Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жуалылық жастар Қаржауовтан қолдау күтеді

0 290

Ережесіз жекпе-жектен облысымыздың намысын қорғап жүрген жеткіншектердің жеңісі туралы бірі білсе, бірі біле бермейді. Өйткені Олимпиадалық спорт түріне қосылмаған бұл жарыстар тек демеушілердің қолдауымен өтеді. Біз күні кеше Қырғызстан мемлекетінде өткен әлем чемпионатында ел намысын қолдан бермей, жеңіс тұғырынан көрінген жампоздарымыз туралы айтпақпыз.

Қазір ережесіз жекпе-жек спорты күннен-күнге қарқынды дамып келеді. Бұл спорттың түрі аралас, кейде ережесіз жекпе-жек деп аталады. Ережесіз жекпе-жектің басты ерекшелігі жекелеген спорт (күрес, бокс, муай-тай, джиу-джитсу, панкратион және грэпплинг) түрлерінің барлық айла-тәсілдерін қолдануға болады. Ережесіз жекпе-жек – нағыз жүрек жұтқан жігіттердің алапат айқасы. Сондықтан бұл спортта сайдың тасындай іріктелген сайыпқырандар сайысқа түседі. Аралас жекпе-жекті «Ер өнері білінбес, қоян-қолтық алыспай» деген қазақ халқының да қанында бар өнер деуге болады. Заманында елін, жерін жекпе-жекке шығып қорғаған батыр бабалардың ұрпағы үшін бұл таңсық дүние емес. Десек те, ережесіз жекпе-жектің заманауи түрі елімізге жаңадан енсе де, сегізбұрышты серік еткен саңлақтарымыз жетерлік. Сондай спортшылардың басын қосқан жуалылық WFA – «World Fighters Arlan» клубының президенті Азат Шынғазымен әңгімелескен едік. Аталмыш клубтың құрылғанына 5 жылдан асты. 30-35-тен астам жеткіншектің басын қосқан клубта Азия, Қазақстан және әлем чемпиондары бар. Аз уақытта мұндай жетістікке жетудің бірден-бір себебі – спортшылардың тынымсыз еңбегінің арқасы. Бүгінде спорт клубында 5 жас пен 30 жасқа дейінгі ұл-қыздар шынығады. Команда болып алғашқы жарысқа Тараз қаласына келген 30 баланың 28-і жеңіс тұғырынан көрініпті. Жергілікті атқарушы биліктен ешқандай көмектің болмайтындығына көз жеткізген жаттықтырушы спортшылар жарысқа өз қаржыларымен шығатындығын айтты.
– Жасыратыны жоқ, клубты ашпай тұрып, жергілікті әкімдіктен де, облыстық спорт басқармасынан да көмек сұрадым. Десек те, бұл спорт түрі Олимпиадалық спорт түріне кірмейтіндіктен, көмек бере алмайтындықтарын айтты. Бүгінде бір отбасынан 2-3 бала жаттығуға келеді. Ал жарысқа ата-аналар тек біреуіне ғана қаржы тауып, жібере алады. Тіпті кейбір жағдайда спортшыларымыз қаржының жоқтығынан бара алмай да жатады. Жаттықтырушы болғандықтан, қолдан келген көмекті аямаймын, бірақ бәріне бірдей жеткізу мүмкін емес, – дейді Азат Шынғазы.
Демеушінің жоқтығына қарамастан, ата-аналардың қолдауымен түрлі жарыстардан қалмауға тырысатын клуб спортшылары жақында Қырғызстанда өткен әлем чемпионатында (ережесіз жекпе-жек пен грэпплингтен) Нұрғиса Анарбек екі аталым бойынша өз салмағында І орынды, Нұрғазы Шынғазы ІІІ орынды қанжығаға байлаған. Ал ел намысын қолдан бермеген Альриза                                              Есжанова, Балауса Рысқұлбек,                                        Виктория Ходарина, Нұрғиса Анарбек пен Еркебұлан Исламғали және ардагер спортшылардан Азат Шанғазы мен Дастан Амалбеков келер айда Ресей мемлекетінде өтетін әлем чемпионатына жолдама алған. Алайда намысты қолдан бермеген жерлестеріміз ол байрақты бәсекеге бара алмауда. Оған себеп – қолдау жоқ.
– Кез келген жарысқа жаттығып, алдын ала жеңіске деген құлшыныспен барамыз. Бүгінде спортшыларды спорт залынан қуып шығатын жағдайға жеттім. Болашағынан үміт күттіретін жастар көп. Шыны керек, пандемия уақытында оңай болған жоқ. Ол уақытта біздің жаттығу залымыз жабық болды. Содан ел арасы тынышталған шақта жұмысқа қайта кірістік. Осы уақытқа дейін талай додаларға барып, ел намысын қорғаған жас жеткіншектер әлем чемпионы атанды. Бүгінде біздер Ресей мемлекетінде өтетін әлем чемпионатына дайындалып жатырмыз. Ал жарысқа бару үшін қомақты қаржы керек. Шыны керек, біз демеушілер де іздеп көрдік. Аудандық спорт бөліміне де қажетті құжаттарды өткізіп, қолдау көрсетуді өтіндік. Әзірге ешқандай жауап жоқ. Бұл туралы спорт басқармасы да хабардар. Күн өтіп жатыр. Ал жарыс келер айдың 11-ші жұлдызында басталады. Ал іріктеу кезеңі 25 қарашада аяқталады, – дейді облыстық UWW грэпплинг федерациясының директоры Анжела Исмаилова.
Бұл – тек санаулы спортшының жетістігі. Ал клубта бұдан өзге 40-қа жуық спортшы бар. Бос уақыттарын көше кезіп емес, спорт залында өткізіп жүрген жастарға жергілікті билік неге қолдау көрсетпей жатыр? Жуалы ауданының әкімі Олжас Қаржауов қазынадан болмаса да, жеке демеушілер есебінен келер жылы көмек қолын созуға уәде еткен көрінеді. Әйтеуір, уәде уәде күйі айтылған жерінде қалмаса болғаны…

Арайлым ШАБДЕНОВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.