Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Балалар қауіпсіздігі – басты назарда

0 274

Тараз қаласында жасөспірімдер қазасының жиілеуіне байланысты балалардың құқықтарын қорғау, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылыққа қарсы іс-қимыл бойынша 9 жұмыс тобы құрылған болатын. Оның құрамына психолог мамандар, ардагерлер, полиция қызметкерлері және жауапты саладағы мемлекеттік қызметшілер кірді.

Осы бағыттағы шаралар шеңберінде Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те облыс орталығындағы оқу ордаларының оқушыларымен арнайы кездесуде. Осындай жиынның бірі Амангелді атындағы орта мектепте өтті.
Басқосу барысында шаһар басшысы заңға бағыну мәдениеті, сапалы білім алу мен дұрыс тәрбие беру, отбасы құндылықтары туралы әңгімелеп, балалардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ түрді.
– Бүгінгі жүздесу мен үшін ғана емес, баршамыз үшін ерекше мәнге ие. Себебі балалар – елдің ертеңі ғана емес, бүгінгі күннің де маңызды бөлігі. Сіздердің ой-пікірлеріңіз, ұсыныстарыңыз біз үшін бағалы. Әрқайсыңыздың көзқарасыңызда, армандарыңызда қоғамның болашағы жатыр.
Заңға бағыну мәдениеті, сапалы білім алу мен дұрыс тәрбие беру – тек отбасы мен мектептің ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Бұл – өркениетті ұлт болудың, бейбіт әрі әділетті қоғам құрудың негізі. Сондықтан да мұндай кездесулер өзара сенім мен жауапкершілікке құрылған байланысты айғақтайды.
Балалардың қауіпсіздігі – тек ата-аналардың ғана емес, барша қоғамның, мемлекеттің және әрбір азаматтың ортақ ісі. Балаға жасалған әрбір игі қадам болашаққа жасалған инвестиция десек, артық емес. Біз сіздерге тек білім беріп қана қоймай, жан-жақты тұлға болып қалыптасуларыңызға барлық жағдай жасауға тиіспіз, – деді шаһар басшысы өз сөзінде.
Айта кетерлігі, бұл кездесу жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, құқық-бұзушылықтың алдын алуға және әрбір өренді елжанды, жауапты азамат етіп тәрбиелеуге бағытталды. Мұндай жүздесулер алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Құрбанәлі ШАХАБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.