Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылыту маусымы қалыпты өтуде

0 209

Қылышын сүйреткен қыстың келуіне де аз уақыт қалды. Қазірдің өзінде қоңыр күздің қара суығы денені қарып барады. Сондықтан қыстың қамын жазда ойлайтын Тараз қаласы жылыту маусымына дайындықты ерте көктемнен бастап кеткен болатын.

Бүгінде шаһарда ағымдағы жылдың күз-қыс айларына жылыту қазандықтарын әзірлеп, керекті құрал-жабдықтарды дайындау іс-шарасы өз жұмысын бастады. Тараздағы әлеуметтік нысандарды жылумен, газбен, сумен уақытылы қамтамасыз ету мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Осыған байланысты қыс мезгілі жақындаған сайын Тараз қаласы төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері тұрғындарды жылыту маусымына ерекше дайындалуға шақырады. Жеке үйлер мен саяжайларда пеш арқылы жылыту кеңінен қолданылатындықтан, оны дұрыс пайдалану және қауіпсіздік шараларын сақтау өте маңызды. Әсіресе пешті алдын ала тексеріп, оны дайындау – өрттің алдын алудың басты шарты. Мамандардың пікірінше, түтін мұржасын уақытылы тазалаудың маңызы зор. Жыл сайын жылыту маусымы басталмас бұрын, пештің түтін шығару жүйесін тексеру және тазалау қажет.
– Түтін мұржасына жиналған күйе – өрттің басты себептерінің бірі. Пештің бүтіндігін қадағалаңыз. Пештің қабырғалары мен түтін жолдарында жарықтар болса, олар улы газдың бөлмеге таралуына әкелуі мүмкін. Азаматтық қорғау қызметкерлері пештің жағдайын мұқият тексеріп, кез келген жарықты немесе ақауды тез арада жоюды ескертеміз. Қауіпсіз отын түрлерін қолданыңыз. Пешке жағуға тек арнайы отын түрлерін, мысалы, ағаш немесе көмір қолданған дұрыс. Тұрмыстық қалдықтар мен жанғыш материалдарды пеште жағу қауіпті және улы газдың бөлінуіне әкелуі мүмкін. Пеш жағылған кезде оны қараусыз қалдыруға болмайды. Азаматтық қорғау қызметкерлері тұрғындарға пештің айналасында жанғыш заттардың болмауын және оттың толық сөнгеніне көз жеткізуді ұсынады. Естеріңізде болсын, қарапайым ережелерді сақтау – өзіңіз бен жақындарыңыздың өмірін қорғаудың ең тиімді жолы. Қыс мезгілінде қауіпсіз әрі жылы болу үшін пештеріңізді дұрыс пайдалану керек, – дейді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы Еркебұлан Шәріпбаев.
Сонымен қатар күні кеше Тараз төрінде төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі» республикалық мемлекеттік мекемесімен және Апаттар медицина орталығының бригадасымен бірлесіп, қаладағы биологиялық нысанда өрт-тактикалық жаттығу өткізген болатын.
Аталған оқу-жаттығулардың мақсаты – құтқарушылардың кәсіби дағдыларын жетілдіру және мекеме қызметкерлерін өрт шыққан жағдайда дұрыс әрекет етуге үйрету. Мұндай өрт-тактикалық жаттығулар қызметтер мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға елеулі үлес қосары сөзсіз.
Жалпы интерактивті сабақтар – профилактикалық жұмыстың және балаларды төтенше жағдайлар кезіндегі қауіпсіздік ережелері мен іс-қимылдарға үйретудің тиімді тәсілі. Осыған орай балалар ойынынан болатын өрттердің алдын алу және санын азайту мақсатында аталған басқарманың қызметкерлері қалалық білім басқармасының №8 гимназия оқушыларымен өрт қауіпсіздігінің және М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсу бойынша интерактивті сабағын өткізді. Шара барысында оқушыларға электр құралдарын, газ жабдықтарын пайдалану кезінде қарапайым өрт қауіпсіздігі шараларын, пиротехникалық бұйымдарды пайдалану ережелерін және алғашқы өрт сөндіру құралдарын сақтау туралы айтылды. Сондай-ақ ҚР ТЖМ М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясына оқуға түсуге үміткерлерді тарту бойынша түсіндіріліп, қызметкерлер академияға түсу ережелері мен талапкерлерге қойылатын негізгі талаптар, казармадағы өмір және оқу орнының артықшылықтары туралы әңгімеледі. Интерактивті сабаққа №8 гимназияның 127 оқушысы және онлайн «ZOOM» арқылы қала аумағындағы 62 мектептен барлығы 2 750-ге жуық оқушы қатысты.
Осыған орай төтеншеліктер қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін мұқият сақтауды, газ құрылғыларын дұрыс пайдалануды, үйдегі электр сымдарының жағдайын тексеріп отыруды ерекше ескертеді. Ойламаған жерден өрт шыққан жағдайда дереу ТЖБ қызметінің «101» нөміріне хабарласуды ұмытпауды, қыстың алдында, жылыту маусымы басталғанда тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін төтенше жағдайлар басқармасы барлық азаматтарға ескерту жасап, қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Жұмаш ЖОЛБОЛДЫ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.