Сондай-ақ автокөліктерді арнайы мамандар жуып береді. Жұмыстан кейін де доңғалақтарды қарап, май алмастыру сынды көліктің техникалық жұмыстарымен арнайы сала мамандары айналысады. Көліктер қыстың күні жылы бокстарда тұрады.
Күнделікті 13-14 сағат рульде тапжылмай отырғандықтан денсаулық та сыр береді. Екі күн істеп, екі күн демаламыз. Жалақымыз да тұрақты, уақытылы түсіп тұрады. Жалпы, басшылық тарапынан жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Заманға сай автобустар халық игілігіне беріліп отыр. Дегенмен көпшілік арасында салонға сағыз жабыстырып кету, қоқыстарын тастап кету сияқты мәдениетсіздік бар. Күнделікті бір автобусқа кемі 400-500 адам мінеді. Қанша адам болса, сонша түрлі мінез бар. Кейде алғыс айтады, кейде ұрыс іздеп, тиісіп кететін тұрғындар да кездеседі. Бірақ біздің міндет – діттеген жерге көпшілікті аман-есен жеткізу, – дейді автобус жүргізушісі Азылхан Қожантаев.
Автобус жүргізушілері – қоғамдағы әлеуметтік топтармен тығыз байланыста жұмыс істейтін мамандар. Мектеп оқушылары, зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, жүкті әйелдер – бұлардың барлығы күн сайын автобус қызметіне жүгінеді. Осындай жолаушыларға дұрыс қызмет көрсету – кәсібіне адал жүргізушінің парызы. Кейде жүргізушілер салон ішіндегі тәртіпті де реттейді. Бір-біріне дауыс көтерген, дау-жанжал тудырған жолаушылардың арасындағы кикілжіңге араласуға тура келеді. Бұл олардың тек рульде емес, қоғамдық ортада да белсенді, сабырлы әрі сыпайы болуын талап етеді.
– Автобус жүргізушісінің жұмысы сырт көзге жай көлік жүргізу сияқты көрінуі мүмкін. Алайда бұл кәсіп физикалық та, психологиялық та үлкен төзімділікті қажет етеді. Күннің аптабында да, сықырлаған сары аязда да, көше мұздап, көлік көбейіп жатса да жүргізуші рульден айырылмайды. Олар әр сәт сайын жол қозғалысына толық зейін қоюы керек. Себебі бір сәттік бейқамдық үлкен оқыс оқиғаға алып келуі мүмкін. Сонымен қатар қоғамдық көлікті басқару – бұл үнемі кесте бойынша жүру деген сөз. Адамдардың күтіп тұрғанын білген біздерге үшін кешігуге жол жоқ. Қарапайым жолаушыға бір минуттық кешігу ұсақ-түйек көрінгенмен, жүргізуші үшін бұл өз жұмысына деген салғырт қарау болып есептеледі.
Бұл салаға қызығушылық бала күннен оянды. Оқу орнын аяқтағаннан кейін ауыр техникаларды жүргіздім. Астана қаласында да автобус жүргізушісі болып, соңғы екі айда Тараз қаласында жұмыс істеп жүрмін. Үлкен мегаполистерде арнайы автобус жолақтары бар. Біздің қаламыздың басты көшелеріне де ондай жолақ керек деп ойлаймын. Себебі олар жол-көлік қозғалысын реттеп, бағытына асыққан автобустарға үлкен септігін тигізеді. Сонымен қатар жол-көлік апатының да алдын алуға үлкен мүмкіндік туғызар еді.
Астанада қоғамдық көлік жүргізушісі болып жұмысқа орналаспас бұрын оқу орталығына жіберіп, онда тестілеуден өту қажет. Алғашқы медициналық көмек көрсету бойынша арнайы емтихан тапсырып, сертификат аласың. Ол 3 жылға дейін жарамды. Сосын ғана автопаркке жұмысқа алады. Мұндай тәжірибе апаттың алдын алуға бағытталған. Әрине, мегаполистермен салыстырғанда айлық жалақы бізде аз, бірақ біздің қаланың тұрмыстық жағдайында біз алатын жалақы орташа есептік көрсеткішті құрайды, – дейді жүргізуші Ринат Нұрзатов.
Айта кету керек, әлі сынақ мерзімі аяқталмаған Ринат Нұрзатов күні кеше «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастырған «Ең үздік жүргізуші» аталымында жеңіс тұғырынан көрініпті.
Бүгінгі таңда көптеген қалада автобус жүргізушілерінің еңбегін бағалау, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Жаңа автобустар, заманауи жабдықтар, бейнебақылау жүйесі – мұның бәрі жүргізушілердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған. Дегенмен жүргізушілердің кәсібилігімен қатар, олардың адамгершілік қасиеті мен мәдениеті де маңызды. Бұл орайда мекеме басшысы жүргізушілермен күнделікті түсіндіру жұмыстарының жүріп жатқанын тілге тиек етті.
– Жасыратыны жоқ, әр бағыт бойынша қалада кемі 500 адам күнделікті қоғамдық көлікті тұтынады. Бұл тұста барлығына бірдей ұнау мүмкін емес. Мекеме тарапынан жүргізушілермен күнделікті түсіндіру жұмыстары, ашық әңгімелер жүргізіледі. Сондай-ақ салаға серпін әкелу мақсатында алдағы уақытта демалыс орталықтары, оның ішінде жүргізушілерді отбасымен санаторий-курортқа жіберу жоспарда бар. Бұл осы салада жүрген жандарға қамқорлық пен жұмысын мінсіз атқарған азаматтарға кішігірім алғызымыз болмақ, – дейді мекеме басшысы Рашид Сантөреұлы.
Бүгінгі таңда жүргізушілер тапшылығы тек біздің қаламызда ғана емес, республика бойынша күрделі мәселеге айналып отыр екен. Бұл тұста ҚР заңнамасына сәйкес, автобус жүргізушілерінің «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алуды ойластырғандар «Жол жүрісі туралы» заңның 74-бабы, 2-тармағына сәйкес 25 жасқа толуы шарт. Осы аралықта жүргізушінің кемінде 5 жыл жұмыс өтілі болуы қажет. Әрі оның үш жылында «D1» кіші санатындағы (шағын автобус) көлік құралын басқаруға тиіс. Қысқасы, осы талапты орындамай, «D» санатындағы көлікті тізгіндеу тіптен мүмкін емес.
– «D1» санатын алған жүргізушіге 16 орынға дейінгі шағын автобустарды басқаруға рұқсат. Жүргізуші сол автобусты 3 жыл тізгіндеп, мықтап тәжірибе жиған соң ғана «D» санатындағы куәлік алады. Алайда қазір жүргізуші «D1» кіші санатын тырмысып жүріп 21 жаста алған күннің өзінде елімізде ондай шағын автобустар жоқтың қасы. Ал 3 жыл шағын автобус жүргізу керек деген талапты орындамаған жүргізуші арада неше жыл өтсе де, тәжірибе жинамай «D» санатын ала алмайды. Міне, жүргізушілер осы тұста шарасыз қалады. Жүргізуші тапшылығы тек бізде емес, республика бойынша байқалды. 2015 жылдан беріге дейін мектепте, басқа да мекемелерде тәжірибе жиып, «D» санатындағы жүргізуші куәлігін алып жатқандар бар. Бірақ өте сирек. Мұндай жұмыс екінің біріне табыла бермейді.
Қоғамдық көлік халыққа қызмет көрсетеді. Сондықтан жүргізушілердің жарыспағанын, мәдениетті болғанын қалаймыз. Ол үшін бірінші кезекте өзге саладағыдай бәсекелестік орта қажет. Жүргізуші болып жұмыс істегісі келетін жастар баршылық. «D1» санатын алғандар маған жиі келіп жатады. Амал жоқ, 3 жыл тәжірибесі болмаған соң жұмысқа шақыра алмаймыз. Ішкі істер басқармасының есебі бойынша елде «D» санатын алған жүргізушілер көп. Әйткенмен олардың барлығы түгел жүргізуші бола бермейді ғой. Министрлік бұл проблемадан хабардар. Алдағы уақытта министрлік «D» санатындағы куәлік алатындардың жасын 25-тен 23 жасқа дейін, жүргізуші өтілін 5 жылдан 3 жылға, «D1» кіші санатындағы көлікті басқару өтілін 3 жылдан 1 жылға дейін төмендетуді көздеп отыр. Мақсат орындалып, «Жол жүрісі туралы» заңға осы ережелер енгізілсе, «D» санатындағы куәлік алуды жоспарлағандар үшін талап біршама жеңілдейді. Есесіне автобус жүргізушілерінің орта жасы төмендеп, бәсекелестік орта қалыптасады. Салаға жастарды тартудың тиімділігі дәл қазір байқалмағанымен, уақыт сәтімен қоғамдық көліктің қауіпсіздігіне, жүргізуші мәдениетіне әсер ететіні анық, – дейді «Әулиеата ТрансПасс» ЖШС директоры Рашид Пірманов.
Автобустардың көбейгеніне қарамастан, жолдағы қозғалыс күрделене түсуде. Көлік саны артқан сайын, жүргізушінің наразылығы мен реакциясы үлкен рөл ойнайды. Олар жол ережесін бес саусағындай білуі керек және төтенше жағдайларда шұғыл шешім қабылдай алуға тиіс. Осы бағытта да атқарылып жатқан жұмыстар жоқ емес.
Автобус жүргізушілері – тасада жүрген қаһармандар. Олар – әр күн сайын қала өмірін қозғалысқа келтіретін, жол бойындағы тыныштық пен тәртіпті сақтайтын, адамдарды бір-бірімен қауыштыратын жандар. Бұл мамандық иелерінің еңбегі елеусіз қалмауға тиіс. Оларға тек «Жолың ашық болсын!» деп қана қоймай, күнделікті қызметі үшін алғыс айту – әрбіріміздің азаматтық парызымыз.

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.