Қалалық қоғамдық-саяси газет

46,3 мың гектар жайылымдық жер қайтарылды

0 121

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жайылым мәселесін өзекті етіп көтеріп, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын сын тезіне алған болатын. Президент тіпті шұрайлы жерлер қалталы азаматтардың қолына өтіп кетіп, оны қайтаруға әкімдердің пәрмені жетпей тұрғанын ашып айтқан.

Осыған орай «AMANAT» партиясының жанынан «Жер аманаты» комиссиясы құрылып, бүгінде бос жатқан жерлерді қайтара бастады. Тексеру тобы осы таңға дейін еліміз бойынша 293,2 мың гектар жайылым жерді мемлекет меншігіне қайтарса, Жамбыл облысы жүйелі жұмыс нәтижесінде үздік үштікте тұр.
Жалпы «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев пен ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепбергеннің өңірге жасаған іссапары өз жемісін бергені анық. Байзақ ауданының Үлгілі мен Түймекент ауылдарына ат ізін салған «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері тұрғындармен жүздесіп, өтініш-тілектеріне жіті құлақ түрді. Бір ғана Түймекент ауылдық округінде 17637,45 гектар жер бар болса, қажеттілік 1133 гектарды құраған. Осы мәселе кезең-кезеңімен шешімін табуда.
– Бүгінде партияның бастамасымен Түймекент ауылдық округі әкімі аппараты мен «Достық-99» шаруа қожалығы арасында бос жерге мал жаюға рұқсат алу туралы меморандум жасалды. Ол жердің жалпы аумағы 500 гектарды құрайды.
Сондай-ақ «AMANAT» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиевтің облысқа жасаған іссапарынан кейін жайылым мәселесі жіті бақылауға алынып, ауылдағы 801,3 гектар босалқы жердің картасы әзірленіп, бекітілді. Осы жерлер жергілікті мәслихаттың шешімімен жайылым жердің қатарына кіреді. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл соңына дейін жалғасын табады, – дейді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Дауыл Бейсенқұлов.
Партия пәрменімен түйткілдің түйіні тарқатылып, мәселенің оңтайлы шешіліп жатқанына бұқара да дән риза.
– Жыл санап ауылда төрт түліктің саны артуда. Соның салдарынан жайылым тапшылығын көріп келдік. Енді міне, «Жер аманаты» комиссиясы келіп, елді мекенде жұмыс жүргізгеннен кейін көп мәселе шешімін таба бастады. «AMANAT» партиясы мен осы бастамаға ұйытқы болған азаматтарға тек алғыс айтамын. Халықтың қамы үшін жасаған жақсылықтарыңыз еселеніп қайтсын, – дейді Түймекент ауылының тұрғыны Мұхтар Сәлімбаев.
Негізі «Жер аманаты» комиссиясының араласуынан кейін Түймекент пен Үлгілі ауылдық округтерінің әкімдіктері жалпы ауданы 3197 гектар жайылым жерді алу бойынша 84 шаруа қожалығымен меморандумға отырған.
Осылайша комиссия мүшелері жайылым жерлерді қайтаруға қозғау салып кеткеннен кейін партияның өңірлік филиалы да тұрғындармен кездесіп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейткен. Филиалдың атқарушы хатшысы Дауыл Ынтықбайұлының бастауымен партия мүшелері Жуалы ауданына қарасты Қарасаз бен Нұрлыкент ауылдарында болған. Жергілікті билік пен шаруалар арасында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының арқасында аймақта 700 гектар жер ауыл тұрғындарына қайтарылған. Дәл осындай жұмыс жуырда Қордай ауданында жүргізілсе, енді жыл соңына дейін қалған жеті аудан қамтылады деп күтілуде.
Қалай дегенде де, «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы өз жемісін бере бастағаны сөзсіз. Оған дәлел, Жамбыл облысында қазір 46,3 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылып отыр. Бұл – еліміз бойынша үздік үштіктегі көрсеткіш. Алдыңғы қатарда Қарағанды мен Қостанай облысы тұр. Егер жоспарлы жұмыс толықтай жүзеге асса, аймақ көш бастайтынына сенімдіміз. Ал мұның шарапатын шаруалар көретіндігі анық.

Саян Тілеужан

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.