Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Жылына 70 мың тонна әк өңдейтін жаңа зауыт пайдалануға берілді

0 246

Жамбыл облысының «Тараз» индустриялық аймағында жылына 70 мың тонна жоғары сапалы күйдірілген әк өндіретін зауыт ашылды.

Салтанатты іске қосу рәсіміне өңір басшысы Ербол Қарашөкеев, «Жамбыл Invest: жаңа жобалар – жаңа жұмыс орындары» республикалық баспасөз турына келген журналистер және жергілікті тұрғындар қатысты.
Бұл жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңдеу саласына инвестиция тарту туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылды. Инвестициялық құны 2 млрд теңге болатын кәсіпорын 100 жаңа жұмыс орнының құрылуына ықпал етті.
Өндіріс ошағы қажетті шикізатты жеке карьерінен алады, бұл әктасты қазудан бастап дайын өнім шығаратын кезеңге дейін сапаны тұрақты бақылауға мүмкіндік береді. Өнім өндірушісі – «KazGeoEnergy» ЖШС, өңірдегі 1-сыныпты әк шығаратын жалғыз кәсіпорын.
Зауыт заманауи технологиялармен және озық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Оның ішінде немістің Siemens AG мониторинг жүйесі орнатылып, өндірістің барлық кезеңінде сапаны жоғары дәлдікпен бақылауды қамтамасыз етеді.
Өндірілетін күйдірілген әк экономиканың негізгі салаларында, атап айтқанда байланыстырғыш материал ретінде, силикат кірпіш, цемент, газоблок, сылақ өнімдерін дайындауда, оспаларды бөліп алу және кенді байыту кезінде флюс ретінде, сода, кальций карбиді, ацетилен, бояу-лак өнімдерін өндіруде негізгі шикізат ретінде және қант, нан, сүт өнімдерін әзірлеуде кеңінен қолданылады. Сондай-ақ Е-529 тағамдық қоспасының құрамына кіреді
Жаңа зауыт өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырудағы маңызды қадам болып отыр. Ол облыс экономикасына елеулі үлес қосып, жаңа жұмыс орындарын ашуға, импортты алмастыруға және отандық өнеркәсіпті нығайтуға мүмкіндік береді.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.