Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жыр алыбына арналған айтыс – біз үшін зор жауапкершілік»

0 21

«Атыңнан айналайын, Әулиеата,
Атыңды мен алды деп болма қапа», – деп жырлаған абыз Жамбыл – Әулиеатаның төлқұжаты іспетті. Аймағымызда Жамбыл ақынға деген құрмет шексіз. «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысы 13 жылдан бері дәстүрлі түрде өтіп келеді. Биыл да жыр алыбының туған күніне орай өтетін жыр додасы қарсаңында айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, облыстық «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер орталығы» мекемесінің қызметкері Ербол Қамбатырмен сұхбаттасқан едік.

– Сіз Жамбыл жеріне еңбегі сіңген айтыс ақынысыз. Осы аймақтың өнеріне жанашыр болып келе жатырсыз. Өңірімізде облыс əкімі Ербол Қарашөкеевтің қолдауымен «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілер» орталығы құрылғанына бір жыл толды. Əзірге өзге облыстарда жоқ осынау орталықта 12 айдың ішінде қандай жұмыс атқарылды?
– Басын ашып айтатын бір мəселе бар. Айтылған ұсынысты қош көріп, республикадағы бірегей орталықты ашып берген облыс əкімі Ербол Шырықпайұлына алғысымыз шексіз. Былтыр Шерхан Мұртаза атындағы облыстық «Руханият жəне тарихтану» орталығынан отау болып бөлініп, өз алдына шаңырақ болдық. Бұл орталық атауында айтылып тұрғандай айтыс ақындары мен жыршы-термешілерді қамтып, екі бағытта жұмыс істейді. Бұл жерде іс-шараны өткізу бір бөлек, өнерпазды қолдау бір басқа. Осы орайда ауыз толтырып айтарлықтай істер жүзеге асты. Былтыр белгілі айтыс ақыны, елімізге танымал бірнеше айтыс ақынын тəрбиелеп шығарған Айтмұханбет Исақовтың 60 жасына орай əуелі Жамбыл ауданының орталығы – Аса ауылында «Бір ақынның сау болса тілмен жағы…» атты шығармашылық кеші өтсе, кейіннен осынау əдемі үрдіс облыс орталығында да жалғасын тапты. Айтыскердің 60 жылдығына орай ұйымдастырылған ғылыми-тəжірибелік конференцияға «Алтын домбыра» айтысының үш дүркін жеңімпазы Мұхтар Ниязов, елімізге кеңінен танымал айтыскер Рүстем Қайыртайдың қатысуы іс-шараға үлкен салмақ бергені анық.
Былтыр жасөспірімдер арасындағы республикалық «Қола домбыра» айтысының облыстық іріктеуін өткіздік. Сонымен қатар бірқатар айтыстар жалғасын тапты. Оның бəрі тынымсыз еңбекпен келетін шаруа. Жыршы-термешілер арасында да облыстық байқау өткізілді. Сонымен бірге орталықтың жұмысы халықаралық деңгейде де көрініс тауып жатыр. Орталықтың ұйымдастыруымен Қордай ауданында қазақ-қырғыз өнерпаздары арасында халықаралық фестиваль өтті. Бұл орайда облыс əкімдігі мəдениет жəне тілдерді дамыту басқармасының қолдауын да сəт сайын сезініп отырмыз .
Əрине, осы шаруаның баршасын əдемі үйле стіру барысында айтыс ақыны, орталықтың директоры Ахметжан Өзбековтың еңбегі ерекше. Осынау іс-шаралардың баршасын ақпараттандыру жұмыстары да жолға қойылған.
– Орталықтағы үйірме шəкірттерінің жетістіктері қандай?
– Айтыс үйірмесін жас айтыскер Дидар Апбасов басқарады. Үйірме мүшелерінің қатары уақыт өткен сайын жасөпірім айтыс ақындарымен толығып келеді. Үйірме мүшелерінің қол жектізген табыстары да жаман емес. Үйірмеге жаңадан келген Інжу Ысқақ, Айша Сұлтанхан, Мирас Жамалбек деген оқушылар қалалық, аудандық деңгейде көзге түсіп, облыстық кезеңге жолдама алды. Ал қала мектептерінен көзге түскен Ержігіт Ораз бен Қанат Жасаров деген оқушылар үйірмеге мүше болып қабылданды. Облыста оқушылар айтысының көшін бастап жүрген тараздық Інжу Жаңабай қанатын кеңге жая түсті. Ол былтыр оқушылардың республикалық «Жыр алыбы – Жамбылым!» айтысында жүлделі екінші, Алматы қаласында өткен «Мен жастарға сенемін» республикалық оқушылар айтысында жүлделі бірінші орыннан көрінді. Жақында Алматы қаласында өткен «Біржанның інілері – Сараның сіңлілері» атты республикалық телеайтыста өнер көрсетуге жолдама алып отыр. Бұл айтыс бағытында жұмыстардың жүйелі жүріп жатқанын көрсетеді. Ал жыршы-термешілер үйірмесіне Сəрсен Əбілқайыр деген азамат жетекші. Бұл үйірмеге де тіркеліп жатқан өнерпаздар жеткілікті. Дегенмен, аталған бағытта көп жұмыс істеуге тура келеді.
– «Жамбыл – менің жай атым, Халық – менің шын атым» республикалық айтысы Таразда тұрақты түрде 13-ші рет өткізілгелі отыр. Сырттан қандай жүйріктер келеді, өзіміздің өңірдің намысын кімдер қорғайды? Олар қалай іріктелді?
– Бұл – бірнеше жылдан бері қалыптасқан, жүйесі бар, əр өңір іздеп тұратын аламан айтыс. Біз мүшел уақыттан бері желісін үзген емеспіз. Облыс Жамбыл бабамыздың атында болғандықтан, бұл орынды іс-шара. Мұндай айтыстың өтіп тұруы – біз үшін мақтаныш пен жауапкершілік. Биыл өтетін республикалық айтысқа 14 айтыскер қатысқалы отыр. Додаға «Алтын домбыра» айтысының жеңімпаздары – қызылордалық Мұхтар Ниязов, оралдық Жансая Мусина, алматылық Рүстем Қайыртайұлы жəне оңтүстік астанадан Нұрзат Қару, Шұғайып Сезімхан, Шығыс Қазақстан облысынан Серік Қуанған, Шымкент қаласынан Қалижан Білдаш, керекулік Рауан Хайдаров, Астана қаласынан Мұхтар Қонарбаев, атыраулық Батыржан Қадірбай секілді таңдаулы айтыскерлер шақырылып отыр. Өз өңіріміздің намысын айтыстың ару анасына айналған Алтынкүл Қасымбекова, келешектерінен көп үміт күттіретін жүйріктер – Əсет Дүйсебаев, Нұрлыбек Құрманов, Рай Дөңбай қорғағалы отыр. Жамбылдық айтыскерлердің жөні мен жолына қарап, халықаралық одақпен кеңесіп, бабы келіп, ізденісте жүрген осы төртеуін таңдап отырмыз. Əйтпесе, өңірімізде ертеден салсаң кешке озған басқа да айтулы айтыскерлер жоқ емес. Олар да осы төрт жүйрікке тілектес болатыны анық.
– Өзіңіз де белгілі айтыс ақыны, өнер адамысыз. Асқаралы алпыс жастан астыңыз. Алда қандай шығармашылық жоспарлар бар?
– Ол рас, асқаралы алпыстан асып барамыз. Əр жағдайды саралап, ой түйетін уақыт. Қазіргі таңда өзімнің айтыстарымды, əр кезде айтқан əзіл сөздерімді жинақтап жүрмін. Болашақта осы бағытта бір кітап шығарсам деген ниетім бар. Əрине, оның баршасы алдағы күннің еншісіндегі жұмыстар. Өзім айтыскер болған соң, айтыс жағына көбірек көңілім ауып тұрады. Орталықтағы үйірме жұмыстарын жандандыру бағытында тер төгіп жүрмін.
– Əңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ.
журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.