Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Бөтен ағым бүлікке бастайды

0 282

«Ұшқаны білінбейтін ұшқыр заман.
Билік айтсаң – түзу кес, адалын айт.
Тиянақ көрме жалғанды», – деп философ-ақын Шәкәрім меңзегендей, ұлтымызға жақсылық жасап келдік деген зымиян саясат құрдымға кеткелі ақ пен қараны таңып, қазақтың қырға өрлегенінен гөрі құлдиға құлағаны көп болғанын біліп, бүгінге жеткенімізге шүкір дейсің.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көпконфессиялы Қазақстан зайырлы мемлекет ретінде орныққаннан кейін, Қазақстанның көптеген азаматы шетелге діни білім алуға кетті. Шетелде күмәнді діни оқу орындары мен орталықтарда деструктивті, радикалды діни идеологиямен уланған азаматтар 2011-2012 жылдары Атырау, Ақтөбе, Тараз қалаларында және Алматы облысында, сондай-ақ 2016 жылы Ақтөбе мен Алматыда террористік актілер жасады.
Деструктивті діни ағымдардың таралуы, халықтың діни сауаттылығының төмендігі, қазақстандық азаматтардың шетелде бақылаусыз діни білім алуы сияқты факторлар халық арасында радикалды идеологияның енуіне қолайлы жағдай туғызған негізгі себептер болды.
Осыған байланысты мемлекет басшылығы деструктивті идеологиялардың таралуына қарсы әрекет ету бойынша шаралар қабылдай бастады. Діни білім беру мекемелері мен бірлестіктеріне бақылау күшейтіліп, діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресу саласында заңнамалық базаны қалыптастырды.
Діни экстремизмге қарсы күрестің маңыздылығын ескере отырып, терроризмге қарсы қызметті үйлестіруді қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының бірінші Президенті 2013 жылдың 24 маусымында «Қазақстан Республикасының антитеррористік орталығын бекітетін Ереже туралы» № 588 Жарлыққа қол қойды.
Жаңа форматта қалыптасқан Қазақстан Республикасының Антитеррористік орталығы мемлекеттің басты ұлттық қауіптері – терроризм мен экстремизмге қарсы мемлекет пен қоғамның қызметтерін басқару және үйлестірумен айналысады. Сондай-ақ аталмыш орталық терроризм мен экстремизм көріністеріне құқықтық тосқауылдар жасауға тікелей қатысады. Қазіргі уақытта террористік қауіптерге қарсы іс-қимылдардың барлық аспектілері заңмен бекітілген.
Антитеррористік қызметте оның ақпараттық және насихаттық құрамына ерекше көңіл бөлінеді. Осыған байланысты Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің қызметі қоғамда толерантты діни сана мен радикалды идеологияға қарсы иммунитетті қалыптастыруға бағытталған.
Аталмыш комитет дәстүрлі емес діни ағымдардың ықпалынан халықты қорғау мақсатында діни бірлестіктердің жарғылары, әдебиеттері мен материалдарына, сондай-ақ интернет-ресурстарға мониторинг пен талдау жүргізеді және олар бойынша дінтану сараптамасын өткізеді.
Сондай-ақ еліміздегі үйлесімді конфессияаралық қарым-қатынасты қалыптастыруға және нығайтуға, халықтың діни сауатын арттыруға және діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған шараларды тиімді жүзеге асыру үшін дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істеуде. Олардың құрамына мемлекеттік органдардың қызметкерлері, дін қызметкерлері, кәсіби теологтар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері және жергілікті зиялы қауым өкілдері кіреді. Аталмыш ақпараттық-түсіндіру топтары барлық облыста құрылған. Олардың тиімді жұмысының нәтижесінде республикада деструктивті діни ағымдармен, терроризммен күресуде ауқымды жұмыстар атқарылды. Осылайша елімізде діни экстремизм мен терроризмге қарсы күресуде өзіндік моделі қалыптасты деуге болады.

С.МУТАНОВ,
Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының
бас маманы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.