Әрбір елдің күш-қуаты тек экономикасымен немесе саясатымен ғана өлшенбейді. Оның нағыз құндылығы – адам өміріне деген құрмет пен қамқорлықта. Осы қасиетті міндетті иығына артқан мамандықтардың бірі – төтенше жағдайлар қызметі.
Құтқарушы болу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Бұл жолда абырой, атақ-даңқ іздейтіндер жоқ. Өйткені олар үшін ең үлкен марапат – аман қалған жан, қайта соққан жүрек, көзіндегі жасын қуанышқа айналдырған отбасы. «112» нөмірін терген әрбір адам құтқарушыға сенім артады. Сол сенімді ақтау үшін темірдей төзім, сергек ой, берік жүрек қажет. Олар – үрей мен сабырдың, қорқыныш пен батылдықтың арасындағы таразыны тең ұстайтын жандар.
Бүгінде Тараз қаласындағы төтенше жағдайлар қызметі – осы қағиданың айқын дәлелі. Олар тек апат кезінде көмекке келмейді, сонымен бірге қоғамға қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға да ерекше көңіл бөледі. Өрт қауіпсіздігі бойынша дәрістер өткізіп, балаларға алғашқы көмек көрсетуді үйретеді, табиғи апатқа дайын болуды насихаттайды.
Мәселен, жуырда Тараз қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері өрт қауіпсіздігі мен балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алу тақырыбында арнайы іс-шара ұйымдастырды. Кинотеатрда өткен кездесуде көрермендерге өрт кезінде өзін-өзі ұстау ережелері, эвакуация тәртібі мен төтенше жағдайлардағы іс-қимылдар түсіндірілді. Ал тұрғын үйлерді аралау барысында құтқарушылар халыққа электр құралдары мен пеш жабдықтарын қауіпсіз пайдалану жөнінде кеңес беріп, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін терезелерге арнайы бекіткіш орнатудың маңызына тоқталды.
Тараздағы №4 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары да қарап қалған жоқ. Олар шаһар төріндегі «Дос-Нар» сауда кешенінде өрт-тактикалық сабақ өткізді. Шараға екі бірлік техника мен он төрт қызметкер жұмылдырылды. Шартты түрде қойылған оқиға бойынша тігін цехындағы электр сымдарының қысқа тұйықталуынан өрт шығып, жалынның сауда кешеніне таралу қаупі туындады. Дабыл қағылған сәттен-ақ оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер жылдам әрекет етіп, штаб құрып, газ-түтіннен қорғау буыны арқылы өртті ауыздықтауға кірісті. Олардың үйлесімді жұмысының арқасында бір адам құтқарылып, өрт дер кезінде сөндірілді. Оқу-жаттығу соңында құтқарушылар атқарылған жұмыстарды саралап, кешен қызметкерлеріне өрт қауіпсіздігі ережелерін түсіндірді. Сонымен қатар ғимараттың ерекшеліктерімен танысып, алдағы уақытта төтенше жағдайдың алдын алу жолдарын нақтылап өтті.
Сонымен бірге қала тұрғындарының қауіпсіздігін басты назарда ұстаған төтеншеліктер «QazaqGazAimaq» өкілдерімен, Жамбыл электр станциясының қызметкерлерімен және «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының еріктілерімен бірлесіп, «Құмшағал» алқабында кең ауқымды рейд жүргізді. Шара барысында 180 үйге кіріп, 630-дан астам тұрғынмен тілдесті. Әр отбасыға қауіпсіздіктің қарапайым әрі маңызды қағидалары түсіндірілді. Пеш пен электр құралдарын дұрыс пайдалану, өрт қауіпсіздігін сақтау жолдары кеңінен баяндалды. Сондай-ақ улы газдан уланудың алдын алу үшін газ датчиктерін орнатудың маңызы ерекше аталды. Жылыту маусымының жақындап қалғанын ескерткен мамандар тұрғындарға мұржаларды уақтылы тазалау және олардың жарамдылығын тексеру қажеттігін қаперге салды.
Ал №3 мектеп-лицейде ерекше мазмұнды кездесу өтті. Мұнда ата-аналар, ұстаздар мен мектеп психологтары бас қосып, баланың ғана емес, бүкіл отбасының қауіпсіздігі жайлы ой өрбітті. Бұл – республикалық «Қауіпсіз болашақ – сенің қолыңда» акциясы аясында ұйымдастырылған шара. Оны Жамбыл облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Азаматтық қорғаныс басқармасы, Мемлекеттік өрт бақылау қызметі және жедел-құтқару жасағы бірлесіп өткізді. Акция ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай қолға алынған «30 игі іс» жобасының шеңберінде жүзеге асты.
Интерактивті форматта өткен жиында құтқарушылар ата-аналарға өрт кезінде өзін-өзі ұстау қағидаларын, судағы тәртіп пен мұз үстіндегі қауіпсіздік шараларын, жер сілкінісі кезіндегі іс-қимылдарды жан-жақты түсіндірді. Көпшілікке төтенше жағдайлардың алдын алу бойынша құнды кеңестер ұсынылды.
Иә, мұндай жүйелі шаралардың барлығы төтенше жағдайлардың алдын алуға, адамдардың өмірін сақтап қалуға үлкен мүмкіндік береді. Дегенмен, қауіпсіздік – ең алдымен әрбір адамның өз жауапкершілігінен басталатынын естен шығармаған абзал. Құтқарушылар осыны күнделікті еңбегімен дәлелдеп келеді.
Карина КАРТАШОВА,
Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі, азаматтық қорғау аға лейтенанты