Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жылыжай шаруашылығы қарқын алып келеді

0 44

Бүгінде ауыл кәсіпкерлігін дамыту халықтың әл-ауқатын арттырудың негізгі тетіктерінің біріне айналып отыр. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға нақты мүмкіндік беруде. Соның ішінде Ауыл аманаты бағдарламасы ауылдағы шағын бизнесті дамытуда ерекше рөл атқарып келеді.

Жеңілдетілген несиелердің арқасында ауыл тұрғындары төмен пайызбен қаржы алып, кәсіп ашуға мүмкіндік иеленуде. Бұл ауылдағы іскерлік белсенділікті арттырып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және жергілікті өнім көлемінің өсуіне ықпал етеді.

Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – Шу ауданындағы көпбалалы ана, педагог Айгерім Махамадиева. Ол 2024–2025 жылдары 2,5 пайыздық несие алып, жылыжай шаруашылығын қолға алды. Нәтижесінде қияр өсіру ісін жолға қойды.

Жылыжай шаруашылығы – жүйелі еңбек пен төзімділікті талап ететін сала. Тұқым егілгеннен бастап алғашқы өнім алынғанға дейін шамамен алты ай уақыт кетеді. Ал өнім беру кезеңі 4–5 айға созылады. Осы уақыт ішінде тұрақты күтім қажет: температураны бақылау, суару және тыңайтқыш енгізу.

Еңбектің нәтижесі айқын. Алғашқы кезеңде күніне 5–6 келі өнім жиналса, маусым қызған кезде бұл көрсеткіш 50–60 келіге дейін жетеді. Бұл шығындарды жабумен қатар тұрақты табыс табуға мүмкіндік береді.

Жылыжайда өсірілген өнімнің сапасы жоғары. Химиялық қоспаларсыз өсірілген көкөністер экологиялық таза әрі нарықта сұранысқа ие. Қияр – дәрумендерге бай, күнделікті тұтынатын маңызды азық-түлік түрі.

Қазіргі таңда кәсіпкер тек бір бағытпен шектелмей, көк шөп пен басқа да көкөніс түрлерін өсіруді қолға алуда. Жинақталған тәжірибе алдағы уақытта шаруашылықты кеңейтуге жол ашып отыр.

Жылыжай шаруашылығы – тек табыс көзі ғана емес, ауыл экономикасын дамытуға серпін беретін маңызды бағыт.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.

error: Көшіруге болмайды! Редакцияға хабарласыңыз.