Қылышын сүйреткен қыс жақындаған сайын жұрт жылыту маусымына қамданатыны белгілі. Қалалықтар құбырлардан жылу берілуін күтсе, шалғай ауылдағы ағайын қатты отынға көз тігеді. Алайда 2013 жылы сексеуіл кесуге жарияланған мораторий бұқараны қос бүйірден қысып, бүрсең қақтыруда. Алғашқыда бес жылға белгіленген тыйым кейін сағызша созылды. 2023 жылы үміт оты жағылғандай көрінгенімен, Үкімет сексеуіл кесуге тағы шектеу қойды. Сонда бұл мораторий қай уақытқа дейін созылмақ? Биыл бұқара сексеуіл жаға ала ма? Әлде жылдағыдай тезек теріп, қарағай жинай ма?
Негізі Үкіметтен «үкім» келгенге дейін Мойынқұм, Сарысу және Талас аудандарының тұрғындары сексеуіл жағып, қыстан шығатын. Алайда 2013 жылы жарияланған мораторий 2018 жылға дейін тұрғындарды «тұсаулап» қойды. Бес жылға белгіленген шектеу шаралары 2018 жылы аяқталады деп күтілгенімен, Үкімет мораторийді тағы бес жылға созып, бұқараны қос бүйірден қысты. Межелі мерзімге жеткенде жұрт «енді сексеуіл жағамыз» деп үміттенген. Алайда билік көптің көңілін су сепкендей басып, бес жылға тағы «шынжырлады». Осылайша халық он жыл бойы үміт жетегінде жүріп, 2023 жылға бір-ақ жетті. 2024 жылдың қаңтарында қыстан қысылған халық сексеуіл жинауға шыққан еді, қорықшылар орман қорына аттап бастырмады. Тұрғындар мораторий мерзімі аяқталғанын алға тартқанымен, орманшылар шыбық та бермеді. Ашынған халық 2025 жылдың қысында бас көтерді. Ол кезде де оларға жергілікті билік тарапынан оңды түсініктеме берілмеді. Тек «сексеуіл кесуге тыйым салынады» деген тақтайша алдарынан шықты. Енді биыл қалай болмақ? Билік өкілдері тағы да бұқараны сексеуіл кесуге жолатпай ма? Әлде, отын жинауға рұқсат беріле ме? Бұл сауалдармен облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының есігін қақтық.
– 2023 жылы мораторий мерзімі аяқталғаны рас. Алайда Үкімет кейін шектеу шараларын тағы 5 жылға созды. Яғни, мораторий 2028 жылдың желтоқсан айында алынады. Оған дейін бір тал сексеуіл сындыруға рұқсат жоқ. Осы жағын халық түсінбей отыр. Біз орман қорына халықты кіргізе алмаймыз. Себебі мораторий уақыты ұзартылған. Алайда егер тұрғындар өтініш берсе, бір отбасына 4 текше метр шірік сексеуілді орманшылар жеткізіп береді. Бірақ, сексеуілдің текше метріне 10-15 мың теңге аралығында төлеуге тиіс, – дейді облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыпов.
Негізі мұндай жүйе бұрындары да бар болатын. Алайда 4 текше метр шірік сексеуілмен бір қыстан шығу мүмкін емес екенін мамандардың да іші біліп отыр. Оған қоса осы 4 текше мерт сексеуіл үшін талас-тартыс туып, арты жылда айқай шумен аяқталып жатады. Сондықтан шірік сексеуілді неге халықтың өзінің қажетіне қарай жинатпасқа? Бұқараның бір өтініші де осы болуда.
– Осы сексеуілге қатысты мәселенің соңғы жылда айқай-шуға ұласуда. Өтініммен берілетін 4 текше метр сексеуілмен бір қыстан шығу мүмкін емес. Шірік отын болғаннан кейін ол тез жанып кетеді. Оған қос, өткен жылы осы 4 текше метр сексеуілге өтінім қабылданғанымен, оны орман шаруашылығы мамандары жеткізіп беремін дегенше қыстың бел ортасы болды. Өйткені өтінім берушілердің саны өте көп. Содан «бірінші маған әкел», «мен көпбалалы отбасымын» деген сияқты талас-тартыс болып, ауылдағы ағайын бір-бірімен қырықпышақ болды. Халықты қырқыстырмай, осы сексеуілдің шірігі болса да тұрғындардың өзіне жинауға рұқсат берілсе, бұқараға көп демеу болар еді, – дейді Мойынқұм ауылының тұрғыны Ерлан Құдабаев.
Иә, халықтың сұранысы орынсыз дей алмаймыз. Бір аудандағы санаулы орманшы тұтас елді мекен тұрғындарының өтінішін қанағаттандырып, шірік сексеуіл жеткізіп береді дегенге сену қиын. Сондықтан шірік отынды халықтың өзіне жинату – құлаққа кіретін дүние. Алайда орман шаруашылығы және жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Әділ Жақыповтың айтуынша, бұған түбегейлі тиым салынған екен. Сол себепті бұл түйіннің түйінін тарқату биік мінбердегілердің қолында болып тұр.
Мұндайда енді қайтпек керек? Амалы таусылған тұрғындар тағы қымбат көмірге ұрынатыны анық. Қазір облыста көмір бағасы 15-20 мың теңге аралығында болып тұрса, қыс қаһарына мінгенде 30-40 мың теңгеге бір-ақ шарықтайды. Бір қыстан шығу үшін кемі 10 тонна көмір қажет болса, тұрғындар 400 мың теңгеге қатты отын сатып алу қажет. Қазіргідей қиын заманда мұндай соманы бар адамның қалтасы көтере бермейтіні айқын. Оған қоса, көмірді қыздыру үшін сексеуіл жаңқасы қажет. Оны тағы 40-50 мың теңгеге сатып аласың. Ол сексеуіл бір қысқа жетеді деп тағы айта алмайсың. Сонда үш ай қыстан шығуың үшін кемі жарты миллион ақшаң кететіні анық.
Облыс орталығынан шалғай орналасқан Мойынқұм ауданындағы Жамбыл, Амангелді, Құмөзек, Талдыөзек, Байтал, Шығанақ, Назарбек, Көктерек, Биназар, Хантау, Мойынқұм, Ақбақай сынды ауылдар осы таңға дейін ең болмаса шірік отын мен көмір жағып күнелтсе, Мыңарал мен Қашқантеңіз ауылдарында жағдай тіпті қиын. Мұнда сексеуіл отыны сирек өсетіндіктен, одан шірігі қалуы екіталай. Сондықтан тұрғындар жаз бойы баялыш теріп, қыста соны жағады. Ал ол тез жанып кететіндіктен, оның қуаты көпке жетпейді. Сол себепті халық тезек теріп, отын жинайды. Оның да жылуы шамалы екені белгілі. Тезек бықсып жататын болса, қарағай тез жанып кетеді. Содан тұрғындар тасымал құны екі-үш еселенген қымбат көмірге барып ұрынады. Егер Үкімет Мыңарал мен Қашқантеңіз тұрғындарына бар сексеуілді кесіп жағуға рұқсат берсе, бұқараның жағдайы шамалы болса да түзелер ме еді.
Сарысу ауданындағы Шығанақ, Қамқалы, Жайлаукөл сынды ауыл тұрғындарының да күні көмірге қарап отыр. Аталған елді мекендер де аудан орталығынан шалғай орналасқандықтан әрі жолдың нашарлығынан көмір тасымалдаушылар бағаны шарықтатып өсіріп жіберген.
Рас, соңғы жылдары облыста көгілдір отынмен қамтылған ауылдардың саны артуда. Биыл Мойынқұм ауданына табиғи газ құбыры жүргізіліп жатқаны қуантуда. Алайда ол елді мекендерге қашан жететіні белгісіз. Осыдан бірнеше жыл бұрын газ құбыры жүргізілген Шу ауданының өзінде ауылдар көгілдір отынға толық қосылмағанын ескерсек, мойынқұмдықтар бірер жылдың бедерінде газ жағады дегенге сену қиын. Сондықтан ондағы халық әзірге шірік отын мен көмір жағуларына тура келеді. Ал мүмкіндігі келмегендер қазірден тезек теріп, қарағай жинап қойғаны абзал. Өйткені мораторий мерзімі бүгін-ертең бітпейтіні анық.
Саян ТІЛЕУЖАН