Қалалық қоғамдық-саяси газет

207 мыңнан астам ағаш отырғызылған

0 187

Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Баймахан Қошқарбаевтың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында облыстағы орман шаруашылығының жай-күйі жан-жақты айтылды.

Сәндібек АСАНӘЛІҰЛЫ

Орман қорының жерлері облыс аумағының 30,8 пайызын, ал орманды жерлері 15,47 пайызын алып жатыр екен. Инспекция тарапынан бүгінде қоршаған ортаны қорғау саласында мемлекеттік саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, орман-тоғайлы аумақтарды ұлғайту жұмыстары жүзеге асырылуда. Мысалы, облыста елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл аймақтар құрудың 2021-2025 жылдарға арналған өңірлік жоспары бекітілген. Соған сәйкес биыл облыстағы 152,2 га аумаққа 179 мың дана ағаш отырғызылады деп жоспарланған екен. Ал мамыр айының қорытындысы бойынша жалпы 207,3 мың дана көшет отырғызылыпты.

– Орман шаруашылығы мекемелерінің орындаған жоспары да ауқымды. Мәселен, биыл Ақкөлге 955 гектарға 1720 мың дана сексеуіл отырғызды. Ақыртөбеде 175 гектарға 385 мың дана қарағаш, орман екпелерін толықтыру бойынша 15 гектарға 33 мың дана, Байзақта 150 гектарға 270 мың дана, орман екпелерін толықтыру үшін 30 гектарға 65 мың дана сексеуіл отырғызылды. Жуалыда 42 гектарға 75,6 мың дана, Қосқұдықта 628 гектарға 1130,4 мың дана, Көктеректе 70 гектарға 126 мың дана сексеуіл отырғызылды. Орман екпелерін толықтыру үшін 5 гектарға 11 мың дана отырғызылды. Т.Рысқұловта 175 гектарға 385 мың дана қарағаш екпелері, Меркіде 150 гектарға 330 мың дана қарағаш, орман екпелерін толықтыруға 30 гектарға 66 мың дана екпелері отырғызылды. Сондай-ақ Мойынқұмда 520 гектарға 936 мың дана сексеуіл екпелері отырғызылды, орман екпелерін толықтыруға 60 гектарға 129 мың дана егілді. Сарысу ауданында 235 гектарға 423 мың дана сексеуіл екпелері, орман екпелерін толықтыру үшін 60 гектарға 129 мың дана егілді, – дейді Баймахан Қошқарбаев.
Сонымен, Президент тапсырмасына сәйкес республика бойынша 2 млрд түп ағаш отырғызу жоспарланса, оның 140 млн түп ағашын Жамбыл облысының орман қорына егу көзделген. Соған сәйкес биыл 7 100 га жерге ағаш отырғызу жоспарланыпты. Ал соңғы деректер бойынша көктемде 3 100 га жерге 6 млн 214 мың дана ағаш (сексеуіл және қарағаш) көшеттері отырғызылып, облыс бойынша кешенді жоспар 100 пайызға орындалған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.