Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылу магистралінің «жыры»

0 216

Шаһарда жылыту маусымының басталуына небәрі екі апта қалды. Ала жаздай алашапқын болып қазылған орталық көшелер жақын арада қалыпқа келер емес. Ал М-2 жылу магистралін жаңғырту жұмыстары бүгін-ертең аяқталатын шаруаға ұқсамайды.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жайбасарлық танытқан мердігерлердің жұмысын облыстық және қалалық мәслихат депутаттары арнайы жүргізілген рейд барысында қатаң сынға алды. Қаланың қақ ортасындағы Сыпатай батыр, Көшеней, Абай, Қойгелді, Ниетқалиев және Жамбыл даңғылы бойымен көпқабатты үйлерге жылу жеткізілетін магистральдық құбырлар Ресейден Таразға жете алмай жатқан көрінеді. Алты шақырымға созылып жатқан жылу желілерін жөндеуге жұмсалған қаражат та қомақты – 4,5 миллиард теңге.
– Қала әкімдігінде өткен соңғы жиында «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жаңғыртылып жатқан М-2 жылу магистралінің айналасындағы мәселе кеңінен талқыланды. Кейін бұл жағдайды қалалық мәслихаттың депутаттарына бақылауға алуды ұсындым. Жеке өзім осы нысандарды аралап, жағдайдың мәз еместігіне көз жеткіздім. Мердігер мекеме өкілдері тек 600 метр құбыр жетіспейтіндігіне сендірген болатын. Ал бүгін рейд барысында әлі 1900 құбыр қажеттігі белгілі болды, – дейді қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев.
Бұл – диаметрі 650 сантиметр болатын үлкен құбырлар. Мердігер «ЖилСтрой-Тараз Корпорациясы» ЖШС өкілі Ресейден келетін құбыр жеткізушілерінің салғырттығынан осындай келеңсіздікке тап болғанын айтып ақталды. Айтуынша, құбырлар Алматыға келіп жеткен, арғы күні Таразға жеткізіледі. Жылыту маусымы бастала сала компания өкілдері көпқабатты үйлер дер кезінде жылытылатынын айтты. Бірақ жолдарды тиісті қалыпқа келтіріп үлгермейтіні сөзсіз. Ал бұл жағдай қала тұрғындарына үлкен қолайсыздықтар тудыратыны анық. Өз кезегінде қала басшысы әкімдік тарапынан мұндай олқылыққа жол берген мекемеге шара қолданғанын хабарлады.
– Мердігерлерге ескерту берілді, тіпті айыппұл салдық. Алайда олар бұдан қорытынды жасап отырған жоқ. Не құбырлар уақтылы жеткізілмейді, не жұмыстар тиісті деңгейде жүріп жатқан жоқ. Жылуды дер кезінде беру үшін үш ауысымда жұмыс істеу керек. Біз бұдан былай бұл ұйымның байқауға қатысуына рұқсат бермейміз, – деді қала әкімі Қайрат Досаев.
Халық қалаулылары үш бірдей жылу магистралін аралады. Бір қызығы, құрылыс басында тынымсыз тірліктің нышаны байқалмайды. Тіпті жұмыс күші мен қажетті техника да жеткіліксіз. Жауапты мекеменің жайбасарлығына наразы болған облыстық мәслихаттың депутаты Мұқаш Ескендіров мұндай олқылыққа тек бір ғана тараптың кінәлі еместігін баса айтты.
– Жұмыс ауқымы үлкен емес. Айналдырған алты шақырым жылу желісін жүргізуді алты айда аяқтай алмау жауапкершіліктің жоқтығын білдіреді. Қажетті қаражаттың негізгі бөлігі төленіп қойған. Әлі екі шақырым жерге құбыр тарту керек. Әбден күрмелген мәселеден шығар тетікті тезірек табу керек. Сіздер тұрғындарға, көлік қозғалысына үлкен кедергі келтіріп отырсыздар. Жылуды уақытында беріп үлгерерсіздер, бірақ тиісті тығыздау, тас төсеу жұмыстарын қазанның соңына дейін аяқтайтындарыңызға күмәнмен қараймын. Жұмысты жүйелі жүргізіп, тұрғындар алдында ұятқа қалғыларыңыз келмесе, 24 сағаттық күшейтілген режимде жұмыс істеуге тура келеді, – деді Мұқаш Зұлқарнайұлы.
Жылу магистралін жаңғырту жұмыстары осы қарқынмен жүре берсе, жылу беру маусымының кеш басталары анық. Дегенмен рейд барысында мердігер «ЖилСтрой-Тараз Корпорациясы» ЖШС өкілі ала жаздай тындыра алмаған тірлікті екі апта ішінде аяқтауға сөз берді. Ал тапсырыс беруші «Таразтрансэнерго» МКК басшысы Жақсылық Жөгібаев ушыққан мәселеде өздерінің де кінәсі жоқ еместігін айтты. Депутаттар өз кезегінде бұл мәселеге нүкте қойылмайтынын, уақтылы тексеріс жүргізіліп отыратынын айтып, қатаң ескерту жасады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.