Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жылан жылының жарқын оқиғалары

0 141

1. «Қазақ ССР-інің Мемлекеттік егемендігі туралы» Декларацияның қабылданғанына 35 жыл (25 қазан, 1990 жыл);
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының қабылданғанына 30 жыл (30 тамыз, 1995 жыл) ;
3. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің құрылғанына 30 жыл (желтоқсан, 1995 жыл);
4. Көкшетау өңірінде Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтеді;
5. Керей мен Жәнібек хан туын көтерген Қазақ хандығына 560 жыл (1465 жыл);
6. Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы (21.06.1941-9 мамыр 1945 ж.ж.)
7. Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл (01.03.1995 ж.);
8. Астана қаласында Әлемдік дәстүрлі діндер көшбасшыларының VІІІ съезді өтеді (12 қыркүйек);
9. 2025 жыл Қазақстан Республикасы Президентінің 2024 жылдың 2 қыркүйегіндегі Жолдауында «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды;
10. 2025 жыл Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдерде Экология жылы болып белгіленді (2024 жылдың 4 шілдесінде ШЫҰ-ның Астана саммитінде қабылданған);
11. Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Туризм жылы;
12. Біріккен қазақ қолының жоңғар басқыншылығына қарсы жүз жылдық азаттық соғысында бетбұрыс жасаған ең ірі жеңісі – Аңырақай шайқасына 290 жыл (1730 жыл, кей деректерде 1729 жыл ) ;
13. Ұлы ғұлама, ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің туғанына 1155 жыл (870 жыл);
14. Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл (10.07.1845-06.06.1904 ж.ж.). Дана тұлға 59 жасында қайтыс болған;
15. Қазақстанның Ұлттық кітапханасы негізінің қаланғанына 115 жыл. 1910 жылдың 31 желтоқсанында Верный (қазіргі Алматы) қалалық думасының шешімімен ашылған кітапхана 1937 жылдың 12 наурызында Қазақ ССР-нің Мемлекеттік көпшілік кітапханасы болып қайта құралған. 1991 жылдың 9 желтоқсаны күні А.С.Пушкин атындағы Мемлекеттік кітапхана «Қазақ ССР-і Ұлттық кітапханасы» мәртебесіне ие болған;
16. Қазақстан Магниткасында тұңғыш шойынның алынғанына 65 жыл (3 шілде, 1960 ж.) Дәл осы күні Қарағандыдағы металлургия комбинатында тұңғыш домна пеші іске қосылған. Сондықтан бұл күн Қазақстан Магниткасының дүниеге келген күні болып саналады;
17. Республикалық «Казахстанская правда» газетінің алғашқы санының шыққанына 105 жыл (1.01.1920 жыл);
18. «Қазақстан әйелдері» журналының алғашқы санының жарық көргеніне 100 жыл. Журнал Алаш арыстары – М.Дулатов пен С.Сейфуллиннің бастамасымен ашылған. Тұңғыш редакторы – Нағима Артықова;
19. Балалардың «Ақ желкен» (бұрынғы «Пионер») журналына 100 жыл (1978-2000 жылдары поэзия дарабозы Фариза Оңғарсынова бас редакторы болған);
20. «Астана ақшамы» газетінің шыға бастағанына 35 жыл (15.10.1990 жыл). Басылым алғашқыда «Ақмола ақиқаты», «Ақмола ақшамы», «Астана», «Астана хабары» атауларымен жарық көрді. 1998 жылдың 10 сәуірінен «Астана ақшамы» болып шыға бастаған елордалық газеттің бірінші санына алғашқы редакторы болған журналист Кенже Жұмағұлов қол қайған.
21. Республикалық «Ана тілі» газетінің шыға бастағанына 35 жыл (22 наурыз, 1990 жыл);
22. Республикалық «Хабар» телеарнасының ашылғанына 30 жыл (23 қазан, 1995 жыл);
23. Республикалық «Ел арна» (алғашқыда «Хабар-2») телеарнасының алғашқы хабарына 25 жыл толады (22.03.2000 жыл);
24. Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының бірінші студенттерін қабылдағанына 95 жыл (1930 ж.) және оған ұлы Абай есімінің берілгеніне 90 жыл (1935 ж). Елімізде ашылған алғашқы жоғары оқу орнының тұңғыш ректоры – Алаш арысы Санжар Асфендияров. Жалпы ЖОО Қазақ АССР-і Халық Комиссарлары Кеңесінің 23 наурыз 1928 жылғы қаулысымен ашылған;
25. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының 100-ші мерейтойлық маусымы ашылады;
26. Қазақ академиялық ғылымының негізін қалаушы Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының (бұрын Тарих, археология және этнография институты болған) құрылғанына 80 жыл (14 тамыз, 1945 ж.). Институтқа Ш.Уәлихановтың есімі 1961 жылдың қаңтар айында берілген;
27. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының құрылғанына 35 жыл (1990 жыл);
28. Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиада комитетінің құрылғанына 35 жыл (ақпан, 1990 жыл);
29. ІХ қысқы Азия ойындары Харбин (Қытай Халық Республикасы) қаласында 7 ақпан мен 14 наурыз аралығында өтеді;
30. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеніне 10 жыл (30 қараша, 2015 жыл). ДСҰ құрамында 162 мемлекет бар;
31. Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл (1945 жылы Сан-Францискода 50 мемлекеттің өкілдері кеңесіп, жаңа ережеге бағынатын жаңа Біріккен Ұлттар Ұйымын құрды);
32. БҰҰ-ның білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы – ЮНЕСКО-ның құрылғанына 80 жыл (16 қараша, 1945 жыл);
33. Халықаралық Түркі академиясының құрығанына 15 жыл (25.05.2010 жыл);
34. Қазақ Ұлттық циркінің ашылғанына 55 жыл (1970 жыл);
35. Қазақ мемлекеттік қуыршақ театрының құрылғанына 90 жыл (1935 ж.). Театрдың 2024 жылы Канаданың Оттава қаласында өткен халықаралық байқауда қойған «Ромео мен Джульетта» спектаклі Гран-при жеңіп алды;
36. Республикалық Іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 30 жыл (1995 ж.);
37. Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық колледжіне (бұрынғы педагогикалық училще) 105 жыл (қазан, 1920 ж.);
38. «Тараз» футбол клубының құрылғанына 65 жыл (1960 жыл);
39. Шу қаласына 65 жыл (1960 жыл);
40. Қазақстан Қарулы Қүштерінің «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 25 жыл (тамыз, 2000 ж.). Алғашқы қолбасшысы – генерал-майор Әлихан Жарболов;
41. Атақты Абсент сәйгүлігінің ХХVІІ Рим Олимпиадасында алтын медаль алғанына 65 жыл (1960 ж.). Сонымен қатар Абсент Токио Олимпиадасында 3-ші орынға, Мехико Олимпиада ойындарында 4-ші орынға ие болған. Абсентті алғашқы бәйгеге қосқан атбегі – құландық Молдаш Әміреев. Олимпиада ойындарында Сергей Филатов деген шабандоз Абсентпен чемпион болған. Кейін Иван Калита деген шабандозға өткен. Абсент 1975 жылы 2 ақпанда 23 жасында өлген;
42. Астана қаласындағы сәулетті «Хан шатыр» орталығының пайдалануға берілгеніне 15 жыл (2010 жыл);
43. Астана қаласындағы қысқы спорт түрлеріне арналған «Барыс Арена» сарайының ашылғанына 10 жыл (2015 жыл);
44. Облыстық статистика басқармасының құрылғанына 105 жыл (қараша, 1920 ж.)
45. Жамбыл облыстық балалар ауруханасының ашылғанына 55 жыл (25.12.1965 ж.);
46. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті заң факультетінің ашылғанына 70 жыл (1955 ж.);
47. «Мойынқұм таңы» газетіне 60 жыл (1 сәуір, 1965 ж.);
48. Облыстық «Арай» жастар газетіне 20 жыл (13 қазан, 2005ж.);
49. «Алатау» ән-би ансамбілінің құрылғанына 55 жыл (1970 ж.);
50. Жастардың республикалық «Жасыл ел» қозғалысына 20 жыл (2005 ж.);
51. «Киров» су қоймасының салынғанына 50 жыл (1975 ж.);
52. Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» турниріне 15 жыл (алғашқы турнир 06.07.2010 жылы Астана қаласы «Сарыарқа» велотрегінде өткен). Жамбылдық балуан Бейбіт Ыстыбаев үш дүркін жеңімпазы (2012, 2015, 2016) атанған;
53. Орта ғасырлардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, жырау, батыр Шалкиіз Тіленшіұлының туғанына 560 жыл (1465-1560 ж.ж);
54. Әз-Жәнібек ханның қайтыс болғанына 545 жыл (туған жылы белгісіз, ХV ғасырда өмір сүрген, 1480 жылы қайтыс болған);
55. Дала данасы атанған Қадырғали (Қосымұлы) бидің туғанына 470 жыл (1555-1607 ж.ж.);
56. Қасым ханның ұрпағы, Есім ханның немересі, Салқам Жәңгір ханның баласы, Тәуке ханның туғанына 390 жыл (1635-1715). 1860 жылы мұрагерлік жолмен қазақ ханы атанған. Шешесі қалмақтың хошоуыт тайпасының билеушісі Күнделен-тайшының қызы. Оның ұлдары Болат пен Сәмеке де хан болған. Түркістан қаласындағы Х.А.Яссауи кесенесінде жерленген;
57. Артында өлмес рухани қазына қалдырған Ахтамберді жыраудың (Сарыұлы) туғанына 350 жыл (1675-1762 ж.);
58. Қол бастаған Қосы батыр Сәмбетұлының туғанына 355 жыл (1670-1760 ж.ж.);
59. Даңқты қолбасшы, Абылай ханның тұсындағы қазақтың қамал қорған батыры қанжығалы Бөгенбайдың (Ақшаұлы) туғанына 345 жыл (1680-1774 ж.ж.). Қазақ жауынгерлері арасында зор беделге ие болған Бөгенбай батыр Сырдария өзенінің жағасында дүниеге келген;
60. Батыр әрі би болған, қазақ-қалмақ арасында бітім саясатын ұстап, елшілік жүргізген Малайсары батырдың туғанына 325 жыл (шамамен 1700-1756 ж.ж.). Әкесі Тоқтауыл батыр, балуан болған. Ал анасы Мөлдір – қалмақ қызы, қарындасы Гауһар (Қабанбай батырдың әйелі) ерлігі аңызға айналған қаһарман қыз болған;
61. Қазақ халқының бірлігін нығайтуға орасан зор үлес қосқан атақты үш бидің бірі, мемлекет қайраткері Әйтеке би Байбекұлының қайтыс болғанына 325 жыл (1644-1700 ж.ж.). Әйтеке би – әйгілі Әмір Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қазақ жұрты «Синесоф буа» (жаны пәк жан) атаған Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы, Самарқанды билеген Жалаңтөс батырдың жақын туысы. Әйтеке бидің денесі Ташкенттен 75 шақырым жердегі Қауыншы және Шыназ ауылдарының маңында жерленген;
62. Қазақ халқының елдік пен еркіндікті қорғау жолында жоңғар шапқыншылығында ерен ерліктер жасап, исі қазаққа даңқы жайылған батырлардың бірі – Байғозы батырдың туғанына 320 жыл (1705-1803). Әкесі Наймантай Тәуке ханның бас батырларының бірі болған. Ал шұбыртпалы Ағыбай батыр – туған жиені. Батырдың Арқа жеріндегі бейіті тұрған жер «Батыр басы» деп аталады;
63. Атақты күйші, композитор, қалмақ басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күресіне қатысқан батыр Байжігіт Жаулыұлының туғанына 320 жыл (1705-1795 ж.ж.). Байжігіттің артында «Нарын», «Қылау батыр», «Бұлғын сусар», «Аңшының зары», «Қособа», «Беласар», «Қалмақ қашқан» сияқты көптеген айтулы күйлері қалған. Атақты күйші өлім алар шағында ағайынымен «Көкейкесті» күйімен қоштасқан екен;
64. Қазақтың берен батыры, ұлы қолбасшысы Райымбек батырдың (Түкеұлы) туғанына 320 жыл (1705-1785 ж.ж). Хангелді батырдың немересі Райымбек 17 жасында жоңғар басқыншыларына қарсы күресте ерлік көрсетіп, батыр атанған. Қалмақтың Бадам, Қорын, Ағанас, Секер және өзге де хан, ноян, батырларын жекпе-жекте жеңіп, Қаратау өңірі мен Жетісуды жаудан азат етуге басшылық жасаған батырлардың бірі. Көзі тірісінде «көріпкел», «әулие» атанған. Ол Алматы алқабында Шілік, Жалаңаш өңірінде тоған қаздырып, су шығартып, елге егін ектірген;
65. Қазақ тарихында өзінің әділ билігі мен айтқыш шешендігімен есімі танылған Байдалы бидің туғанына 300 жыл (1725-1820). Абылай хан мен Уәлихан хан тұсында өмір сүрген Байдалы Бекшеұлы қазіргі Қарағанды облысы, Жаңарқа ауданының Атасу өзенінің бас жағындағы Айдаһарлы тауының бөктеріндегі Жалпаққора деген қыстақта дүниеге келген;
66. Қазақтың әйгілі батыры, ағартушы, сәулетші, халқы әулие тұтқан, 63 жасында дүниеден өткен Пір Бекет атаның (баба) (әкесі – Мырзағұл, анасы – Жәния) туғанына 275 жыл (1750-1813 ж.ж.). Бекет бабаның қазақ даласындағы орнына аса жоғары баға берген заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев «Пір Бекет – Дара Парасат, Дара Рух, Дара Шарапат, Дара Шапағат иесі» деп артында тағылымы терең сөз қалдырған екен;
67. Жаужүрек батыр, талантты қолбасшы қаракерей Қабанбай Қожағұлұлының қайтыс болғанына 255 жыл (1692-1770 ж.ж). Азан шақырып қойылған есімі –Ерасыл. Қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданындағы Барлық тауының етегінде өмірге келген. Кейбір мәліметтерде Арқада туып, Арқадағы Есіл мен Нұра өзендері ортасындағы «Қабанбайдың Үшбұлағы» аталатын жерде дүниеден өткен делінеді. Қабанбай батыр Үшбұлақтан 3 шақырым жерде «Найман қорым» аталатын қырдың үстінде жерленген.
68. Атақты би, шешен Ескелді би Жылкелдіұлының қайтыс болғанына 255 жыл (шамамен 1692-1770 ж.ж.) Ескелді би – күллі қазақ халқына қауіп төнген ХVIII ғасырда ел қорғаған ерлердің бірі. Орақ батырмен бірге жоңғар басқыншыларына қарсы жойқын жорықтарға қатысқан тарихи тұлға.
69. Аты алысқа кеткен атақты Батырбек датқа Рысбекұлының туғанына 230 жыл (1795-1885 ж.ж.). Жуалы ауданында «Батырбек Датқа жазығы» аталатын тарихи жер бар.
70. Әйгілі қолбасшы Қойгелді батырдың қайтыс болғанына 225 жыл (1702-1795 жыл).
71. «ХІХ ғасырдағы Жетісу ақындарының алтын діңгегі» атанған айбоз ақын, жырау Сүйінбай Аронұлының туғанына 210 жыл (1815-1898 ж.ж.). Жамбыл Жабаев арнайы барып бата алған соң «Менің пірім – Сүйінбай, сөз сөйлемен сыйынбай» деп жырлаған екен.
72. Қазақтың дәулескер күйшісі, композитор Дәулеткерей Шығайұлының туғанына 205 жыл (1820-1887ж.ж.);

Жинақтап, құрастырған мемлекеттік қызмет ардагері, зейнеткер Қырғызәлі Тілеуов
(жалғасы бар)

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.