Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жыл соңындағы жылы кездесу

0 373

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында облыс әкімі Асқар Мырзахметов журналистермен кездесіп, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған сала мамандарын марапаттады.

Сәндібек ПІРЕНОВ Суретті түсірген Сәкен АБЖАПАРОВ

Кездесуге облысымыздың 80 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған тарихи сәтті насихаттауға үлес қосқан 80 журналист пен әлеуметтік желі белсенділері қатысты. Аймақ басшысы арнайы шақырған журналистерге ақшалай сыйақылар тағайындап, 14 журналисті «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» белгісімен марапаттады.
– Құрметті журналистер, ақпарат құралдары қоғамда үлкен күшке ие екенін білеміз. «Төртінші билік өкілдері» деген сөздің шыққаны да содан болса керек. Аймақтағы түйткілді мәселелердің тамырын басып халыққа жеткізуі – бұқаралық ақпарат құралдарының халыққа жанашыр бола білгендігі. Жаңалық жаршыларына алғысымызды айтамыз, – деген облыс әкімі Асқар Исабекұлы журналистерді Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.
Осыдан кейін облыстық «Aq jol» газетінің мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Табиғат Абаилдаев сөз сөйлеп, «Жастар жылында облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа сөздің емес, істің адамы екенін көрсетті» дей келе, Асқар Исабекұлына өзінің жуырда тұсауы кесілген «Миллениум» атты кітабын сыйға тартты.
– Облыс әкімдігі өңірлік журналистердің ұсыныс-тілектерін осы күнге дейін ескерусіз қалдырған емес. Аймақ басшысының бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерінің қатысуымен өткен бүгінгі келелі кездесу де соның дәлелі. «Жұрт бүгіншіл, менікі ертең үшін» деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, елдің ертеңі үшін жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесін көріп отырмыз. Жамбыл жерінің өркендеуі жолында атқарылып жатқан жұмыстарға қолдау білдіреміз, – деді қалалық «Jambyl-Taraz» газетінің директор-бас редакторы Эльмира Мырза-Ғали.
Кездесу барысында журналистер көкейдегі сұрақтарын қойып, толымды жауап алды. Мұнымен қоса өңірдегі атқарылып жатқан жұмыстарды тілге тиек етіп, облыс көлеміндегі жоспарлы істердің жемісті болуын тіледі.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.