Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өзіңді өзің қорға

0 234

«Анаға тағзым» орталығында «Ата Заң және әйел құқығы» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны өтті.
Шара басында орталықтың заңгері Дина Керімбек Қазақстан Республикасының Ата Заң баптарындағы руханият, адам құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қазақстандық патриотизмді нығайту мәселелері бойынша сөз қозғады.

Орталықтың психолог маманы Марал Хантөреқызы қазіргі қоғамда жиі кездесетін балалар арасындағы әлімжеттілік, буллинг пен кибербуллингтің зиянын түсіндіріп, қалай алдын алуға болатыны туралы егжей-тегжейлі мәліметтер берді.

– Буллинг сөзі ағылшын тілінен аударғанда «Қорқыту, кемсіту, мұқату» дегенді білдіреді. Буллинг агрессия немесе күш көрсету арқылы адамның өзгені қорлауы. Буллинг жасаушылар бұл әрекетін жиі жасауы мүмкін. Буллингтің ерекше белгілері жәбірленуші мен жәбір көрсетуші арасындағы күштердің тең келмеу, қысым мен зомбылықтың қайталануы, көңіл күйге келтіретін зияны орасан. Әлеуметтік желі дамыған заманда мұндай бүлікшілер түрлі посттардың, фото немесе видеолардың астына кері пікір жазып, кекетіп мұқатып отырады. Мұндай іс әрекеттің құрбаны болған бала ата анасына айтуы тиіс. Ал үлкен кісілер заңға жүгінгені жөн болады – деді орталық психологы Марал Хантөреқызы

Іс-шара соңында орталықтың психологтары Марал Хантөреқызы мен Жанар Дүкенбайқызы психологиялық тренинг өткізіп, «Гүлмен көмкеру» атты медитация мен танысу-сергіту ойынын жүргізді.

– Әйел нәзікжанды болғандықтан, өз құқығын қалай қорғауы тиістігін білу өте маңызды. Әлеуметтік желі дамыған заманда, желі арқылы жолданған кері пікір, негативке толы мысқылдарды жиі көзің шалады. Ондай кереғар, жағымсыз пікірді оқып қана қоймай, ол пікірді жолдаған адамның миға жасаған шабуылынан біз заңды білген кезде ғана оңай құтыламыз. Бүгінгі дөңгелек үстел, әйелдердің сауаты мен блілімін тереңдете түсті, – дейді көп балалы ана Айткүл Әуесбекқызы.

Жиын соңында қатысушылар бір- біріне жылы сөз айтып, тренингтен алған әсерлерін ортаға салды. Қатысушылардың барлығы көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.