Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Жуалы жайсаңдары» аудандық жастар сыйлығының иегерлері анықталды

0 529

Бүгін ауданымызда дәстүрге айналған «Жуалы жайсаңдары» аудандық жастар сыйлығының иегерлері анықталып, жүзден жүйрік шыққан үздік жастар марапатталды. Әр салада жемісті әрі табысты еңбек етіп, белсенділік танытып жүрген жастар қауымына арналып арнайы марапаттау рәсімі ұйымдастырылды.
Аудандық «Достық» мәдениет үйінде аудандық жастар сыйлығына үміткер жастарды марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтті.
Аудандық жастар сыйлығын беру ережесі «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңын және «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасын жүзеге асыру аясында, Жуалы ауданы әкімдігінің «Жуалы жайсаңдары» аудандық жастар сыйлығын тағайындау мақсатында байқау жарияланды. Нәтижесінде  байқауға үміткерлердің құжаттары қабылданып, барлығы 42 өтінім келіп түскен.
Байқау биыл үшінші жыл аудан жастарының азаматтық және қоғамдық-саяси белсенділігін арттырып, өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруда белсенділік танытып, азаматтық ұстанымы қалыптасқан әртүрлі салаларда жетістікке жеткен жастарды көтермелеу мақсатында ұйымдастырылуда.
Байқаудың нәтижесінде ауданымыздағы жас кәсіпкерлер ерекше көзге түсті. Яғни, «Үздік жас кәсіпкер» номинациясы мал шаруашылығы бағытындағы  жеке кәсіпкер Қайсар Жайықбаевқа, қызмет көрсету саласындағы жеке кәсіпкер Қаламқас Алиеваға және егін шаруашылығын дамытып жүрген Жақсыбек Қасымбековке берілді.  Ал, Үміт Ысқақова «Үздік жас волонтер» атанса, №5 М.Ломоносов атындағы  орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сандуғаш Тәуекелова мен №11 Т.Тастандиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі Самат Айтбай «Үздік жас мұғалім» номинациясымен марапатталады. Әріптесіміз, яғни «Жаңа өмір-Новая жизнь» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Мақпал Сүйінбай «Үздік жас баспа журналисі» номинациясын иеленді. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің қызметкері Мырзатай Мекенбай «Үздік жас құқық қорғау саласының қызметкері», аудандық орталық аурухананың статистика бөлімінің меңгерушісі Ерік Қамбарбеков пен  1 санатты мейіраға Жәнібек Елеу «Үздік жас медицина қызметкері» атанды.
Еліміздің көк Туын жеңіс тұғырында желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүрген балуан Әбдінұр Нұрланбек те үздіктердің қатарынан табылып, «Үздік жас спортшы» номинациясының иегері болды.
Сонымен қатар, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар бөлімінің кітапханашысы Мөлдір Темірбаева «Үздік жас мәдениет қызметкері», Билікөл ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Шыңғысхан Аттоқыр «Үздік жас мемлекет қызметші», аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде мүгедектер мен ардагерлер секторының бас маманы Бақытжан Затыбек «Үздік жас әлеуметтік сала қызметкері», аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімі бастығының көмекшісі ДастанАязбеков «Үздік әскери жас», аудандық №7 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Берік Кайпов «Үздік құтқарушы жас» және №16 Жуалы колледжінің 3-курс білімгері Әділет Рзай «Үздік жас студент» номинацияларымен марапатталды.
Марапаттау рәсімінде жеңіске жеткен жастарды аудан әкімі Олжас Қаржауов құттықтап, алдағы уақытта жастардан жақсы жобаларды күтетінін, оларға әрдайым қолдау білдіретінін жеткізді. Жастарды аудан әкімі Олжас Қоржауов пен аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков марапаттады.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.