Қалалық қоғамдық-саяси газет

Зиялылар қатары толықты

0 534

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында өңірдегі зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ Суретті түсірген А.ҚАРТАБАЙ

Жиында көрнекті қоғам қайраткерлері, жазушылар мен ақындар елдегі рухани және мәдени құндылықтар, өзекті мәселелер туралы ойларын ортаға салды. Бердібек Сапарбаев алдымен облыстың биылғы нәтижелеріне қысқаша тоқталып өтті. Экономикалық болжамдар жүз пайызға орындалатынын сеніммен жеткізді.
– Ауқымды жоспарлар жүзеге асырылуда. Пандемия салдарынан орын алған дағдарысқа қарамастан, біздің өңір жақсы көрсеткіштерге қол жеткізді. Мемлекет басшысының және Үкіметтің қолдауының арқасында біз көптеген ауылдарды сумен және газбен қамтамасыз ете алдық, әлеуметтік нысандар салдық, жолдарды жөндедік. Жамбылдықтарға әлеуметтік көмекке шамамен 45 миллиард теңге бөлінді. Әрине, шешімін күткен мәселелер әлі де жоқ емес. Тұрақты сауалнамалар жүргізіліп, алаңдатарлық жайттар анықталуда. Мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады, – деді облыс әкімі.

Облыс басшылығы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсартуға ғана емес, мәдени саланы дамытуға да назар аударып келеді. Атап айтқанда, аймақ басшысы өтіп бара жатқан жылдың мерейтойлық шараларға толы болғанын тілге тиек етті. Алтын Орданың 750, әл-Фарабидің 1150, Абайдың 175, Бауыржан Момышұлының 110, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығын бүкіл ел лайықты атап өтті. Коронавирустық пандемияның салдарынан мұндай атаулы күндерді кең көлемде атап өте алмадық. Келер жылда да маңызды оқиғалар аз емес десек, солардың бастысы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы екеніне де тоқталды әкім. Сондай-ақ ол Жамбыл жері әрқашан таланттарға бай болғанын, ақын-жазушылар жас ұрпақтың тәрбиесінде жарқын өнеге болып табылатындығын баса айтты.

– Сіздер өз шығармаларыңызбен жастарды дәстүр мен әдет-ғұрыптарды құрметтеуге және сақтауға баули аласыздар. Бұл, әсіресе, қазіргі жағдайда аса маңызды, – деді облыс әкімі.

Ол зиялы қауым өкілдерін қоғамдағы тұрақтылықты нығайтуға, ұлттық құндылықтарды насихаттауға үлес қосуға шақырды. Ізінше Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ұлықбек Есдәулет сөз сөйледі.

– Әулиеата топырағынан туған талантты ақын-жазушылар көп. Олардың арасында айтулы жазушы және журналист Шерхан Мұртазаны, қазақ әдебиетінің қазіргі заманғы классигі Несіпбек Дәутайұлын, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованы айрықша атауға болады. Қазақстан Жазушылар одағы қазіргі жас таланттарды танытуға ниетті, – деді ол.

Өз сөзінде Ұлықбек Есдәулет Жамбыл жерінде дәстүрлі түрде республикалық әдеби фестиваль өткізуді ұсынды. Облыс әкімі бұл идеяны бірден қолдады. Белгілі жазушылар мен ақындар шығармашылық мамандық иелеріне көрсеткен қолдауы мен ілтипаты үшін облыс әкіміне алғыс айтып, өз ұсыныстарын ортаға салды. Олар мүмкіндігінше мәдени іс-шараларды көптеп өткізу керектігін алға тартты.

Сонымен қатар жиында мәдени-тарихи мұраларды сақтау мәселелері кеңінен сөз болды. Тараз тарихымыздың алтын бесігі болғандықтан, бұл мәселенің кезек күттірмейтіні анық.

Кездесу барысында жергілікті жас ақындар Табиғат Абаилдаев, Данияр Әлімқұл және Нұржан Қадірәліге Қазақстан Жазушылар одағының куәліктері салтанатты түрде тапсырылды. Жас қаламгерлерге арнайы құжатты облыс әкімінің өзі табыстады. Жазушы-драматург Елен Әлімжанға, ақындар Қайырбек Асанов пен Шырын Мамасеріковаға 75 жылдық мерейтойларына орай Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының құттықтау хаттары тапсырылды. Сондай-ақ «Әдеби өлке» жобасы аясында «Хандықтың туын тіккен киелі өлке» кітабының тұсаукесері өтті.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.