Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жыр арқауы – Шер-аға

0 207

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның туған күніне орай «Әулиеата шайырлары» шығармашылық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Шерхан аға» атты ақындар мүшәйрасы өтті.

Жыр сайысына 19 үміткер өлеңдерін жолдады. Қазылар алқасы әр өлеңге жіті назар аударып, ақындардың тақырыпты аша білуіне, көркемдігіне айрықша мән берді. Нәтижесінде, Халықаралық жазушылар, Халықаралық сазгерлер, Түркі әлемі жазушылар одақтарының мүшесі, ақын-сазгер Болатбек Әбішев бас жүлдені иеленді. І орынға Халықаралық жазушылар және Түркі әлемі жазушылар одақтарының мүшесі, ақын Жорабек Әбдікерімов лайық деп танылып, Халықаралық жазушылар және Түркі әлемі жазушылар одақтарының мүшесі, ақын Айман Елеуова ІІ орынды қанжығалады. Ал Әлем халқы жазушылар одағының мүшесі, ақын Жанаргүл Толашқызы ІІІ орынды еншіледі.
Осы ретте оқырмандар назарына бас жүлде иегері Болатбек Әбішевтің арнау өлеңін ұсынуды жөн көрдік.

М.ШОЛПАНҚҰЛҰЛЫ,
«Әулиеата шайырлары»
шығармашылық бірлестігінің жетекшісі


ШЕРХАН АҒА

Анау ұлы даладай дархан аға,
Болған ылғи халқына қалқан аға.
Бүгін, тегі, көрінбей ортамыздан,
Сағындырдың өзіңді, Шерхан аға.

Сесі басқан «жайсаңды» тайраңдаған,
Беті қайтып «жампоздар» сайраңдаған.
Өз әкесін өмірде дәріптемей,
Ұлықтаған Тұрарды қайран ағам!

Қару болған өзіне отты тілі,
Бұл фәниде өлместен өтті тірі.
Көрсе-дағы соншалық өктемдікті,
Майдаланбай өмірден кетті ірі.

Жазушылық еңбегі бағаланып,
Мойындалды әлемде дараланып.
Енді кезек, жөн болар ашылғаны,
Шерхантану мектебі сараланып.

Мемлекеттік, қоғамдық зор қызметі,
Билігіңді сан мәрте дірілдетті.
Мінбелерден кез келген жиындарда,
Қазақ тілін шырылдап қорғап өтті.

Сөйлеп кетсе, шешен де кемел еді,
Қоқан-лоқы қысымды елемеді.
Мәжілісте орны тұр үңірейіп,
Кер қоғамға дәл қазір керек еді…

… Өзі кетті, артында сөзі қалды,
«Бір кем дүние» дегені қандай мәнді.
Нұр бейнесі ағаның ұмытылмай,
Жүректерде мәңгілік сақталады,
Шерханымен бар қазақ мақтанады!

                                    Болатбек ӘБІШЕВ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.