Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту маусымының барысы тұрақты бақылауда

0 624

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте аймақтағы жылыту маусымының барысы қаралды.

Кеңесте әуелі облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың есебі тыңдалды. Басқарма басшысының сөзінше, өңір нысандарын жылыту маусымына дайындау және оның өту барысын қадағалау үшін облыстық штаб құрылған. Сондай-ақ аудандар мен Тараз қаласында жергілікті штабтар жұмыс істеуде.
– Облыс бойынша 9 жылу энергетика кешені және 593 автономды қазандық бар. Барлық жылу көздерінде температуралық кестелері бекітілді. Қазіргі таңда отын-энергетика кешендері штаттық режимде жұмыс істеуде, жылу көздерінде температуралық кестенің сақталуы күнделікті бақылауға алынған. Барлық кәсіпорындарда апаттық-диспетчерлік бөлімшелері тәулік бойы қызмет көрсетуде.
ҚР Құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес облыста жылыту маусымы 164 тәулікті құрайды. Бүгінде жылыту маусымының 13 тәулігі өтті. Осы жылы жылыту маусымында жылу энергетика кешендері жалпы 1,100 миллион Гкал жылу энергиясын өндіреді деп жоспарлануда. Сондай-ақ жылыту маусымы кезеңінде 1,250 миллиард текше метр газ тұтынады деп көзделуде. Олардың нормативті резервтік мазут қоры 15 мың тоннаны құрайды. Жылыту маусымына дайындық іс-шараларына қаралған 8,804 миллиард теңге толық игеріліп, жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді, – деді басқарма басшысы.
Жалпы облыс бойынша 1 665 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылған. Қазіргі таңда температуралық кестеге сәйкес жылу алуда. Жылыту маусымының өту барысы облыстық штабтың тұрақты бақылауында.
Аймақ басшысы өз кезегінде күн тәртібіндегі мәселе бойынша аудан басшыларынан жеке-жеке жауап алып, алдағы уақытта ауа райы болжамына сәйкес күннің күрт суытуы және қатты жел күтілетінін ескертіп, барлық нысандарды толық дайындыққа келтіру керектігін баса айтты.

Аман Есен

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.