Қалалық қоғамдық-саяси газет

Жуалыдағы жарқын істер жан жадыратады

0 1  741

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, елдімекендерді сапалы таза ауыз сумен қамту керектігін баса айтқан болатын. Президент сондай-ақ ішкі өңірлік қатынастарды жақсарту үшін автожолдардың жергілікті желісін жөндеу мен қайта салу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыруға, қаржы бөлуге өңірлердегі барлық әкімдіктердің белсенді қатысуын да тапсырған еді. Бұл бағытта жұлдызы биік Жуалы ауданында да жүйелі жұмыстар атқарылуда.

Баспана бақытына бөленгендер артуда

Жамбыл облысының оңтүстік-батысында орналасқан ауданда тұрғын үй құрылысы қарқынды жүгізілуде. Бүгінде 5 миллиард 719,6 миллион теңге қаржы жұмсалып, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 17 мың 691 шаршы метрді құрап отыр екен. Өткен жылы шілде айында аудан мен ауылдық округтер әкімдерінің арасында 23 нысаналы индикатор бекітіліп, жыл соңында құрылысқа тиесілі екі индикатор 57,1 пайызға орындалған.
Аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роза Құрмашеваның айтуынша, бір елді мекеннің жобасы сараптама қарауына ұсынылған. Ол – Ақтөбе ауылы. Бұдан бөлек, Түктібай, Ақтасты, Қызтоған ауылдарының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде. Сондай-ақ 7 елді мекенге, яғни ондағы халық және аула саны аз болғандықтан суды тазартудың кешенді блок модулдерін орнату жоспарланған. Бұл санатқа Күркіреусу, Қаратас, Көктас, Қарасу, Амансай, Қазбастау елді мекендері енген. Аталған жұмыстарды атқару 2024-2025 жылдарға жоспарланыпты.
Кезекте тұрғандарының жер телімдерімен қамтамасыз ету жұмыстары да қарқынды. Атап айтсақ, Б.Момышұлы ауылындағы Көктөбе тұрғын алқабынан 170 жер телімі кезектегі азаматтарға үлестірілген. Сонымен қатар, Теріс, Нұрлыкент пен Қосбөлтек елді мекендерінің әрқайсысынан жер телімі берілмек. Өткен жылы Жуалы ауданының 95 жылдық мерейтойына орай жаңа қоныстанушыларға пәтер кілттері табысталған болатын. Бұл пәтерлер кезек бойынша көп балалы отбасылар, халықтың әлеуметтік осал топтары арасында бөлінді. Үш қабаттан тұратын тұрғын үйдегі 18 пәтердің барлығы 2 бөлмелі, жалпы ауданы 1126 шаршы метрді құрайды. Баспана жылу жүйесімен қамтылып, су және электрмен жабдықтау желілеріне қосылған. Құрылыс жұмыстарын «Бином» ЖШС жүргізді. Осы жылы тағы 18 пәтерлі бір үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған.

Көпке қуаныш сыйлаған көгілдір отын

Бүгінгі таңда аудан тұрғындардың әл-ауқатын арттыру мақсатында табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі жүргізілуде. Айталық, өңірдегі 49 елді мекеннің бүгінде 44-і табиғи газбен қамтылған. Бұл көрсеткіш 89,7 пайызды құрайды. Таулы аймақтағы бір елдімекенді табиғи газға қосу да табысты жүргізілуде. Қалған жұмыстарды биыл мерзімінен бұрын аяқтауға күш салынуда. Бұдан кейін ауданда газбен қамтылмаған Билікөл ауылдық округі ғана қалмақ. Ол округтегі төрт елді мекенге кварталішілік газ тарту үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Қазіргі уақытта магистралды газ тарту желілері мемлекеттік сараптамадан өткізілуде.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны – құрылыс саласы. Бұл саланың ауқымы кең. Ол барлық салада айрықша басымдыққа ие. Атап айтсақ, бұған дейін Жуалы ауданындағы 49 елдімекеннің 31-і ғана табиғи газ жүйесімен қамтылған болатын. Көгілдір отынмен қамтылмай қалған 13 елді мекенге газ құбырын жеткізу үшін жобалық-сметалық құжаты 2017 жылы әзірленіп, 2019 жылы магистральды газ құбырының құрылыс жұмысы басталып кеткен еді. Сөйтіп, бүгінгі таңда көгілдір отынмен қамтылған елдімекен саны 44-ке жетті, – дейді аудан әкімдігі тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Роза Құрмашева.
Жалпы елді мекендерді 2025 жылға дейін табиғи газбен толық қамту жоспарлануда.

Тұрғындар таза ауыз су тұтынуда

Халықтың тұрмысын жақсарту, елдімекендерді таза ауыз сумен қамту – Жуалыдағы жүйелі жұмыстардың бір бағыты. Яғни Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан «Ақбұлақ» бағдарламасы да өңірде өз шешімін тауып, кезең-кезеңмен іске асырылуда. Қазір таза ауыз сумен қамтылған елдімекендер саны арта түскен. Бүгінгі таңда аудандағы 35 елді мекен таза ауыз сумен қамтылған, Бұдан бөлек, 8 елді мекенге таза ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізілуде. Былтыр Қоңыртөбе ауылындағы таза ауыз су жүйесінің құрылыс жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Сол сияқты Рысбек батыр, Жаңаталап-Ақтоған ауылдарындағы құрылыс жұмыстары да өткен жылы аяқталып, қабылдау жұмыстары жүргізілуде. Ал Бәйтерек, Тасбастау-Кәріқорған ауылдарындағы құрылыс жұмыстары өткен жылдан биылға өтпелі болатын.
Былтыр ауданда ауыз су және табиғи газ жүйесі құрылысы мен автомобиль жолдарын орта жөндеуден өткізу үшін 28 жоба жоспарланып, оған 3,3 миллиард теңгеге қаралған. Оның 494 882 мың теңгесі 2023 жылға өтпелі. Ал елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету және кәріз су жүйелерін күтіп баптау, алып кету қызметтерін «Жуалы-Су» шаруашылық жүргізу құқығындағы, мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны атқаруда.

Жолдар жөнделіп, көшелер жарықтандырылуда

Әлемнің дамыған елдері үшін жол – жайлы орта құрудағы аса маңызды көрсеткіштердің бірі. Сондықтан қолайлы тұрмыстық орта құруға бағытталған инфрақұрылымдарды дамыту мәселесі күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Ауданның жол-көлік инфрақұрылымы да жыл санап даму үстінде. Мұндай істердің жүйелі жүргізіліп келе жатқанына тұрғындар да куә. Соңғы екі-үш жылдың өзінде бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп, жол қатынастары ыңғайлы бола түсті. Тек ауылішілік көлік жолдары ғана емес, елді мекендерді жалғайтын жолдар да жөнделіп, қатынас жеңілдеді.
Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзақтығы 561,2 шақырымды құрайды. Оның 58,1 шақырымы республикалық, 132-сі облыстық, 108,12-і аудандық мәндегі жолдар болса, ауылішілік автомобиль жолдары – 263 шақырым. Ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары көңіл қуантады. Атап айтар болсақ, өткен жылдары 40 ауылішілік көше жолы жөнделген болса, биыл осы 15 жоба қолға алынып, 19,3 шақырымды құрайтын 22 көшенің автомобиль жолдары орта жөндеуден өткізілді. Өткен жылдың қорытындысымен ауылішілік автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 75 пайызды құрады.
«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша аудандық автомобиль жолдары жөндеу үшін өткен жылы 18 жоба іске қосылып, осының аясында 45,987 шақырым автомобиль жолы орта жөндеуден өткен болатын. Оның ішінде аудандық мәндегі 26,49 шақырымды құрайтын үш жол бар. Біріншісі – Шыңбұлақ ауылына кіре-берістегі 7,6 шақырым автомобиль жолы. Бүгінгі таңда онда құрылыс жұмыстары аяқталған. Екіншісі – «Күйік-Теріс Ащыбұлақ» арасындағы 10,63 шақырым жол. Үшіншісі – «Б.Момышұлы-Береке-Жұрымбай» автожолы. Оның ұзындығы 8,26 шақырым. Осы қос жолда орта жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аталған жұмыстар сапалы орындалар болса, аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының жақсы және қанағаттанарлық үлесі 97,7 пайызды құрамақ.
Жолдарды орташа жөндеуге 64 миллион 889 мың теңге қаржы бөлініп, Ақбастау ауылындағы Төле би, Қойгелді көшелерінің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталған. Ал Күреңбел ауылындағы Бейбітшілік және Қарабастау көшелерінің жөндеу жұмыстарын мердігер «MMStroyGroup» ЖШС жүргізуде. Алайда, битум тапшылығына байланысты жұмыстарды кеш бастап, ауа райының бұзылуының салдарынан жөндеу жұмыстары уақытында аяқталмай отыр екен.
Өңірде жаяу жүргінші жолдары мен саябақтарды жарықпен қамту бағытында да ілкімді істер қолға алынған. Оның ішінде Б.Момышұлы, Әулиебастау, С.Сейфуллин. Жаңаталап ауылдарындағы көшелерде жарықтандыру жұмыстары аяқталды. Ал Әбдіқадыр ауылындағы Бөгенбай, Көлтоған ауылындағы Абай, Б.Момышұлы көшелерінде құрылыс жұмыстары жалғасын табуда. Жыл соңына дейін 272 ауылішілік көшенің 192-і, яғни 70 пайызы жарықтандырылады.

Әлеуметтік нысандарға айрықша мән берілуде

Құрылыс саласына тоқталатын болсақ, бұл бағытта да атқарылып жатқан жобалар баршылық. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылдың соңына дейін кемінде 1000 мектеп салуды тапсырған болатын. Соның 6 білім ошағы Жуалы ауданына тиесілі. Өткен жылы Диқан ауылында 180, ал Алатауда 100 орындық екі мектеп пайдалануға берілді. Ал 2022-2025 жылдар аралығында 4 мектепке жаңа құрылыс, 7 мектепке күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Бұдан бөлек, 3 білім ордасы, атап айтсақ, Мыңбұлақ пен Көктөбе және Т.Тастандиев атындағы орта мектептер күрделі жөндеуден өткізілді. Спорт және мәдениет салаларында бір амбулатория мен мәдениет үйінің құрылыс жұмыстары жалғасуда.
Сонымен қатар ауданда халыққа 47 медициналық ұйым қызмет көрсетеді. Б.Момышұлы ауылында орталық ауруханаға жаңа ғимарат қажет. Сонымен бірге бірнеше елді мекенде дәрігерлік амбулатория, ФАП пен медициналық пункт салу көзделуде. Мәдениет саласында да атқарылуға тиісті жұмыстар аз емес. Айталық бірнеше ауылда мәдениет үйі жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін алдағы 3 жылда Көлбастау, Кәріқорған ауылында 149 орындық мәдениет үйлері салынып, Шақпақ пен Күреңбел ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізілмек. Спорт саласында биыл 2, алдағы жылы 4, одан кейінгі жылдары 8 нысан салу жоспарда бар екен
«Ауыл-Ел бесігі» жобасы бойынша да тындырылған тірлік аз емес. Осы орайда Жуалы ауданы бойынша барлығы 9 жобаны жүзеге асыруға 1 миллиард 114,6 миллион теңге жұмсалған. Мұның ішінде 3 орта мектепке 561 миллион 643 мың теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. 2 ауылда 333 миллион 253 мың теңгеге дәрігерлік амбулатория бой көтерді. Сонымен қатар мәдениет нысанының құрылысына 203 миллион 377 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары 65 пайызға орындалып, ағымдағы жылы аяқталады деп күтілуде. Сондай-ақ аудан орталығы – Б.Момышұлы ауылындағы спорт-сауықтыру кешені құрылысына 306 миллион 372 мың теңге қарастырылған. Оның құрылыс-монтаждау жұмыстары 67 пайызға орындалып, 234 миллион 600 мың теңге игерілген. Дегенмен мердігер «Әділ-Құрылыс и К» ЖШС тарапынан нарықта бағанын өсуі мен материалдардың қымбаттауына байланысты объект уақтылы аяқталмай отыр.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.