Қалалық қоғамдық-саяси газет

№21 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат Тоқтағұл Батырхан Тоқтағұлұлы

0 256

Құрметті Тараз қаласының тұрғындары!

Мен, Тоқтағұл Батырхан Тоқтағұлұлы, 1978 жылы 7 қыркүйекте Жамбыл облысы, Байзақ ауданы, Сарыбарақ ауылында дүниеге келдім. Тараз қаласында тұрамын. Отбасылымын, бір ұл тәрбиелеудемін. Қазақстан Республикасының азаматымын. Білімім – жоғары. «AMANAT» партиясының мүшесімін.
2000 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін «Экономика және әлеуметтік еңбек» мамандығы бойынша аяқтадым. Еңбек жолымды «Жамбыл электр жүйесі» ЖШС-нің бақылаушы қызметшісі болып бастадым. Қазіргі уақытта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалы директоры қызметіндемін.
Өздеріңізге мәлім, биыл елімізде алғаш рет мәслихат депутаттарын тікелей сайлау өткізіледі. Мен жылдар бойы жинаған тәжірибем мен біліктілігімді ел игілігі үшін жұмсау мақсатында сайлауға қатысу туралы шешім қабылдадым. Тараз қаласының және оның тұрғындарының проблемаларын жақсы білемін. Әсіресе шұғыл шешуді қажет ететін әлеуметтік саладағы, оның ішінде білім беру мекемелерінің жай-күйі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының жағдайы, жолдарды жөндеу, жаяу жүргіншілер жолын салу, жастар жұмыссыздығы туралы мәселелер өзекті. Сіздермен бірге осы өткір мәселелерді шеше аламыз деп ойлаймын. Күшімізді біріктіре отырып, әр тұрғынның тұрмыс сапасын едәуір арттыруға және тарихы терең көне қаламызды дамытуға ықпал ететінімізге сенімдімін. Осы ретте өзімнің сайлауалды бағдарламаммен таныстырғым келеді.
«Қазақстанға терең тарихымен танымал және фосфорымен даңқы шыққан қаламызда бүгінгі күні 400 мыңнан астам адам тұрса, оның 30 мыңы осы біздің округтен. Тұрғындардың 14%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, 13%-ы шағын және орта бизнесте. 16%-ы медицина, тағы 15%-ы білім саласында, өнеркәсіпте – 9,0%, 4%-ы құқық қорғау органдарында жұмыс атқарады. Ал қалған 29%-ын студенттер мен қамқорлықты қажет ететін зейнеткерлер, үй шаруасындағы көпбалалы аналар мен 300-ден аса мүгедектігі бар жандар құраса, 1,5-2%-ы жұмыссыздар. Әлеуметтік нысандарға тоқталсақ, округте 3 жалпы білім беретін мектеп, 2 емдеу мекемесі және балабақшалар бар. Көпқабатты үйлердің алдында балалар алаңшалары, футбол алаңдары салынған. Күнделікті қажеттілік үшін дүкендер, дәріханалар, шаштараз салондары, көлік жөндейтін станциялар бар. Алайда әлі де шешуді талап ететін мәселелер көп.

Құрметті жерлестер!

Егер мені сайлап жатсаңыздар, мен мынадай бағыттарда жұмыс істеуге ықпал етемін:
1. «Бар жақсылық – балаларға»:
– Әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балаларына әлеуметтік қолдау көрсете отырып, сапалы біліммен қамтылуына жағдай жасау;
– Толық емес отбасынан шыққан балалар мен мүмкіндігі шектеулі жастарға қолайлы орта қалыптастыру.
2. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет»:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыруын тапсырды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» – бұл, шын мәнінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы, дұрыс және әділ шешім шығару қажет. Осы орайда мемлекеттік органдар тарапынан көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсетудің деңгейін көтеру және халықпен кері байланысты күшейту.
2. «Бұқара мен биліктің арасына алтын көпір»:
– Сайлаушылардың өтініш-тілектеріне құлақ түріп, көкейлерінде жүрген түйткілді мәселелерінің түйінін тарқату;
– Сайлау округіндегі тұрғындармен жиі жүздесіп, әлеуметтік мәселелеріне атқарушы биліктің назарын аудару.
3. «Кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейту»:
– Сайлауға түсіп жатқан округім бойынша шағын, отбасылық кәсіпкерлікті дамыту арқылы тұрғындарының әлеуметтік жағдайының жақсаруына ықпал ету;
– Өз кәсібін ашамын деген азаматтарға мемлекеттік бағдарламалардың барысын түсіндіріп, жобаларының жүзеге асуына ықпал ету.
4. «Инфрақұрылым – ел игілігіне»:
– Жастардың бос уақытын тиімді өткізуін қамтамасыз ету мақсатында округтегі спорт алаңшаларының санын арттыруға демеушілерді тартып, мәдени, демалыс пен спорт жарыстарын жиі ұйымдастыру ықпалдасу. Округ бойынша абаттанбаған аулалармен мен ағын су жүйелерін жаңғыртып, көпір салу, көшелерге жарық шамдарының көптеп орнатылуына және жолдарды жөндеуге билік өкілдерін шақырып, оңтайлы шешілуіне септігімді тигізу.

Құрметті жерлестер!

Мен әділетті Қазақстан құру жолында алдыма бірқатар міндеттер қойдым. Олардың шешімін қалалық мәслихаттың депутаты ретіндегі қызметімде бағыттаймын. Мақсатым – қоғамның қалыптасып, қала тұрғындарының әл-ауқатын барынша көтеру. Өз бойымдағы ізгі қасиеттер мен белгілі бір деңгейдегі тәжірибемді пайдалана отырып, өздеріңіздің пікірлеріңізді ескеріп, бірлесе жұмыс істеуге күш саламын. Сондықтан алда келе жатқан сайлауға округ тұрғындары белсене қатысып, ынтымағы мен бірлігін көрсетеді деп сенемін. Сіздерді үстіміздегі жылдың 19 наурызында өтетін сайлауға келіп, дауыс беруге шақырамын!

Нар тәуекел!

 

Тапсырыс беруші: №21 бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Тараз қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат ТОҚТАҒҰЛ Б.Т..
Кандидаттың республикалық бюджет қаражатынан жабылатын шығыстары есебінен төленді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.