Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Журналистикаға жол салған тұлға

0 221

Қазақ журналистикасында айшықты із қалдырған, талай жастың томағасын сыпырып, бала бүркіттей баулыған асыл ағамыз болмағанда тағдырымның бұрымы мүлдем басқаша өрілер ме еді? Мүмкін дәл қазір ауылдағы орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ өткізіп, тақта алдында «тақылдап» тұрар ма едім? Мүмкін ауылдағы жұмыссыздардың қатарын толықтырып жүрер ме едім?
Адам биіктеген сайын айналасындағыларға көлеңкесі көбірек түседі. Көпке түскен көлеңкеңіз бізге де түсті, Болат аға. Жаныңызға жақын ұстап, жылуыңызды төктіңіз.
…2013 жылдың жазы. Жоғары оқу орнын бітіріп, диплом қолға тиген кез. Ата-анамыз шешім қабылдап, ауылда жұмыстың реті шығып тұрған соң туған жерге қайтуға белді бекем буғанбыз. Балалығымыз қалған туған жерден безінгенім емес, бірақ ауылға аттап басқым келмеді. Бар ойым – қалада қалу. Дегенмен әке-шешенің шешіміне қарсы келу қайда? Ішім тіл алмаса да үнсіз келістік. Сөйтіп күндер өтіп, ауылға да қайтатын күн келді.
Әне-міне жолға шыққалы тұрғанда студенттік шақта қалалық «Жамбыл-Тараз» газетінде бас редакторлық қызмет атқарып жүрген жылдары талай мәрте барып, жазған-сызғанымызды оқытып, ақыл-кеңесін алып жүретін Болат ағамызға хабарласып, мән-жайды айттым. Шорт кетті. «Тез осында келіңдер» деп өзі тұрған мекенжайды айтты. Жүзіме күлкі үйіріліп, сөнуге айналған үміт оты қайта тұтана бастады.
Айтылған жерге бардық. Амандық-саулықтан кейін әңгіменің турасына көшіп, әкейге: «Талғат бармаса Ойықтың мектебінде мұғалім табылмай қалмас. Шешім қабылдап қойған екенсіңдер, сонда да айтайын, Талғатты қасымда қалдыр. Серікбай, өзің де білесің, ет жақын туыстарың Амангелді Ормантаев мені журналист қылды, жазушы қылды. Менің ұлы ұстазым. Бәлкім ағамыздың сол жақсылығының қарымтасы болатын шығар. Амангелді ағамыз мені қалай тәрбиеледі, мен де Талғатты солай тәрбиелейін», – деп кесімді сөзін айтты.
Сонымен әңгіменің нүктесі қойылды. Әкей де Болат ағамызбен азды-көпті аралас-құраластығы болғаннан кейін де қарсы сөз айтпады. Осылайша Болат ағаның себепкер болуымен Жаңабай Миллионов ағамыздың редакторлық етуімен жарыққа шыққалы жатқан облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінде еңбек жолымды бастадым.
Несін жасырайық, оған дейін шағын бір ақпарат жазып көрмеген басым қиналудай-ақ қиналдым. Алғашқы күндері, тіпті шарасыздықтан шақшадай басым шарадай болды. Не істеймін? Алып-ұшып Болат ағаға барамын. Болат аға шаруаңды бірден шешіп бере салса жақсы ғой. Кемі 30 минуттық жұмысқа бірнеше сағатымды жоғалтамын. Ағаның әңгімелері, естеліктері қандай?! Әңгімесінің әсеріне беріліп, қандай жұмыспен келгеніңді өзің ұмытып кетесің. Әлден уақытта: «Е, айтпақшы сенің мақалаң бар екен ғой», – деп енді шаруаға кірісе бергенде топырлап өзім құралпы жастар келеді. Жастар келсе, аға жайнап, жаздай жадырап кетеді. Ондайда, тіпті тілі шешіліп, әңгімесінің өрісі кеңейеді. Сөйтіп отырғанда телефоны шырылдай жөнеледі. Оған бір жарты сағатын арнайды. Көбіне ел-жұрттың түрлі өтініші бойынша телефонмен шыр-пыр болып жатады. Ақырында екі-үш сағат өткеннен кейін кезегің келіп, шаруаңа көшеді. Түсте келіп, қас қарая әбден шимайланған мақаламды ұстап кетіп бара жатамын.
Облыстық ардагерлер кеңесінің газетінде алты ай жүріп, Болат ағамыз бай тәжірибесін бөлісіп, Жаңабай ағамыз жанын салып тәрбиеледі. Сол күндерден жақсы-жақсы естеліктер қалды. Айтып тауысу мүмкін емес.
Қазір ойлап отырсам, Болат аға ешқашан ақыл айтпаған екен, бірақ үлгі көрсетті. Сол үлгінің арқасында білмегенімізді тезірек үйрендік. «Бір күн түсіндіргенше бір сағат істеп көрсеткен дұрыс» деп осындайда айтылса керек. Сізден алған үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие – бізге мәңгілік бағдаршам.

Талғат НҰРХАНОВ,
Жамбыл облыстық «AR-AI» газеті
бас редакторының орынбасары

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.