Қалалық қоғамдық-саяси газет

Журналистердің жұмыстан тыс күнделігі

0 260

28 маусым – Байланыс және ақпарат қызметкерлерінің күні. Біз осы саланың қазанында қайнап, қоғаммен тіл табысып, жолсыздан жол тапқан журналистерді мерекемен құттықтаймыз!
Журналист – ақпарат айдынының ақ шағаласы. Олардың эфирдегі көрінісі бір басқа да, қағаз беттеріндегі бейнелері мен өмірдегі ұстанған жолдары әрқалай. Өз әлеміндегі қызықтары да жетерлік. Мереке қарсаңында журналистика саласында мектеп қалыптастырып қалған және қаламын найза, қағазын қалқан етіп келе жатқан тұлғалардың есте қалар естеліктерімен бөлістік.

  Елпілдеткен 50 мың
Оралхан ДӘУІТ,

облыстық «Ақ жол» газетінің бас редакторы:
– Ұялы телефоныма «7000» деген хабарлама түссе қуанып кетемін. Бұл есеп-шотыма ақша түсті деген сөз. Жалақы, қаламақы немесе тоқсандық сыйақы түскенін «сүйінші» деп жеткізетін «7000»-ды ашып, ішіндегі сандарды көргенше жүрегімнің дүрсілдеп кететіні де бар. Ақша табу деген оңай емес, қайтеміз енді…
«Егеменнен» жалақы алып жүрген алғашқы айлардың бірінде ойда жоқта «7000» хабарламасы жылтың ете қалды. Асығыс-үсігіс ашып қарасам, ішінде «50 000 теңге» тұр. Жалақы мен қаламақыны алып қойғанбыз. Тоқсандық сыйақыға әлі біраз уақыт бар. Бұл не қылған ақша болды сонда? Негізі, үн-түнсіз-ақ жарата берсем болар еді. Пысықтығым ұстап, не қылған ақша екенін білгенше дегбірім кетті. Сөйтіп, алдымен оң жағымдағы көршім, «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі Көсемәлі Сәттібай ағамызға телефон шалдым. Біраз әңгімелестік. Бірақ сөзінің ыңғайы есеп-шотына ақша түскен адамға ұқсамады. Ақша түссе, «Саған қанша түсті? Маған мынанша түсті» деген әңгіменің әріптестер арасында айтылмауы мүмкін емес қой. Ондай ештеңе айтылмады. Амал жоқ, екінші көршім, «Егеменнің» Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Ержан Байтілес бауырыма телефон шалдым. Бұған сұрақты төтесінен қойдым.
– Есеп-шотыңа ақша түсті ме?
– Жоқ.
– Маған 50 мың теңге түсіпті.
– Ой, жақсы бопты ғой.
– Жақсы болғанда, бұл не қылған ақша екенін білмей тұр емеспін бе?
– Не қылған ақша екенінде қандай шаруаңыз бар? Ақша түсті ме, болды. Жарату керек. Бәлкім, ақылы мақала дайындаған боларсыз. Болмаса мемлекеттік тапсырыстан түскен ақшаның бір бөлігін аударған болар.
«Жазған құлда шаршау жоқ» деген, Ержанның сөзінен кейін Астанадағы бухгалтерияға телефон шалдым. Есеп-шот қағып отырған ерке қыздар: «Ешқандай ақша аудармадық, бәлкім, басқа біреу аударған болар», – деді.
– Түсінбедім… Кім аударуы мүмкін сонда?
– Мүмкін біреуге қарыз беріп, сол ақша салған болар.
Осы кезде есіме сарт ете қалды. Шынында, Шудағы әпкем ақша қарыз. Бәсе-бәсе, өткенде «карточкаңның нөмірін айтшы» деп жүр еді. Бірақ ол 40 мың теңге қарыз еді. Неге 50 мың салды екен? Әлде ақшаны біраз кешіктіргеніне ұялып, соның өтемі ретінде 10 мың теңге артық салды ма екен?
Ақша деген адамның көңіл хошын көтереді емес пе?! «7000» хабарламасындағы «50 мың теңгені» көргеннен кейін жұмысқа қолым бармай қалды. Қағаздарымды жинадым да, үйге қайттым. Оңай жерден олжа тапқандай өзімше шаттанып қайттым. Келсем, келіншегім базарға барайын деп жатыр екен. Мені көріп қуанып кетті.
– Ой, Орал, жұмыстан ерте кеп қалғаның жақсы болды ғой. Жүрші, бірге базарға барып қайтайық.
Көңілім шалқып тұрған. Қайда барайық десек те, «жоқ» дейін деп тұрғаным жоқ.
– Барсақ, барайық.
Сөйтсем, Құдай бере салған келіншегім:
– Жаңа ғана банкоматтан 50 мың теңге алып едім. Базарға барып, балаларға аяқ киім алмасақ, күн суып келеді ғой, – дейді.
Сасқанымнан «жақсы, жақсы» деп соңынан ере бердім. Кетіп бара жатып, ұялы телефонымдағы хабарламаға ұрлана тағы бір қарадым. Сөйтсем, қуанғаннан есім шығып, нөлі көп сандарға ғана қарай беріппін ғой. Есеп-шотыма 50 000 теңге түспеген екен. Керісінше, 50 мың теңге алынған екен. Бетімнің оты ду ете қалды. Менің бұл Қожанасырлығымның жалғыз куәсі болған ұялы телефоным ғана «ұялма» дегендей беті жымың-жымың етіп, жарығы бір өшіп, бір жанды.
Содан кейін «7000» деген хабарлама түссе, цифрларын қайта-қайта санап, әріптерін ежіктеп оқып, әбден көз жеткізіп алғаннан кейін ғана әрекет ететін болдым.

Мәлімет пен монумент
Ерман ӘБДИЕВ,
Ақпарат саласының үздігі:

– «Қазақстан теміржолшысы» газетінің Жамбыл жол бөлімшесі бойынша тілшісі болып жүрген кезім. Осы газетте жеті жылдай жұмыс істеп, төрт директормен иық тіресе еңбек етіппін. Дәулетбай Есімбеков ағамыздың Жамбыл жол бөлімшесінің директоры болып келген кезі. Әйтеуір жаңа басшы келсе, хатшы да ауысады ғой. Бұрындары емін-еркін кіріп жүретін кабинетке келсем, расында, жаңа хатшы қыз отыр екен. Қазақшасы шамалы, орысшасы басымдау. Ішке кіріп Дәулетбай ағаны құттықтап, алдағы жұмыс жоспарымен бөлісіп, біраз әңгімелестік. Арагідік ақпараттар да сұрап жатырмын. Сол екі ортада хатшы қызға телефон соғып: «Журналистке сұраған мәліметтерін беріңіздер», – деп тапсырма беріп, нығыздап қойды. Қоштасып, мен жұмысыма кеттім. Әдетте, мұндай кезде мәліметтер электронды поштаға келіп түсіп жататын. Кешке дейін хабар жоқ. Хатшы қызға телефон соғып едім, «іздеп жатырмыз» деді.
Осындай қарбаласта отырғанда Жамбыл жол бөлімшесі кадрлар бөлімінің бастығы Меруерт Бейсенбекқызы телефон шалғаны. Хал-жағдай сұрап, біраз әңгімелестік. Әлден уақытта:
– Ереке, айып етпеңіз, сіз бастықтан қандай монумент сұрап едіңіз? – дегені.
– Монументі несі? – деймін.
– Қазір хатшы қыз хабарласып, сізден сұрауға ұялып жатыр екен. Соны біліп берші деп еді, – деді.
Мән-жайды түсіне қойдым.
– Меруерт Бейсенбекқызы, мен мәлімет сұрап едім, – дедім.
– Ойбу, Ереке, айып етпеңіз. Әлгі қыз түсінбеген ғой.
Сөйтіп, екеуміз біраз күліп алдық. Айтпақшы, сол хатшы қызға Меруерт екеуміз екі жақтап жүріп қазақша үйреттік. Ал Меруерт ханымды көрсем: «Монументтеріңіз дайын ба?» – деп қалжыңдап қоямын.

Алғаш рет Президенттен сұхбат алдым
Ғазиза РҮСТЕМОВА,
«Jambyl» телеарнасының продюсері:

– Жамбыл телеарнасында жұмыс істегеніме 20 жылға жуық уақыт болды. Алғаш рет 2002 жылы осы жерге жұмысқа келдім. Ол кезде әлі тәжірибем жоқ, не істеп, не қоятынымды білмей жүрген кезім. Бір қызығы, сол жылы мен жұмысқа тұрған кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Жамбыл облысына іссапармен келетін болып, бізді сол кісі барады деген жерлерге бөлді. Соның ішінде маған да бір орын бөліп берді. Белгіленген күні телеарнадан мен және бір газет тілшісі жүрді. Қалғандары белгілі себептермен кешігіп, үлгере алмапты. Сонымен не керек, маған Елбасын көру бақыты бұйырды. Соңыра Елбасы сұхбат беретін болды. Жалғыз өзім ғана болғандықтан, эксклюзив сұхбат алдым. Соңында қай мереке екені, бір мереке жақындап келе жатқан. Соған орай Елбасыдан құттықтау сөз сұрап алдым.
Ол кезде Бекет Момынқұлов – бас редактор. Ертесі күні:
– Кімде құттықтау бар, жинадыңдар ма? – деді.
Мен:
– Менде бар, Президенттікі, – дедім.
Бекет аға:
– Қалай Президенттікі? – деп аң-таң болды.
– Кеше алғанмын, –деп едім, Бекет аға қуанғанынан: – Жарайсың, егер мен бастық болсам, саған екі есе көбейтіп сыйақы тағайындар едім, – деп күлді.

Әр қателік – бір сабақ
Қамар ҚАРАСАЕВА,
облыстық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі:

– «Ар-Ай» газетінде жүрген күндердің бірі. Есет аға, Нұрболат – бәріміз бірге жұмыс істеп жатқан кез. Маған бір күні түрмедегілердің тағдыры туралы жазу тапсырылды. Сонымен, Таразда қанша түрме бар, соның тізімін алып жолға шықпақ болып, кабинетте отырып: «Осындай түрме бар екен. Қалай барсам болады?» – деп сұрап қалдым. Сөйтсем, Есет Досалы: «Еее, оның не қиындығы бар? Қылмысты жасай салсаң, өздері келіп әкетеді ғой», – деп бәрімізді күлкіге қарық қылған.
Одан кейін газет журналистерінің көп қиналатыны – кезекшілік қой. Сондай бір кезекшілік күнімнің бірі. Ол кезде облыс әкімі Қанат Бозымбаев еді. Оралхан аға бізге бас редактор болды. Сонымен, Есет аға бір ақпарат жазып келген. Алдындағы компьютер тақтасының жазулары дұрыс жазылмайды екен де, ол кісі Қанат Бозымбаевты «Қант Бозымбаев» деп қате жіберген. Оны бәріміз оқыдық. Бірақ көзіміз автоматты түрде «Қанат» деп оқығандықтан, оның арасындағы «а» әрпінің түсіп қалғанын ешкім байқамай, газетті басылымға жібердік. Ертесі Оралхан аға ұрыспады. Бірақ: «Қамар, әкімшіліктегілердің бәрі «Қамар Қанат пен Қантты айыра алмай ма?» деп айтты», – деді. Маған осы сөздің өзі сабақ алуыма жеткілікті болды. Журналистердің қызықты оқиғаларынан өзіне сабақ болатын сәттері көп қой. Қате жазған сөзің дым мағынасы жоқ сөз болса бір жөн. Ол теріс мағына беретін сөзге айналып кетсе, ол – үлкен қателік.

Әңгіме бұзау емізеді…
Данияр ӘЛІМҚҰЛ,
республикалық «7 арна» телеарнасының Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі:

– Осыдан 11 жыл бұрын алғашқы еңбек жолымды «Ар-Ай» газетінен бастадым. Ол кезде ұстазым Болат Бекжан еді. Кейін мен «Jambyl» телеарнасына ауыстым. Бір күні ұстазым Болат Бекжан ағаны эфирге қонаққа шақырдым. Одан кейін тағы эфирге шығу керек болған. Бірақ мен Болат Бекжан ағамды шығарып салайын деп, қасында әңгімесін тыңдап ілесіп жүріп телеарна аудиториясынан шығып кетіппін. Менімен бірге келесі эфир тізгінін ұстағалы отырған қыз өзі жалғыз мені күтіп, эфирге ән бере беріпті. Мен жоқпын. Сонымен ары қарай бір өзі жүргізіпті. Ал мен Болат ағаның әңгімесіне қызығып, белімдегі эфирдің микрофонын да ұмытып, қаланың қақ ортасында мамыражай жүре беріппін. Бір кезде әңгіме аяқталды. Есіме эфир жүргізуім керек екені түсіп, қайтадан артқа қарай тұра жүгірдім. Келсем, бәрі «Сен қайда кеттің?» деп көздері алақандай болып, бір эфирді аяқтап, екінші эфирді бастағалы тұр екен.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.